• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Қабдоллаев М.С. Шығыста сақталған қазақ баспанасының бір түрі – Тошала

Қабдоллаев М.С. Шығыста сақталған қазақ баспанасының бір түрі – Тошала

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорықтың қазақ этнографиясы ғылыми зерттеу бөлімі тарапынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылдың тамыз айының 12 – 21 аралығында ШҚО Күршім ауданына ғылыми-этнографиялық экспедиция ұйымдастырылған болатын.  Экспедиция мақсаты: Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданын мекен еткен қазақ халқының материалдық – рухани мәдениеті және қазіргі сәндік қолданбалы өнеріне қатысты материалдар жинау,  бүгінгі күнде сақталған салт-дәстүрінің сақталу деңгейіне талдау жасау, музей қорын бірегей құнды жәдігерлермен толықтыру болды.

Экспедиция барысында төмендегідей елді мекендердің тұрғындарымен жұмыс жасалды: Күршім, Құйған, Сарыөлең, Тақыр, Қалжыр, Боран, Қазақстан, Жаңаауыл, Ұрынхай, Ақжайлау, Марқакөл және т.б. Нәтижесінде музей қоры жаңа экспонаттармен толықты. Экспонаттардың ішінде қазақ этнографиясын толықтай көрсетуде бірегей құнды деп төмендегідей жәдігерлерді атауға болады: тері қоржын (ерекшелігі теріден жасалған, мерзімделуі көне ХХ ғасырдың басы), пышақ (қазақтың пышағы бұрындары музей қорында болмаған, сабы серкенің мүйізі), қайрақ (қазақтың табиғи тастан жасалған қарапайым қайрағы, күнделікті халқымыздың тұрмыс тіршілгін көрсетуде таптырмайтын жәдігер деп білеміз), суыр терісінен жасалған ішік, қойдың терісінен жасалған тон сынды тағы да басқа көптеген құнды жәдігерлер жиналды.

Экспедиция жұмысы барысында ШҚО Күршім ауданы Қалжыр ауылынан кездестірген тошала біздің зерттеу жұмыстарымыздың  жемісті нәтижелерінің бірі деп атай аламыз. Қалжырдағы тошалаға тоқталмас бұрын жалпы ата-бабаларымыздың қоныстары баспаналары туралы айтпай кету мүмкін емес. Тұрақты баспана тұрғызу ісі қазақ даласында ежелгі заманнан бастап-ақ  орныға бастаған. Қазақстан территориясында отырықшы қоныстардың пайда болу мәселесі әлі күнге дейін толыққанды зерттелмеген мәселелердің бірі. Тек археологиялық деректер негізінде ғана ежелгі қоныстар жайлы ақпараттар беруге болады. Олардың пайда болуын отырықшы-жер өңдеу мәдениетімен байланысты. С.Жолдасбаев тұрақты және уақытша қоныстардың үш түрін бөліп көрсетеді: қыстау, қыстақ, уақытша қорған, қала-кент [1; 123-124 б].

Қазақ қоныстарын зерттеу бірнеше ғылыми еңбектерге тақырып болатын ауқымды мәселе. Еліміздің территориясында орын алған түрлі саяси оқиғалар, толассыз жүргізілген жаугершілік соғыстар қоныстарымыздың даму мәселесіне өз ықпалын тигізбеуі мүмкін емес еді. Отырықшы қала мәдениеттерімізді күл-талқан еткен Шыңғыс ханның жорықтары одан кейінгі дәуірлердегі хан ұрпақтарының таққа талас соғыстары,  Ресей империясының отарлық саясаты, жоңғар хонтайшыларының толассыз шабуылдары әрине халқымыздың тұрғын үй мәдениетінің дамуын айтарлықтай тежеді.

Алғашқы отырықшы қоныстар қатарына кіретін киіз үй пішініне ұқсас баспана Қазақстанның әр өңірінде әртүрлі атауға ие. Орталық, оңтүстік және солтүстік Қазақстанда бұл үйлерді «шошала» деп атаса шығыс Қазақстанда «тошала» деп атаған. Қазақ құрылысшылары тошала тұрғызу үшін оның іргетасын дөңгелек етіп қаластырып, үстіне  10-15 сырықтан түзілетін сүйір құрылғы орналастыратын да, ағаш бұтақтарымен шабақтап шыммен жапқан.

Тошала (шошала)  шымнан, қамыстан, қамкесектен, қыштан, тақтатастан тұрғызылған. Ақмола, Атбасар, Құсмұрын, Жетікөл сияқты бұрын орманды-далалы болып келген аудандарда тошала бес қабырғалы етіліп, ағаштан қиыстырылғанымен шаңырағы – түндікпен, кіріп-шығатын есігі – киізбен жабылады екен [2; 40 б].

Тошала жүздеген жылдар бойы жартылай отырықшы және отырықшы қазақпен бірге жасасқанымен, тұрғын үйдің жетілдірілген түрлерінің көбейе бастауына байланысты бірте-бірте азық түлік қоймасы, етхана, асхана, тіптен  отынхана ретінде пайдаланылып, соңғы жылдарда мүлдем істен шығып қалған.

Қазақ баспаналары туралы деректерді оқи отырып біздің байқағанымыз баспаналар әртүрлі материалдардан салынғандығы. Оған бірнеше себептер әсер еткен: тұрғылықты жердегі қол жетерлік құрылыс материалдары (ағаш, тас, топырақ т.б.), әлеуметтік жағдай (қазіргі күндегідей кімнің неге шамасы келетіндігі ), қоныстың қажеттілік сипаты (уақытша немесе тұрақты).

Біздің кездестірген тошаламыз екі түрлі. Жергілікті тұрғындар екеуінде «шарбақ үй» деп атады. С.И.Руденко мынадай дерек келтіреді: «В прииртышских степях постройка из двойного плетня называлась шарбак уй»[3;32 б.].   

Жергілікті халықпен сұхбаттаса отырып түрлі деректерді ақтару барысында біз тошала турасында өзіндік бір жеке тұжырымға келдік. Тошала (шошала) – дөңгелек пішінді төбесі киіз үй тәрізді ежелгі отырықшы баспананың бір түрі.  Жоғарыда тоқталғанымыздай оны салу барысында жер жағдайына байланысты түрлі материалдар (тас, саман кірпіш, ағаш, шым) пайдаланылған.  Жергілікті тұрғындар мен С.И.Руденко жеткізіп отырған «Шарбақ үй» деп отырғанымыздың жалпы ортақ атауы тошала деген пікірге келеміз.  Олай дейтініміз екеуінің де жалпы пішінінде көрінісінде ешқандай айырмашылық жоқ. Өзгешеліктері бірі саман кірпіштен салынған, екіншісі қабырғасы ағаштан тоқылып іші сыртынан сары балшықпен сыланған.  

Екі үйде жеке адамға тиеслі үйдің территориясында орналасқан. Үй иелері ҚХР соңғы жылдары көшіп келген екен. Бұл көне үйлердің қашан және кім салғандығы туралы ақпарат бере алмады. Ауыл тұрғындарының айтуынша қос үй шамамен 1950 жылдары салынған. Салыну мақсаты үлкен үй құрылысы біткенше уақытша баспана қызметін атқарған. 

Бірінші кезіктірген тошаланың қабырғасы саманнан қаланған. Есігі ағаш. Төбесі ағаштарды кесіп қиюластыруы арқылы конус пішінмен төбенің қаңқасын жасаған. Оның бетін қамыспен жауып үстінен сарыбалшықпен сылап тастаған. Қабырғалары да іші сыртынан сыланған.  Ішкі қабырғаларының бұрын ақбалшықпен ақталғандығы байқалады. Төбесінде төртбұрыш пішінді етіп түндік сияқты жарық түсетін тесік қалдырылған. Кіреберісте сол жақта  пештің қалдықтары мен орны сақталған. Пеш тіккөмей болғанға ұқсайды. Қабырғада пештің түтіні шығуға арналған тесіктің орны сақталған. Пештен кейін сол жақ қабырғада бұрынғы терезенің орны байқалады.

 Екінші кездестірген қоныстың қабырғасы сегіз тірек қойылып сол ағаштарға шыбықтан шарбақ тоқу арқылы жасалған. Сегіз бөрене тірек қабырғаны да төбені де ұстап тұр. Төбені жабу тәсілі алдыңғы айтылған тошаламен бірдей. Есігі ағаш. Бұл үйдегі пеш кіреберісте оң жақта орналасқан. Пеш қалдықтары сақталмаған. Төбенің оң жақ бөлігінде түтін шығуға арналған дөңгелек тесік бар. Бұл үйде іші сыртынан сарыбалшықпен сыланған, ішкі қабырғасының ақталғандығы көрініп тұр.

Бұл екі үйдің экспедиция барысында кездесуі қазақ баспанасының осы бір түріне жаңа қырынан үңілуімізге мүмкіндік береді. Қазақ тұрғын үйінің тарихы, түрлері тыңғылықты зерттеуді талап ететін ірі мәселе. Олар туралы қандайда болсын бір тың деректер кейінгі зерттеушілерге де қажет екендігі анық.

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

  1. Казахи. Алматы, 1995 г.
  2. Жәнібеков Ө. Жолайырықта. Алматы 1995ж.
  3. Руденко С.И. Очерк быта
  4. Древнетюркский словарь. Л. 1969г.
  5. Материалы по киргизскому землепользованию. Т 9, Усть-Каменогорский уезд. 1905г. С. ІІ

                       

Қабдоллаев Мейіржан Сұлтанұлы - ШҚО сәулет-

этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорықтың

қазақ этнографиясы ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі

«Мәдени мұра» № 5 Қыркүйек-қазан 2019ж. 42-45 беттер

 


Қабырғасы саман кірпішпен қаланған тошаланың көрінісі.

 

 

 

 

 

 

        

Шарбақпен тоқылған үйдің көрінісі

 

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …