• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Рахатова Ж. Т. ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ШЕБЕРІ Мұқаметбек Сайлан ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНАУИ БАҒЫТЫ

Рахатова Ж. Т. ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ШЕБЕРІ Мұқаметбек Сайлан ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНАУИ БАҒЫТЫ

Мұқаметбек Сайлан - қазақтың ұлттық дәстүрлі бұйымдарын жасауды жалғастырушы, қолөнерге заманауи белес қосқан жас шебер. Заманауи үйлесімділікпен ұлттық ою-өрнекті өз бұйымдарында қолданып, жаңғыртып жүрген шебер.

 

Халықтық сәндік-қолданбалы өнерді Шығыс Қазақстан облысы халықтары материалдық және рухани мәдениетпен ұштастыруда.  Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығы халықтық қолөнерді жандандыруда үлкен жұмыс атқарып отыр.

Шығыс Қазақстандағы сәндік-қолданбалы өнердің шеберлері халықтық өнерді, мәдениетті және дәстүрлерді байланыстыра отырып жалғастыруда, өлкенің ежелгі қолөнерін жандандырып, көздің қарашығындай сақтап келеді. Шеберлеріміздің ұлттық, аймақтың тұтастығы негізінде атқарған істерінде көпқырлылық жатыр. Олар өз аймақтарының қолөнерін сақтап қана қоймай, оларды шынайы шығармашылық ізденіспен дамытып,  бұйымдардың әрқайсысына жаңа леп беріп, өзгерістер енгізуде.

Қазақ халқы күнделікті тіршілігіне керек заттарды өз қолдарымен жасаған. Жасаған заттарын әдемілеп, ою-өрнекпен әшекейлеп отырған. Бұл өнер түрі – қолөнер.  «Өнер көзі – халықта» демекші, халық қолөнері ғасырдан-ғасырға, жылдан-жылға дамып, заманауи өзгеріспен жетіліп келе жатыр.

 Академик М. Қаратаев «Әсемдікке үйреткен ұстаз» атты кітабында тұс киіз, кілем, оюлы текемет, сүйікті өнер – міне осы өнердің бәрін халық жасағандығын, халықтың әсемдікті сүю сезімі, талғамы осы өнерде бейнеленгенін айта келіп: «Өнердің халықтық арғы негізінен қол үзбеу керек, себебі өнердің өшпес шын мәніндегі халықтікі ғана, жақсы талғамы, өміршендіктің өшпес әсемдіктің кепілі болып табылады» - деді. Демек, халықтың өзіндік ерекшелігін бейнелеген өнер жастарға әсемдік тәрбие берудің құралы бола алады. Қазақтың ұлттық бұйымдарының түрлері: киіз, тұскиіз, текемет, сырмақ, қоржын, алаша, аяққап, тұтқыш, ою - өрнек, құрақ құрау, т.б..

 

Бұл бұйымдар аталған кезде мынадай өлең жолдары ойыңа оралады:
Қолөнер құрақ құрау, ою - өрнек,
Атты баптап, ер тұрман, қамшы өрмек,
Салт - дәстүрі ешкімге ұқсамаған,
Қазақта ғой байлаған жіпті күрмеп.
Қазақта қолөнердің кереметі,
Оюлап шығарған сырмақ пен текеметті.
Қандай шебер, қазақ қыздары, айтыңдаршы,
Құрақты, оюлауды дөңгелетті...

 

Осы ерекшеліктерді бойына сіңірген, он саусағынан өнер тамған, қазақтың ұлттық дәстүрлі қолөнерін жаңғыртып жүрген, ұлттық қолөнер бұйымдарының шебері - Мұқаметбек Сайлан. Сәндік-қолданбалы өнер шебері, қазақтың ұлттық дәстүрлі қолөнерін жаңғыртып келе жатқан жас шебер Мұқаматбек Сайлан, 1975 жылы сәуір айының 20 күні ҚХР Қаба ауданында дүниеге келген. Қаба ауданының №1 орта мектебінде оқып, мектепті 1999 жылы бітірген. 2004 жылы «Далян» университінде оқып, «Кәсіптік оқыту» мамандығын алған. 2010 жылы отбасымен ата мекені Қазақстанға қоныс аударған. (сур.1 шебер С. Мұқаметбек) Суреттен көріп тұрғандарыңыздай «Ұлттық домбыра» күніне арналған мерекелік іс-шараға арнайы қатысып, өзінің ұлттық нақышта жасалған бұйымдарымен таныстыруда.

Сайланда нағашы әжесі мен анасынан дарыған туа біткен дарын басым. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» - демекші, анасы қолөнердің көптеген түрін жетік менгерген екен. Жастайынан анасының шеберлігіне қызыға қарап, текемет  бетіне түрлі түсті ою - өрнек басуды, тұскиізді безендіріп, әшекейлеп кесте тігуді үйренген.

Алғашында Сайлан бұйымдарды тігуге арналған материалдарды Қытай елінен алдыртып тұратын еді, кейін осы жерде де сапалы материал тауып бұрынғыдан да көп іс тіге бастаған. Шебер ең алғаш 1997 жылы 9-сыныпта оқып жүрген кезінде  кітап салатын дорба жасаған. Қазір қыздарға арналған әртүрлі формадағы сөмкелер мен қалташалар тігіп, оның сыртын әдемі ою-өрнекпен кестелеп тігеді. 2004 жылы «Далян» университіндегі оқуын бітірген соң ісмер шеберханасын ашып, ауыл қыз-келіншектерінен тапсырыс алып, қазақтың ұлттық киімдерін  тіге бастаған. Сол уақыттан бастап үш жыл бойы шәкірт тәрбиелеп, оларға кесте тігуді, ою сыруды үйреткен. Ал кейін, 2011 жылдан шәкірттеріне қолөнерге үйретуді үйден жалғастырған. Сол кездегі тапсырыстың көбі қыздарды ұзатқанда беретін тұскиіз, алаша, сырмақ, құрақ көрпелер болған екен. Бұл тапсырыстардың бірден ұлттық нақышта тігілуіне ерекше мән берген. Сайлан қазіргі таңда «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша,  Ұлан ауданы, Гагарино ауылындағы, «Гагарино» орта мектебінде «Технология» пәні мұғалімі болып жұмыс жасайды.

Ол кез-келген бұйымды тігу үшін, ең алдымен оның сызбасын дайындап және ою-өрнектерін сәйкестендіріп, содан кейін түстерінің үйлесімділігіне көңіл бөледі. Бұйымдарында түрлі-түсті түстерді көп қолданады. Шебердің әр бұйымында бірден көзге түсетін ерекше әдемі рең бар. Жас шебер болса өз бұйымдарында әр түстің үйлесімін таба білген. Кесте өнерінде қызыл, жасыл, көк, сары және т.б. көзге түсетін түстерді қолданады. Аппликация техникасымен жасалған көрпешелерде матаның сапасына қатты мән береді және ою-өрнектің жиектерін міндетті түрде тоқыма баумен немесе кестемен әсемдейді. Қазақтың ұлттық дәстүрлі қолөнерінің бірнеше түрін қатар алып жүргендіктен, бұйымды жасарда іс-тәжірибесіне өз қиялын,  әдемі ойларын қосып, шабыттана іске кіріседі.

Әр оюдың өз атауы және мағынасы бар, оның бір-бірімен үйлесімдігін табу оңай іс емес. Қазіргі көп қолданатын ою, ол- «қошқар мүйіз». Шебер «қошқар мүйіз» оюынан басқа да оюларды жиі қолданады, мысалы «құс қанаты», «қолтық ою», т.б. «Құс қанаты» оюының мағынасы «Ұшқан құстай еркін қанат қағып, бақытты болыңдар!», - дегенді білдіреді. Ал «Қолтық ою» оюының мағынасы  «Қош келдіңіз! Өз үйіңіздей көріңіз!», - деген қошемет белгісін көрсетеді екен. Осындай ақ тілектерді білдіретін ой түрлерін шебер арнайы қыздардың ұзатылу тойына арналған жасауларына жиі қолданады.

Бүгінгі күні қазақтың ұлттық қолөнерінің бірнеше түрін меңгерген жас шебер Мұқаметбек Сайлан (біз кесте, ши тоқу, киіз басу, алаша тоқу, құрақ құрау) - дәстүрлі қолөнерді жалғастырып, жас ұрпаққа үлгі болып отырған сәндік-қолданбалы өнер шебері. 2017 жылы өткен «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне облыстық этнографиялық музей-қорығының атынан қатысты.  Осы уақыттан бері көптеген көрмелерге, Алматы, Тараз, Семей қалаларында өткен  шеберлер конкурсына қатысып жүлделі орындарға ие болып келеді. Шебер өзіне елімізде ғана емес, сондай ақ шет елдерде де танымал  Қожамжарова Г.Д. (Катон-Қарағай ауданы), Сұлтанова З.Д. (Семей қаласы),  және Тәшімова Н.Р. сияқты шеберлерді үлгі тұтадады.

Сұқбат барысында Сайланның белгілі облыс шеберлерімен танысып, тәжірибе алмасып, сүйікті қолөнерін заманауи бағытта дамытып жүргенін білдім.

- «Қазақтың ұлттық бұйымдары ішінен қай қолөнер бұйымын брент санауға

болады ?» - деп сұрадым.

«Сырмақ пен текемет. Және де оны  көп ұзамай брент ретінде шет елдерге

шығару керек», - деді шебер.

- «Болашақтағы қазақ өнері туралы не айтар едіңіз?», – дегенімде,

- «Менің ойымша жастар қолөнерге өте қызығады, қазіргі кезде ұлттық нақыштағы  өрнектелген  киімдерді тігетін отандық дизайнерлер көп, сол қатты қуантады. Мен болашақта қазақтың ұлттық дәстүрлі өнерін жас ұрпақ санасына сіңіріп, жастарға қолөнерім арқылы қоршаған шындық болмысының сәні мен әсемдігін танытқым келеді.  Шәкірттеріме заманауи бұйымдар жасауды үйретіп, бойындағы қолөнер іс-әрекеттерінің барысында эстетикалық мәдениетін қалыптастырғым келеді», - деді шебер.

- «Әр бұйымға жан бітіретін негізгі көркемдік тәсіл – ою-өрнек жүргізу», - деп ойын жалғастырды. Сондықтан да шебердің ең жанына жақын сүйікті ісі, ол - ұлттық ою-өрнек салу екен.

Қазақ қолданбалы өнерінің басым түрі – киіз басу, шығармашылықтың басқа түрлеріне қарағанда халқымыз етене жақын. Киіз бұйымдарының үй шаруашылығында алатын орны бөлек. Киізден жасалатын заттар өте көп, оны дайындау әдістерінің алуан түрлілігі, көркемдік ерекшелікке бай екені таңғалдырады. ХХ ғасырдағы киіз өнімдерінің бейнелі құрлымында сақталған. Оның жасалатын түрлері; сырмақ, текемет, жайнамаз, керегенің үстінен жабылатын туырлық, уықтың үстінен жабылатын үзік, шаңыраққа жабатын түндік, есік жапқыш, қоржын, аяққап және т.б. көптеген бұйымдар. Киіз жеңіл әрі жұмсақ материал болғандықтан, жаңбырды өткізбейтін, ыстық пен суықтан қорғайтын табиғи қасиеттерге ие. Көшпелі өмір салтында үй тұрмысына қажет заттарды жасауға таптырмас қолайлы материал болып табылады. Сырмақ жасалу техникасына қарай бірнеше түрге бөлінеді: нақышты құралған, оюы бастырылған, сырылған және бірнеше әдісті қатар қолданып жасалған. Сондай-ақ ою-өрнек басып сәндеген құрақ сырмақтарда жасаған. Дәстүрлі таным бойынша үйде міндетті түрде киіз бұйымдар болу керек, олар құт-береке, молшылық, баршылық әкеледі деп сенген.

Міне, осыны ескерген Сайлан болса киіз басуды жастайынан үйренген, қазірде ол сырмақ, сырмақша, бөстек заттарын жасап жүр. Шебер соңғы кезде бұйым жасауда киізді өте көп қолданады. Бұл интерьер сәнді кілемшелерден, әйелдерге арналған акссесуардан және бижутерийлерден, кәдесыйлар мен ойыншықтардан және басқа да көптеген заттардан тиісті орнын алған.

Тұскиіз - сәндік үшін төсектің тұсына ұстайтын үй жиһаздарының бірі. Оны жасау үшін нығыз басылған жұқа киіз таңдалып алынады. Шебер тұскиізді безендіріп, әшекейлеу үшін түсті барқыттар, жібек, шұға т. б. маталардан бетіне ою - өрнектер тігеді. Ал, текемет - бетіне түрлі түсті ою - өрнек басылған киіз. Ол оның бетіне жүнді бояп, ою - өрнек жасап, киіз басқан әдіспен басады.

Сайлан қазіргі заманғы әртүрлі технологияларды пайдаланып, атап айтсам, киізді сан түрлі фактуралармен және материалмен: жібек, мақта, терме өрмегінің тәсілімен тоқылған  түрлі-түсті бауларды үйлестіре отырып ерекше бұйымдар жасап жүр.

 

Шеберіміз мынаны әркез есінде ұстайды:

Қазақ халқының сәндік-қолданбалы өнерінің ең көрнекті де танымал түрінің бірі, «кесте» - «салынған сурет» дегенді білдіреді. Халқымыздың  кесте өнері көшпелі өмірдің ықпалында, көбінесе ауыл шаруашылығымен айналысқан кезде дамып отырған. Кесте тігумен тек әйелдер ғана шұғылданған және ол халық арасында кеңінен тараған. Кесте тігудің әдістері мен құпиялары анадан қызына мирас етіліп тапсырылып отыратын болған [2, 29-б]. Көркем тігін тігудегі ісмерлікті қалыңдық болған қыздар міндетті түрде меңгерген. Кесте тігуде қолданылатын дәстүрлі материалдар ретінде әдетте мал шаруашылығы өндірісінің өнімі – киіз, былғары, жүн маталар, сол сияқты шеттен келетін – барқыт, шыт, пүліш, шибарқыт қолданыста болған. Кесте тігуде жүн, жібек, мақта жіп, алтын, күміс жіп пайдаланылған.  Қазақ кестесінің негізгі техникасы – бізбен немесе инемен кестелеу.

Бүгінгі күні де кесте халық сүйетін, халық өнерінің кең тараған саласына жатады. Кесте өнерінің өміршеңдігі – оның терең дәстүрлілігінде, қайталанбайтын бояу-өрнегінің ерекшелігінде, көркемдігі мен орындалу әдісінің қарапайымдылығында. Қазақтың кесте тігудегі ұшан-теңіз бай дәстүрлі қазіргі заманның кәсіпқой суретшілерінің шығармашылықтарында дамуын жалғастыруда.  

Кесте - қазақ елі аумағында кестелеу дәстүрі ХIII ғасырдың өзінде бастау алады. Сайланның бізбен кестелеп тігетін заттар қатарына жайнамаз, киім-кешек, басқұр, тұскиіз, шымылдық, жастыққап және т.б. бұйымдар жатады. Шебер әр түстің үйлесімдігін ерекшелеу үшін мақта жіп пен синтетикалық жіпті қолданады.

Ал қазір Сайлан шебер дәл осы шиді өріп, әртүрлі көлемді және оюмен өрнектелген заманауи интерьерлік  панноға айналдыруда. Ол өз шығармашылығын ұштайтын мына жағдайды естен шығармайды:  ертеден келе жатқан қолөнерлердің түрі, қазақтардың өмірін шисіз (қамыс) елестету мүмкін емес еді.  Ши тоқу үшін дала қамыстарын жинаған. Ол үшін алдымен қамысты ажыратып, тоқып иірілген (ұршықпен) жүннің түрлі-түсті талшықтарын алып фондық суретке сәйкес әсемдейді (шиге орайды).  Кейін оларды біріктіру арқылы кілемге ұқсас керемет үлгісі шығады.  Шым шимен киіз үй керегесінің шарбақтарын қаптаған (құрт-құмырсқа кірмесін деп), сондай-ақ жаздың күні есіктің ішкі жағын жауып қойған. Жүнді тазалау, кептіру үшін сырмақ сырғанда да қолданған. Сондай-ақ құрт, сүзбе кептірген. Киіз үйдің ішкі безендірілуі шым ши арқылы құрылған, ең бастысы суық мезгілде ішін жылулау үшін қолданған. Шеберлердің киіз үй ішін безендіру әсемдік дәстүрі дамып, қазіргі таңда өрнекті ши төсеніштер мен паннолар жасаумен жалғасын тауып келеді. Шым ши тоқу қазіргі сәндік-қолданбалы өнер шеберлері заманауи бағытта жаңғыртып жүр.

Шимши – шиден өру ежелгі қазақ халқының қолөнері болып табылады. Қазақтардың өмірін шисіз елестету мүмкін емес. Өре ши (қарапайым) - тағамдарды кептіру үшін де қолданған. Шабақ ши – түрлі-түсті (мақта жіп, тоқыма жіп) ою-өрнекпен әсемделген. Тармақты және геометриялық ою-өрнектермен нақыштайды (сур.2, нв 14-9249).

Мұқаметбек Сайлан жыл сайын болатын ШҚО сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің дәстүрлі көрмесіне қатысады. Көрме соңында  музей-қорықтың қорына сыйға тапсырған бұйымдары, ол жастықтыс (сур.3, КП 82-38157). Жастықтыс төртбұрышты, қара түсті велюр матасынан тігілген. Ортасында  үш үлкен гүл (сегіз және алты жапырақты) кестеленген (қызыл түсті) әр гүлдің ортасында сары түсті аталық және жасыл жапырақтары бар. Төмен қарай  ирек шеңбер, гүлді өсімдік өрнектері кестеленген. Жастық тысының жиектері жалпақ ақ-қоңыр, фабрикалық баумен жиектелген. Өлшемі: 57 х 57 см.. (бұйым арнайы халықаралық көрме үшін тігілген, 2017 ж.). Жастықтыс (сур.4, КП 82-38158) қара түсті велюрден тігілген. Негізгі бөлігінде қызыл түсті гүл кестеленген, айналасы өсімдік ою-өрнегі біз кесте техникасында кестеленген. Жастық тысының жиектері жалпақ ақ-қоңыр, фабрикалық баумен жиектелген. Өлшемі: 57 х 57 см. (бұйым арнайы Халықаралық көрме үшін тігілген, 2017 ж.).

Облыстық музей-қорықтың халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімі мереке күндері қала шеберлерінің қатысуымен көрме-жәрмеңке ұйымдастырылып тұрады. Мұқаметбек Сайлан арнайы сол жәрмеңке немесе шеберлер конкурсына қатысу үшін, кәдесыйлық заттарды, фетр материалынан (бау, үлбір, жылтыр т.б. заттарды да қолданып) киіз үй, түйе, кішкентай дорба, тұғыр, тұтқыш сияқты заттарды тігеді. Ол 2019 жылы қолөнершілердің «Алтай базары» атты облыстық фестиваль-конкурсына қатысып жүлделі болды. Алматы қаласында өткен «Шебер» атты Қазақстан Қолөнершілер ұйымы ұйымдастырған конкурсқа қатысып «Қолөнердің дамуына жылдар бойы қосқан үлесі», - үшін деген сертификатпен марапатталды.

Қорыта келгенде: қазақтың дәстүрлі қолданбалы өнері тарихи-пәлсапалық мазмұнының ауқымдылығы және тереңдігімен, алуан тірлілігімен ерекшеленетін көркем құбылыс. Халық шеберлерінің ерекшелігі – материалға қүтіммен қарап, оның табиғи қасиетін түсініп, аз ғана құрал-сайман пайдалана отырып оларды көркемдеп құбылту қабілеті [1, 125-б.] Тағы бір ерекшелігі – бір шебердің бірнеше қолөнерді жасай алуы.  Бұл ерекшелік кейіпкеріміз Мұқаметбек Сайланға әбден тән. Шебер түрлі-түсті әсем бұйымдарды бірыңғай түсті заттармен араласып, нақышты-реңді ырғақ туғызады. Барлық жасалған қолөнер бұйымдары көркем сәнделіп әр шаңырақтың төрін әсемдеп, жылулықты сыйлайды. Қазақтың салт-дәстүрін сақтана қоршаған заттарға материалдық және эстетикалық құндылық қана деп қарамай, көбіне оларды киелі деп ұғынады.

Ұзақ уақыт бойы көркемдікке құмарланып, көңілінен шыққан бұйымдарына сүйсіне, ой елегінен өткізу нәтижесінде қалыптасқан әсемдікке құштарлық оны алға жетелеуде. Сайлан бойынан халықтың дүниетанымын, эстетикалық ой-өрісін көрсететін дәстүрлерге деген тұрақтылық, бұлжымайтын қағидалар, сонымен-қатар көркемдік қиялдың уақыт ағымына сай жаңа реңге боялып, заманауи өзгеріп отыруы  сақталып келеді.

Жалпы көптеген ғалымдар қазақ ұлты «оюлар әлемінде» өмір сүреді деп айтады. Оюдың бір ғана түрінің өзі мәденеиетіміздің бай, әрі әдемілігін көрсетеді. Міне, осы өшпес байлығымыз бен әдемілігімізді дәріптеп жүрген, жаңалыққа жаны құмар заманауи шебер - Сайлан Мұқаметбекқызының бізге берері мол.

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі

 

  1. Ш.Ж. Тохтабаева. Ұлы Дала жауһарлары. Серия «Культура и искусство». 2008 – 240б.
  2. К.Н. Раимханова, А.А. Мекебаева. Народные промыслы и ремесла казахов. 2003 – 108б.

 

Рахатова Жадыра Тоқтарбекқызы,

халықтық және сәндік-қолданбалы

өнер бөлімінің

ғылыми қызметкері.

ШҚО Өскемен қаласы

Шығыс Қазақстан облыстық

сәулет-этнографиялық және

табиғи-ландшафттық музей-қорығы

 

 

Кастеевские чтения-2021. «Пространство культуры и историческое сознание»: материалы научно-практической конференции, Министерство культуры и спорта РК, Государственный музей искусств им. А. Кастеева. – Алматы, 2021

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …