• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Құмарова Б. Бұл дүниеде әр адам із қалтырғысы келеді

Құмарова Б. Бұл дүниеде әр адам із қалтырғысы келеді

Әубәкіровтар әулеті XIX ғасырда Қазан қаласынан Зайсан өңіріне қоныс аударған екен. Әулет отағасы Шәкер ақсақал мен ошақ анасы- Әсима Мұхаметжанқызы екеуінде он екі бала дүниеге келгенімен, оның тек үшеуі ғана тірі қалыпты. Сөйтіп, Алланың берген жалғыз ұлы - Рахымжан мен қыздары Майра мен Шарифа ғұмырының жалғасы болып ер жетіп ұрпақ қалдырады.

Шәкер ақсақал жастайынан тас қалаудың шебері болған,  Зайсанға келген соң да осы кәсібімен айналысып, Зайсандағы бай көпестердің үйлерін салып, жанұясын асырап отырыпты. Ұлы Рахымжанды осы іске баулу үшін, жанына алып құрылыстың қыр-сырына үйрете бастады. Патша үкіметі әкесін әскер қатарына алғанда, ұлы Рахымжан бар-жоғы он жаста ғана еді. Әке орнын басқан Рахымжан өзіне бар қиыншылықтың түскенін түсінеді, алайда жастайынан еңбекке араласқан ол қайраттана түсіп, ерте есейді. Өмірдің көп ауыртпашылықтарын басынан кешті. Медреседен алған төрт жылдық білімімен-ақ талай жетістіктерге жетті.

Кеңес өкіметі орнағанда, Рахымжан ел жастары қатарлы комсомол қатарына  өтуге өтініш білдіреді. Тарихтан бәрімізге белгілі өткен ғасырдың басындағы комсомолдар Кеңес өкіметінің нығаюына белсене араласқан болатын. Сол белсенділердің ішінде Рахымжан да болды. Комсомол мүшелері жиналыстарында ең бірінші елде «сауатсыздықты жою» деген қоғам ұйымдастырған болатын, Рахымжан оқуға өте ынталы болғандықтан, халықты сауаттандыру жұмысына белсене араласты. Комсомол қатарын көбейту үшін жастар арасында үгіт насихат жұмыстарында жүргізді. Қандай шаруа болмасын өте үлкен жауапкершілікпен мұқият атқарғандықтан, өкімет басшылары  Рахымжанды отызыншы жылдардың бас кезінде Тарбағатай аудандық милициясының қылмыстық іздестіру бөліміне жұмысқа қабылдайды. Сөйтіп Рахымжан Шәкірұлы осы саладан 1956 жылы майор атағымен зейнеткерлікке шықан болатын. Әкесі қазақша, орысша, татарша өлең жазып жүреді екен. Зейнеткерлікке шыққан соң, облыстық «Коммунизм туы» газетінде қоғамдық редакция мүшесі болып, газет беттерінде мақалалары мен өлеңдері басылып жүрді.

Рахымжан бабаймен (татарша) жұбайы Нағима Сәбиқызы екеуінің отбасында үш бала – Болат, Ленста, Дулат  дүниеге келеді. Бүгінгі әңгіме осы Рахымжан бабайдың қызы Ленста жөнінде болмақ.

ХХ ғасырдың бірінші жартыжылдығы кезінде жаңадан туған жас нәрестелерге есімді ұлы көсемдердің, не болмаса уақыт заманына сай атаулармен атау сән болыпты. Мінеки, Ленста Рахымжанқызының есімі де, кезінде ұлы көсемдеріміз болып саналған – Ленин мен Сталиннің басқы буындарынан құралған. Ленстаның әке-шешелері балаларын жастайынан еңбекқорлыққа, тәртіптілікке үлкенді сыйлауға барынша мән беріпті. Олар жанұяларымен дінді қатты ұстанған, Рамазан айында ораза тұтып, Құран оқитын. Қыздары Ленстаны білімді болсын деп орыс мектебіне береді. Мектепте жақсы оқыған Ленста үлгілі оқушылар қатарында болды. Қыздары кәмелетке толып, төлқұжат алатын кез келгенде оны әкесі оңаша шақырып алып, құжатта ұлты көрсетілетін жерге не деп жаздырасың - деп сұрапты. Сонда Ленста ойланбастан «орыс» деп жаздыратын шығармын деген екен, орыс мектебінде оқып жүргендіктен, осылай жаздырғаным дұрыс болар –деп ойлапты. Сонда әкесі қызының бетіне үңіле қарап жайлы дауысымен былай депті «...Бұл дүниеде әрбір адам із қалтырғысы келеді. Мен өз ізімді қалтырдым. Сенің фамилияиң - Әубәкірова. Тегің – Рақымжанқызы. Ал, шешең болса сені тоғыз ай бойы құрсағында көтеріп, өмір  сыйлаған, сосын ақ сүтін берген. Міне, қызым, менің айтқан ақылымды алсаң шешеңнің де ізі қалуы керек сенде -деп ойлаймын, сондықтан шешеңнің ұлтын алып, « қазақ»  деп жазыл» - деген соң менің ұлтым құжатта «қазақ» деп жазылған. Меніңше  бұл әкемнің біздің анамызға деген  үлкен сыйластығын, махаббатын, жанұямызға деген сүйіспеншілігін білдіргені сияқты, дейді Ленста Рахымжанқызы.

Рахымжан ақсақалдың осындай шешім қабылдауынан, ол кісінің ақылдылығы мен парасаттылығын көреміз және де болашақ Қазақстан мемлекеті алда өз тәуелсіздігіне қол жеткізетініне үміт артқандықтан қазақ азаматтарының қатарын көбейту үшін жаздырған сияқты.

Орта білім алған соң, Ленста ұстаздық мамандығын таңдап, Өскемен қаласындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетіне оқуға түседі, оны 1962 жылы бітіреді. Институтта оқып жүрген кезінен бастап қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген ЛенстаныШығыс Қазақстан облыстық комсомол комитетіне оқушылар мен студент жастар бөлімінде қызмет атқаруға шақырылады. Осы жылдары шығысқасақстандық комсомол жастары одақта алғашқы  аула клубтарын ұйымдастырады. Кейін олардың жұмыс тәжірибесін БЛКЖО-ның Орталық Комитетінде талқылап, басқа одақтас республикаларда осы жұмыс тәжірибесін кеңінен тарата бастады. Комсомол жастар клубтар арасында алғашқылардың бірі болып «алтын шайба», «былғары доп» бойынша жарыстарды және пионерлік төртсайысты жиі-жиі ұйымдастырып отырған-ды.

«Сол кездегі жоқшылыққа қарамастан осыншама жұмыстарды қалай атқарғанымызға қазір таң қаламын. Мысалы, «алтын шайба» жарысын өткізу үшін әр бала босаған балық қалбырына түнде су құйып қатырып қоятын, әр бала бір-екі  су қатырылған қалбырдан әкелгенде үлкен дорбамен бір дорба болып жиналатын. Сонда ойын барысында ол, әрине, ұзаққа шыдамай жарылып бүлініп қалады, міне сондықтан дорбадан балалар жиі-жиі жаңа «қаңылтыр-шайба» шығарып, ауыстырып отыратын. Доп та болмай қалғанда оны да қолдан жасайтынбыз. Осының өзі өмірдің бір керемет қызық шақтары екен», – деп Ленста апай есіне алды.

Кейін Өскеменнің жасөспірімдер хоккей командасы РСФСР-дің Воскресенск қаласында өткен І Бүкілодақтық  жарысқа қатысып, Қазақстан КСР-інің намысын қорғап қайтыпты.

1969 жылы Ленста Рақымжанқызын Шығыс Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтына жұмысқа шақырылып, маман - ассистенттен кафедра профессорына дейінгі жолдан өтті. Институтқа келуімен Ленста Рақымжанқызының ұсынысы бойынша жоғарғы оқу орнының тарихында алғаш рет тарихи-педагогикалық факультет құрылады. Сөйтіп, алғаш жазғы лагерь жиындары ұйымдастырылған еді.

Кафедра меңгерушісі болған кезінде жорғы оқу орындарының тарихында алғашқылардың бірі болып Шығыс Қазақстан педагогикалық институты тұңғыш рет оқушылары азтолымды, шағын мектептер үшін жоғарғы білімді бастауыш сынып мамандары мен  шет тілі мамандарын дайындайтын болды. Сонымен қатар жоғарғы білімді бастауыш сынып мамандары мен психолог мамандарын дайындауды ұсынған екен.

Ленста апай шет тілдері факультетінің деканы болып жүргенде - екі тілділікті енгізіпті. Осы факультеттің деканы болып қызмет атқарғанда Ленста апай мынандай бір уақиғаның куәсі болған екен. Беделді бір мұғалімнің баласы  кездейсоқтықпен жаман оқиғаға душар болады. Жігітке қыз зорлады –деген жалған айып тағылып, қамауға алынады (оның фамилиясы белгілі, сондықтан айтпай-ақ қояйын ,- деді Ленста апай. Ал, бұл жігіт өте білімді және бес тілде еркін сөйлей алатын жан екен. Міне осы жігіт түрмеде отырса да біздің оқу орнына түседі, алайда онымен бірге тағы бір қыз үміткер болды. Олардың құжаттарын қарау кезінде бірталай дау тұрды, сонда менің қөзқарасымды сұрағанда мен былай дедім: «бұл жігіт өмір сынағынан өтті. Ол түрмеде неше түрлі қиыншылықтарды басынан кешірді, сондықтан оның өмірге деген көзқарасы да өзгерді. Диплом алған соң бұл жігіт тіптен түрмеде де істей алады, ал біздің мына қызымыз ол жерге бармайды, сондықтан мен өз дауысымды осы жігітке беремін және сіздерден осы ұсынысты қолдауларыңызды сұраймын» дедім. Әйтуір мені сыйлап әріптестерім менімен бірге дауыс беріп, әлгі жігітімізге оқуға түсуге мүмкіндік жасалып, институтқа қабылданды. Студент болып қабылданғанда оның қуанғанын көрсең ғой, маған рахметін  тәурақ жаудырды Диплом алған соң, айтқандай біраз жыл түрмеде ұстаздық қызмет атқарды. Бір өкініштісі кейін әлгі жігітіміз шет елге кетіп қалды, ол сондай дарынды бала болатын, шет елдерде дарынды адамдарды тез қабылдайды ғой.

Ленста Рақымжанқызы жас студенттердің мектептермен тығыз байланыс орнату үшін, жүйелі түрде жоспар құрып, солардың негізінде жиі-жиі әртүрлі жұмыстар жүргізуді үнемі еске салып, ақыл кеңесін беріп отырады.

Рахымжан Шәкірұлы тірі болғанда, биыл жүзге толар еді. Қазіргі күні ақсақалдың артынан қалған ұрпақтары түтінін түтетіп, оның игілікті істерін абыроймен жалғастыруда. Үлкен ұлы Болат «Казгипроцветметте» бас инженер болса, кіші ұлы Дулат әкесінің мамандығын таңдап - ішкі істер органдарының подполковнигі шеніне дейін жетіп, қазір отставкада. Ал, қызы Ленста зейнеткер болса да үйде отырмай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүреді, әлі күнге шекті тәрбие жұмысы жөнінде студенттерге сабақ оқиды, қала мектептеріндегі кездесулерге де қатысады. Педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Ленста Рақымжанқызы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ардагерлер кеңесінің төрайымы болғандықтан қалалық, облыстық іс-шаралардың бәріне белсенді араласып жүреді. Сонымен қатар Ленста Рахымжанқызы Қазақстан халқының Шығыс Қазақстан облысы ассамблеясының белсенді мүшесінің бірі, көптеген мемлекеттік наградалармен марапатталған өлкеміздің мақтан тұтарлық азаматшасы.

Әубәкіровтар отбасы музыканы өте жақсы көретін, атасы Шәкір кезінде скрипкада өте жақсы ойнапты, ал әжесі аккордеонда ойнаған екен, шешесі Нағима ән салғанды ұнатыпты. Жуырда Ленста Рахымжанқызы әке-шешелерінен қалған патефон мен күйтабақтарды қабымен облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығына сыйға тартты. «Әке-шешемізден қалған мұраны бізден кейінгі жастар тамашаласын деген ниетпен тапсырып отырмын» деді.

Мінеки, кезінде Рахымжан ақсақалдың Ленста апайға айтқан сөздері далада қалған жоқ, балаларының барлығы да өмірде өз ізін қалдыруда .

Б.Құмарова

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …