• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Ауесхан Д. ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІГІ

Ауесхан Д. ДӘУЛЕТКЕРЕЙ КӘПҰЛЫ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ СТИЛЬДІК ЕРЕКШЕЛІГІ

Кілт сөздер: әдебиет, поэзия, ақын, тіл, стиль.

Ключевые слова: литература, поэзия, поэт, язык, стиль.

Keywords: literature, poetry, poet, language, style.

 

Аңдатпа: Мақалада қазіргі қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Дәулеткерей Кәпұлының өлеңдеріне талдау жасалады. Өлең мәтініндегі бүгінгі таңда архаизмге айналып бара жатқан әдеби тіліміздің інжу-маржандары сүзіліп алынып, оларға түсінік беріледі. Сол арқылы ақынның стилдік ерекшелігі айқындалады.

Аннотация:  В статье аналируизится стихи Даулеткерея Капулы, выдающегося передставителя современный казахской поэзии, лауреат Международный литературный премии «Алаш». В тексте поэмы фильтруются и интерпретируются жемчужины нашего литературного языка, который сегодня становится архаичным. Таким образом, определяются стилистические особенности поэта.

Annotation: The article analyzes the poems of Dauletkerei Kapuly, an outstanding representative of modern Kazakh poetry, laureate of the International Literary Prize "Alash". The text of the poem filters and interprets the pearls of our literature language which today is becoming archaic. Thus, the stylistic features of the poet are determined.

 

Тіл – әдебиет үшін ең басты ұғым, ең басты құрал. Оның әдебиеттегі ең басты қызметі тіл біліміндегідей қарым-қатынас құралы емес, қалам иесінің ойы мен сезімін көркем жеткізу. Ақын не жазушы үшін тіл байлығының мейілінше мол болғаны маңызды. Яғни, қалам иесінің сөздік қоры бай болуа тиісті. Себебі, сөз – көркем шығарманың басты материалы. Сіз құрылысты кірпішсіз сала алмайтыныңыз, киімді матасыз тіге алмайтыныңыз сияқты шығарманы сөзсіз жаза алуыңыз мүмкін емес. Сөз болғанда  да көлденең жатқан көп көбік сөз емес, қалам иесіне керегі халық тілінің қазынасындағы ең бір шұрайлы сөздер. Ол сөздер әдеби тіл нормасына жататын болуы керек. Әдеби тіл – сұрыпталған тіл. Сол сұрыпталған тіл нормасындағы сөздерден ақын өзіне ең қажетін таңдап алып, оны ойында қорытып, өңдеп, қырлап, алмастай жарқыратып қолдануы керек.

Демек, ақынның не жазушының тілі шұрайлы, сөздік қоры бай болуы тиіс. Бұл қалам ұстаған әрбір жанға қойылар басты талап.

«Әлемге аты шыққан Жуанбаймын.

 Малға жарлы болсам да, тілге баймын» - деп келетін халық өлеңінде айтылғандай, қазақ тілге бай халық. Сол телегей-теңіз қазынаны игеру үшін қалам иесіне тынбай еңбектеу мен көп оқу керек. Әсіресе бұл талапқа бой ұсыну ХХІ ғасыр қаламгеріне аса қажет.

Әдебиет тарихы – ұлы сұрыптау алаңы. Әзір біздегі әдеби үрдісте жазылып-сызылып жатқан дүниелердің барлығы күні ертең сол сұрыптау алаңына барары даусыз. Сонда сол сұрыптау алаңынан тілі шұрайлы, ойы терең, образдары көркем, өзінше тың сүрлеуге түскен ақын-жазушылар ғана әдебиет тарихында қалары белгілі. Сол сұрыптаудан сөзсіз сүрінбей өте алар шығармашылығы бар қазіргі қазақ әдебиетіндегі маңдайалды қаламгергердің бірі – Дәулеткерей Кәпұлы. Олай деуімізге себеп – Дәулеткерей ақында біз жоғарыда айтқан ой тереңдігі, образ көркемдігі, тіл шұрайы және өзінше поэзия тілінің ерекшелігі сияқты критерийлердің барлығы да бар.

Ақын Дәулеткерей поэзиясының өзге қаламдастары шығармашылығынан бір ерекшелігі оның өлеңдеріндегі ұлттық нақышынан, сөз саптауынан айқын көрініп тұрады. Бұл ойыма бір дәлел келтіре кетейін, 2016 жылы Алматы қаласында «Жалғыз түп аршаны аңсадым» атты ақынның оқырманыдармен кездесу кеші өтетіні туралы ақпаратты әлеуметтік желіде көзім шалып қалды. Сол ақпаратты және оның астына жазылған пікірлерді оқып отырғанымда әлеуметтік желі қолданушысы: «Дәулеткерей Кәпұлымен кездесуге баратындарыңыз қолдарыңызға қазақ әдеби тілінің сөздігін ұстай барыңыздар», - деп жазыпты. Міне бұл кешке барам деушілерді қорқытып-үркіту емес, оның ақындыққа биік талап қойып, әдеби тіл нормасын қатаң сақтап, саф алтындай таза әрі бай тіліміздің жаршысы болуынан деп ой түйдім.

Ендігі кезекте Дәулеткерей Кәпұлы поэзиясында көрініс тапқан кешегі қазақтың ұлттық сөздік қорынан ең бір інжу-маржандарын, бүгінгі таңдағы «жаңа қазаққа» көнеріп бара жатқан архаизм сөздердің біразының астарына үңіліп, оқырман қауымға түсіндіріп көрелік:

Шалдардың соғып күлтөбесіне,

Жамбастап аз-кем жатайын.

Апаманың соғып құрт өресіне,

Жарманың дәмін татайын, –

деген бір шуақ өлеңнің өзінде «өре» және «жарма» сөздерін бүгінгі қазақтың жас оқырманының бірі білсе, бірі білмейді [4, 32].

Әртүрлі өндірістік тәсілдермен жасалған сүт өнімі – құртты халқымыз күнделікті жеп жүр. Бірақ өре мен жарманың не екенін тұрмысында көрмеген соң ұмытты. Онысы үшін оларды тағы кінәлай алмайсың. Қазақ отырықшылданып, байырғы салтанатты көшпенділігінен қол үзгелі де біраз уақыт өтті. Сол себепті де оларға «өре дегеніміз – жаңа сүзілген құртты бөлшектеп-бөлшектеп кептіру үшін арнайы күн астына ағаш материалдан жасалған құрал. Ал жарма дегеніміз – құрттың бір сорты. Күзгі уақытта малдың сүті әбден қойылған мезгілде пісілген іркіттен қайнатылған құрт. Ол өзге құрттардан жұмсақ әрі дәмді болады» - деп әбден түсінік беруге тура келеді.

Бұл арада оқырмандарда мынадай ой туындамауы керек. Егер ақын поэзиясын түсіну үшін үнемі сөздікпен жұмыстау керек болса, біз бір оқып ұғына алмасақ ондай өлең не үшін жазылуы керек деген жаңсақ ой болмауы тиіс. Поэзияда бұндай ұлттық лексиканың болуы біріншіден, біздің әдеби тіліміздің шұрайлылығы үшін керек. Екіншіден, қазіргі жаһандану ғасырында өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтап қалуымыз үшін бізге осындай ұлттық нақыштағы поэзия әбден қажет. Үшіншіден, қанша жерден байырғы тұрмысынан, мәдениетінен түрлі себептермен алшақтап қалса да қазақ түбі бір қайта айналып осы болмысын іздейді. Себебі бұл ұлттың генетикалық жадында сақталған ақпарат. Ол ақпарат белгілі бір уақыттарда қайта жаңғырғанда қазақ өз болмысын өзі қайта іздеп табады. «Рухани жаңғыру» деп біз күнде желеулетіп, ұрандатып айтып жүрген дүниеміздің астарында осы қазақтың генетикалық жадын ояту жатыр.

Қазақ жылқы малын «төрт түліктің төресі» деп ерекше қастер тұтқан халық. Оның себебі де жоқ емес. Тарихқа үңілер болсақ, халқымыздың күллі өмірі осы бір түлікпен тікелей байланысты болған. Арғы ата-бабаларымыз – сақ, ғұн, түркілер атқа қонып, қолына қару алғанда төрткүл дүниені аяғынан тік тұрғызған. Кейін келе қазақ ұлт болып ұйысқан кезеңде де қазақ ат үстінен түспей елін сыртқы жаудан қорғап, биенің сүтін ішіп сырқатынан сақайып отырды. Кейінгі мамыражай күндерінде де жылқыдан алыстамады. Бәйгеге жүйрік баптап, сұлу жүрісті жорға мініп, көкпар тартып, аударыспақ ойнап, салтанатты ғұмыр кешіп жатты. Осы аталғандардың біразын көріп, барлығын дерлік оқып біліп, жадына түйіп өскен Дәулеткерей ақынның шығармашылығында да осы жылқы түлігіне тікелей қатысты біздің ұлттық тіліміздің жауһарлары кестеленген.Ақын мына бір жыр үзігінде:

Алшағыр күн алаңсыз алшаң басқан,

Қоя салар атыңды қаңтармастан[4, 50], –

деп қазіргі қазақ тілінің қолданыс аясынан шығып бара жатқан қаңтару етістігін келтіреді. Қаңтару – жылқы малына қатысты қолданылатын етістік. Жылқы малының жайылып қоймауы үшін ауыздықталған жүгенінің тізгігін шоқтыққа түйіп не ердің қасына іліп қоюды қазақтар қаңтару деген.  Қаңтарудан бөлек ақын осы бір өлеңінде жылқыға қатысты біз есімізден шығарып алған тағы бір көнеру алдындаы сөзді оқырманмен қауыштырады.

...Қазомырауын тіктеген шұбар аттың,

Шылбырындай сусырсың бір күн жалған [4, 50]!

Мұндағы шылбыр сөзі аттан түскен кезде ат қашып кетпеуі үшін ұстап отыратын қайыстан жасалған қысқарақ арқан. Бұлардан өзге ақын жырында «бәсіре» деген сөз кездеседі.

Бәсіре жырым бұла тай,

Қасиет тегің қамбарда.

Кенежиренді Жұматай,

Кеңсайға кетіп қалғанда[4, 11], –

деген жолдардағы бәсіре сөзін бүгінгі оқырманның көбі түсінбей жатады.

Бәсіре дегеніміз – енді атқа мінеді-ау деген ұл балаларға 4-5 жастарында ағайын туыстарының, нағашы жұртының атайтын тайы. Ақын жырындағы тағы бір оқырмандарға түсініксіз болуы мүмкін сөз;

Мен – құранды ердің қапталы ем,

Қайыңнан қақтай шабылған[4, 114], –

деген жолдардағы қаптал сөзі. Қаптал дегеніміз – атқа салатын ердің ат арқасына тиіп тұрар ағаш бөлігі Қаптамен бірге ақынның «Тамыр» деп аталатын осы бір ұзақ толғауында қазақ тілінің ұлттық нақышын танытатын «төс айыл» деген сөзі кезігеді:

Төс айыл қатты, ер батты,

Тағдырым тоқсан толғатты[4, 116]., –

деген өлең жолындағы бұл «төс айыл» сөзі ерді ат арқасына бекіту үшін қайыстан өріліп жасалатын құралдың алдынғысы. Аттың төсінен тартылатындығы себепті төс айыл деп аталады. Ақын жырларында міне осы сияқты ұлттық нақыштағы сөздер мен сөз оралымдары көптеп кездеседі.

Тағалы ат мінсем, таймас табаным,

Сетер ат мінбей той бастамадым[4, 124], – деп келетін өлең жолындағы «сетер» сөзі әдейілеп бағып, баптаған жылқының жақсысы деген мағына береді.

Қазақ тұрмысында аттың сетерін жақсылыққа, той-томалаққа мінген. Бұл да болса біздің ұлттық болмысымыздан хабар береді. Дәулеткерейдің осы өлеңінде «сетер» сөзінен басқа «таң асыру, көбеңсу, отқа қою, шідер, тісеу, қысырақ, керме» сияқты жылқы малына қатысты бүгінгі қазақ ұмытып бара жатқан сөздерді ұшыратуға болады. Бұндағы «таң асыру» – ұзақ жолдан келген не бәйгеге қосылған жылқыны ыстығы басылғанша бір таң жайылымға жібермей байлап қою болса, көбеңсу – жылқы малының бабынан тайып сәл семіріп кетуін білдіретін ұғым. Отқа қою – жылқыны жайылымға жіберу деген сөз. Ал шідер – міністегі ат маңайдан ұзап кетпес үшін жылқының алдынғы екі аяғын, артқы оң аяғына қосып салатын бекіту құралы. Тісеу – жылқыда жаңа тіс шығу. Бұл көбіне жылқының құнан жасында болады. Қысырақ – жаз шығып, бие құлындап болған кезде қысыр қалған биелерге бқлек айғыр сап, өз алдына бір үйір етілген топ жылқы. Ал ақын жырының;

Құйындай соғып көлденең жолды,

Бәйгеден келсем, кермеде ел көрді[4, 125], –

деген өлең жолдарындағы «керме» сөзі бәйге аттарының алдынан керілген арқан деген мағынаны білдіреді

 Елдің көзінше бәйгеде керілген кермені қай ат бұрын кеудесімен соғып өтсе, сол талассыз жүлдені алған. Міне осындай біздің ұлттық ерекшелігімізді танытатын сөздер Дәулеткерей Кәпұлы поэзиясынан көптеп кездеседі. Ол қазақ сөзінің құтқарушысы іспетті. Ел есінен шығарып бара жатқан халқымыздың сөздік қорындағы ғажайып сөздерді қайыра оқырман қауымның есіне салып отырады. Сол арқылы өз оқырманын туған халқының тұрмыс-тіршілігімен танысуға, салт-дәстүрін білуге жетелейді.

Дәулеткерей Кәпұлы шығармашылығында жылқымен қатар түйе түлігіне де қатысты әдеби қолданыстар кезігеді. Қазақ поэзиясында ойсылқара тұқымына қатысты біз ұмытып бара жатқан төл сөздерімізді белгілі ақын Есенғали Раушанов шығармашылығы бір қайыра еске салғаны баршамызға мәлім. Сол Есенғали ағасындай «ат тағалап, атан қомдап ер жеткен» Дәулеткерейдің де өлеңдерінде бес түліктің ішіндегі осы түлікке қатысты сөздер мол. Енді солардың бірнешеуіне мысалдарымен бірге тоқтала кесейік:

Мен – боз бураның ботасы ем,

Бұйырғынын сағынған.

Аруана жұртым ар жақта,

Тағдырым қаққа жарылған[4, 115], – деген сияқты өлең жолдарын ақын түйе түлігімен байланыстыра отырып көркем бере алған.

Өлең жолдарында кездесетін ойсылқара тұқымына қатысты бота, бура, аруана, бұйырғын сөздерінен біз тек ғана ботаны білеміз. Ал қалғанын көбіміз біле бермейміз. Бұл жердегі бура сөзі – түйенің үйірбасы еркегі, аруана – боталы інген. Бұл туралы:

Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп,

Қаралы мойын қайтадан артқа бұрмастай халге келтіріп... –

деп келетін жолдар қазақтың ғажайып ақыны Төлеген Айбергенов шығармашылығында да кездеседі.  Ал «бұйырғын – шөлді, құмдауыт жерде өсетін түйе жейтін өсімдіктің бір түрі» [2. 132].

Өсімдік дегеннен шығады, Дәулеткерей шығармашылығында қазақ даласында өсетін, атауында қазақ тілінің ұлттық бояуы бар бірнеше өсімдік атауы да кездеседі. Көбіне-көп ақын поэзиясына Алтай тауларының флорасы арқау болған.

Ай, сен тауыңды қалқан еттің,

Тау, сен ақыныңды арқалы еттің.

Мен екеуіңді де сағынатын болдым ғой,

Аңқымасы еспесе арша беттің[4, 112], –

деген өлең жолдарында арша өсімдігінің атауы кездеседі.

Арша – Алтай тауларыында өсетін қой иісті өсімдік түрі. Оны қазақтар кейде дәрі ретінде де пайдаланған. Көпшілік орындарда қош иісі үшін жуынатын суға салып қоятын болған және де оны тұтату арқылы да пәле-қаладан аластау үшін пайдаланған. Ақын жырында кездесетін:

Алтай, сені көргенде әз жүрегім ән салды.

Жұпар иісін сағындым, тұтатайын аршаңды[4, 160], –

деп келетін өлең жолдары ойымызды растай түседі.

Өзгермесе осы қалып, осы рең,

Көңілімді көне жұртқа көшірем.

Ерлер өссін, ермен өссін жұпарлы

Аңқамызды ашатұғын хошымен[14, 14], –

дегендегі ермен – Алтай тауларында өсетін жусан текті хош иісті шөп атауы. Осы сияқты біз біле бермейтін біздің ұлттық лексикамызда бар сөздерақын шығармашылығында көптеп кездеседі.

Автордың келесі бір өлеңінде Алтай тауларында өсетін ырғай және тобылғы сияқты ағаш өсімдік атаулары кездеседі.

...Өзегі жоқ сол ағашқа үңілем,

Ырғай барда тобылғының құны кем.

Қатқан күйі майыспайтын, сынбайтын,

Тек бұралып шытынайтын діңінен [5, 93].

Өлең жолдарында аталатын бұл екі ағаш өсімдікті де қазақ халқы ерте кезден қамшыға сап ретінде тұтынып келген. Себебі, бұлар өте берік ағаштар, олар сынып кетпейді. Ел аузында кездесетін «тобылғы торы ат мініп, тобылғы сапты қамшы алып» немесе «ырғай сапты қамшы ұстап» деген сияқты сөздер осы өсімдік атаулармымен байланысты. Біз ұмытып бара жатқан осы сияқты дүниелерді қайыра еске салып отыратын Дәулеткерей Кәпұлы поэзиясы ұлттық ерекшеліктерге бай. Сонысымен де өзгеше құнды.

Дәулеткерей жырларында кездесетін бүгінгі біздің буын біле бермейтін тағы бір өсімдік атауы – жыланқияқ.

Зар шегетұғын...

Жас жүрегімнің шығарды қанша ел өкімін?!

Көшпенділікке жоқтықтан өшпенділігім,

Жыланқияқы жинап ап қамшы өретінім [4, 119], – дейді.

Бұл жердегі жыланқияқ – қияқ шөптің бір түрі. Ол Алтай тауларының кей аймақтарында өседі және дәмі ашы, өзі таспа тәрізді жалпақ әрі ұзын келеді. Сол себепті де балалар онымен қамшы өріп, түрлі әшекей жасап ойнайды. Туған жерін сағынған ақын да сол күндерін осы бір өсімдік атауымен байланыста еске алады.

Жалпы алғанда Дәулеткерей Кәпұлы поэзиясындағы лексика ұлттық ерекшеліктерімен оқырманын бірден баурап алады. Ақын шығармашылығында қазақ халқының сөздік қорында бұрыннан бар бола тұра бүгінгі қазақ жастары ұмыта бастаған, тілімізде архаизмге айналудың алдында тұрған сөздерді тәуелсіздік дәуірінде қайта жаңғыртып, оқырмандарымен қауыштырады. Бұндай сөздердің көпшілігі қазақ халқының өткен ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігінен, мәдениетінен, салт-дәстүрінен хабар беріп тұрады. Дәулеткерейдің поэзиясы тілінен ата қазақтың иісі аңқып тұрады.

Міне осындай ерекшеліктерінен біз Дәулеткерей Кәпұлы поэзиясының стилін тани аламыз.

 

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1. Егеубаев А. Сыр мен сымбат / А.Егеубаев. – Алматы: Жазушы, 1981. –

224 б.

2.   Axмeтoв З. Өлeң cөздiң тeopияcы / З. Ахметов. – Өcкeмeн: Бepeл, 2016. – 224 б.

3.   Дүргінбайұлы Қ. Рухани келбет. Моңғолия қазақтарының әдеби-мәдени анықтамалығы / Қ.Дүргінбайұлы, Б.Ердембеков. – Өскемен: Берел, 2016. – 155 б.

4.   Кәпұлы Д. Бөрісырғақ. Жыр кітабы / Д.Кәпұлы. – Алматы: ХанТәңірі, 2014. – 286 бет.

5. Кәпұлы Д. Сүтті іңір. Лирика / Д.Кәпұлы.– Алматы: Арда, 2007. – 104 б.

 

СЕЙПУТАНОВА А.Қ., АУЕСХАН Д.

 

«Еуразиялық вектор қазіргі заманның дәстүрі мен мәдениеті» атты Халықаралық ғылыми-практиқалық онлайн конференция материалдары, 29-30 қазан 2020 ж. - Нұр-Сұлтан: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ баспасы, 2020. - 281-286 б.

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …