• Увеличить размер шрифта
  • Размер шрифта по умолчанию
  • Уменьшить размер шрифта
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Кашаку Г. Соғыс жылдарындағы әйелдер бейнесі

Кашаку Г. Соғыс жылдарындағы әйелдер бейнесі

Соғыс жылдарындағы әйелдер бейнесі

(Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің материалдары негізінде)

 

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Ұлы Отан соғысына қатысқандарға арналған атаулы картатека бар. Атаулы картатека әліпбилік тізімен орналасқан. Бұл - Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінің қажырлы еңбегі нәтижесінде жиналған дүние. Сол картатекамен жұмыс барысында Ұлы Жеңісті жақындатуға аянбай үлес қосқан 78 жаратылысы – нәзік, мінезі – қайсар жерлестеріміздің сан қилы тағдырымен танысасыз.

Олар Кеңестер Одағының түкпір-түкпірінде (Мәскеу, Ленинград қалаларында,Башкир КСР-інде,Қазақ КСР-інде, Украин КСР-інде, Чуваш АССР-ында, Алтайский және Приморский крайларында, Архангельск, Горьков, Курган, Ростов, Читин облыстарында) және Венгрияда өмірге келген. Ұлттары: қазақ, орыс және украин.  Олардың бір қатары – Шығыс Қазақстанның тумалары, екінші бөлігі – Ұлы Отан соғысы жылдары Шығыс Қазақстан жеріне келсе, қалғандары – соғыстан кейін облыс аумағында еңбектенгендер.

Шығыс Қазақстан жерінде өмірге келгендер саны – 35 адам. Олар Өскемен, Семей қалаларында және Бородулиха, Глубокое, Зырян (қазіргі Алтай), Көкпекті, Күршім, Катонқарағай, Ұлан аудандарында туған. Олардың бір бөлігі –  Қызыл Әскер қатарына алынып, қан майданда өмір үшін өліммен арпалысса, екінші бөлігі – еңбек майданында бел шешпей жеңіске үлес қосты.

Олардың басым бөлігі – соғысқа өздері сұранып барды.  Соғысқа бару үшін телеграфисттің (Т.Е.Мюхню) [1], радисттің (Е.Б.Махова) [2], связист-телеграфисттің (К.К.Байбатчина, М.И.Швыдко) [3; 4], әскери дәрігердің (Е.М.Скуратова-Измайлова) [5] қысқа мерзімді курстарын оқыды. Осы курстарды тәмамдағаннан кейін, Қызыл Әскер қатарында 276-атқыштар полкінде, 288-атқыштар дивизиясында 731-зениттік-артиллериялық полк қарамағындағы 344-жеке зениттік дивизияда, 731-зениттік-артиллериялық полктің 4-дивизиясында 245-авиадивизияда, Красноводскте зениттік-артиллериялық полкінде Отан үшін І, ІІ Украин майданында, Мәскеу түбінде, Ленинград  бағытында, Киев түбінде, Днепрде, Польшада, Чехословакияда, Румынияда, Венгрияда, Қиыр Шығыста, Орловск-Курск, Балтық маңы майданында шайқасып, жеңісті Германия жерінде қарсы алды.

Соғыс тарихына зер салсаңыз, нәзік жандылар үлесіне байланысшы, медбике, әскери дәрігер, фельдшер мамандықтары беріледі. Бұл мамандықтар – аса жауапкершілікті, ұқыптылықты және шыдамдылықты қажет еді. Ұлы Отан соғысының ардагері М.И.Швыдко 1995 жылы 7 қаңтарда облыстық «Рудный Алтай» газетіне жеңістің 50-жылдығына орай жариялаған «За ценой не постояли» мақаласында былай дейді: «Связь – это нерв армии. Мы берем лучших, наиболее грамотных. Связисту доверяются многие военные секреты, он должен быть специалистом своего дела, но хорошо держать язык за зубами, владеть автоматом, пулеметом»...Приходилось устранять повреждения на линии и 40-килограммую рацию носить за спиной, хотя сами весили чуть больше рации» [6].

Кушнир (қыз күніндегі тегі: Шаповалова) Зоя Максимовна 1943 жылы Омбы медициналық институтын бітірген соң, Қызыл Әскер қатарына шақырылады. Әскери дәрігерлер дайындайтын курстан өтеді. Қызыл Әскер қатарында 4 айдан кейін, ІІ Украина майданындағы Верхнеднепровск қаласында № 5058 эвакогоспиталында өз мамандығы терапевт болса да хирург міндетін атқаруға тура келді. Қан, іріңді жарақат, жаралылардың ыңқылы, өлімі – бұл әскери медицина қызметкерлерінің күнделікті тірлігі. Ота бөлмесінде 1 тәуліктен артық уақыт үзіліссіз жұмыс істеуге мәжбүр кездері болды. Госпиталь әскерлердің артынан жүріп отырды. Зоя Максимовна әскери дәрігер ретінде Украинаның, Румынияның, Венгрияның мыңдаған азаматтарының өмірін құтқарып, Венгрияның Мишкольц қаласында жеңісті қарсы алды. Соғыс жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін «Отан соғысы» орденімен наградталған [7].

Ұлы Отан соғысы басталмай медициналық оқуға түскен студенттердің оқу бағдарламасын жылдамдатып, 1 жылда 2 курстың бағдарламасын  оқытыпты. Мәселен, Ұлы Отан соғысының ардагері Степаненко Надежда Васильевна 1938 жылы Томск медициналық институтына оқуға түсіп, оны 1942 жылы тәмамдаған. Н.В.Степаненко естелігінде күніне 12 сағат демалыссыз оқып, одан госпиталда кезекшілік жасағандары жайлы жазады. Демалыссыз оқу мен жұмыс денсаулыққа өз әсерін тигізеді. Мысалы, оқуын бітірген соң, Надежда Васильевна денсаулығына байланысты майданға бара алмады. Томск, Самарқанд және Өскемен қалаларында госпитальдарда қызмет етті [8].

Соғыс жылдары облыста әйелдер қауымын жаңа жағдайдағы еңбекке бейімдейтін көптеген қысқа мерзімді курстар жұмыс істеді. Солардың бірі – Заульбинский МТС-ының жанындағы тракторшылар даярлайтын курс болды. Оның алғашқы түлектерінің бір қатары біздің кейіпкерлеріміз - Н.М.Жукова (Немцева), Е.Е.Капустина, З.В.Отческая (Васильева), М.М.Подойникова (Немцева)  және М.Ф.Радкова (Семенова). Н.М.Жукова (Немцева) № 36 ХТЗ тракторын басқарған. Н.М.Жукова естелігінде: «тракторшы Яков 10 күн  техниканы басқаруды үйреткен соң, ол соғысқа аттанады. Одан барлық ауыртпашылық пен жауапкершілік өз мойныма артылды» - деп жазады. Себебі, түреншілер (плужник) жас балалар болғандықтан, қағадалау керек еді. Тракторшы Е.Капустина Крупский атындағы колхозда әйел тракторшылар бригадасының бригадирі болды. Ол басқарған бригада 1947 жылы жылжымалы Қызыл Туды алып, осыдан кейін, бірнеше жыл қатарынан Қызыл Ту иегері болды.М.М.Подойникова (Немцева)  Киров атындағы колхозда трактор бригадасының бригадирі болған [9]. Тракторшы М.Ф.Радкова (Семенова) естелігінде сынған тракторды жөндеу қиындықтар туғызғанын, курстан өткен соң, жұмыс істеу жеңілдегенін жазады. Ол № 38 ХТЗ тракторын басқарған. Қыста РТС-та колхоз техникаларын жөндеумен айланысыпты. 1946 жылы «Үздік тракторшы» атағын иеленген [10].

Утесова Дина Катонқарағай ауданы Топқайың ауылының тумасы. Колхозда 12 жасынан бастап еңбектенеді. Басында балалар алаңында, кейін сауыншы болады. 1941 жылы Большенарымдағы тракторшылар курсын оқиды. Соғыс жылдары «Универсал» және ЧТЗ-да және комбайнда жұмыс істейді.

Шығысқазақстандық әйелдер соғыс жылдары ауыл шаруашылығына үлкен үлес қосты. Мысалы, Е.А.Лукьянова шошқа фермасына істеген.

Ұлы Отан соғысы жылдары облыстағы өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерінің көпшілігі әйелдер қауымы болды. Мәселен, М.Самарқанова бұрғылаушы, тасып шығарушы, Е.М.Зуева (Батурчина) бұрғылаушы, М.А.Латаш флотатор болды. 1942 жылы Е.М.Зуева (Батурчина) Қазақстанның барлық флотаторларын социалистік жарысқа шақырды. Жарысқа дейін кен байыту фабрикасында металл өндіру жоспарын 3 %-ға артық орындаса, жарыс кезінде  жоспарды 5 % артық орындады [11].

Соғыстың алғашқы күндері Е.Г.Антропова «Строитель» артеліндегі құю цехына жұмысқа орналасады. Осында шебер-құюшы мамандығын иеленеді. Бір күндік өндірімі – 200-300 пайыз. 1942 жылы 8 наурызда Е.Г.Антропова стахановшылар сапына шықты. Бір күндік нормасы 1300 пайызға жетті [12].

Облыстық денсаулық сақтау саласында да еңбек етті. Ұлы Отан соғысының ардагері К.Ю.Мартынова Риддер қаласындағы тау-металлургиялық техникумына оқуға түседі, бірақ техникумды аяқтамайды. Содан 1939 жылы Өскемен медициналық училищесін бітіріп, қалалық денсаулық сақтау бөлімінде, Қызыл Крест және Жарты Ай қоғамдарында еңбектенеді. Қалалық медбике даярлау курсының бастығы болады. Соғыс жылдарындағы қажырлығы еңбегі үшін «За доблестный труд в годы Великой Отечественной войны» медальмен марапатталған.

Еңбек майданының ерлерінің тағдырына үңілсек, олар туған жерден шеткері шығып, жаумен жүзбе-жүз соғыспаса да Отан үшін жан аямай еңбектенгенін көреміз. Олар 12 мен 17 жас аралығында еңбекке араласып, Отан үшін жеңіл және ауыр өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, басқару салаларында аянбай еңбектенді.

Атаулы картотекадағы соғыс ардагерінің қалған бөлігі – Шығыс Қазақстан жеріне әртүрлі себептермен қоныс аударғандар. Оларды шартты түрде 4 топқа бөліп қарастыруға болады: бірінші – соғыстың алдында көшіп келгендер (8); екінші – эвакуация (2); үшінші – соғыс жылдары жолдамамен келгендер (5); төртінші – соғыстан кейін көшіп келгендер (28).

Мәселен, соғыс ардагері Р.Т.Рембиштің (Харитонова) отбасы 1930-шы жылдары Семейге көшіп келген.  1942 жылы Семей байланыс училищесін бітірген. Қызыл әскерге Семей аудандық әскери бөлімі шақырған. 185-ші байланыс батальонының құрамында І Украин майданына аттанады. Оның майдан даласында жүріп өткен жолы: Орловск, Курск шайқасы, Днепр, Польша, Германия. Жеңісті Берлиннен 200 шақырым жердегі Хальбао қаласында қарсы алады. Соғыстағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен наградталған.

Шаламова Степанида Алексеевна 1937-1940 жылдар аралығында Новосібір фельдшерлік мектебінде оқыған. 1940 жылы шілдеде оқуын тәмамдағаннан кейін, Защита станциясындағы амбулаторияға жолдамамен келген. 1941 жылдың қыркүйегінде РККА (Жұмысшы-шаруа Қызыл Әскер) қатарына шақырылған. 1941 жылдың 23-ші қыркүйегінен бастап 1943 жылдың 21 тамызына дейінгі аралықта № 3989 эвакогоспитальда аға медбике болады. 1943 жылдың тамыз айынан бастап 1967 жылға дейін Защита станциясындағы амбулаторияда қызмет атқарған.

Зарицкая-Загороднюк Евдокия Лукинична, Яценко Тамара Николаевна мен Цыбина Анна Яковлевнаның тағдырлары соғыс жылдарының өмір айнасы іспетті.

Соғыс басталғанда Зарицкая-Загороднюк Евдокия Лукинична Украинаның Житомир облысында тұрған. Соғыс бастала күйеуі майданға кетеді. Күйеуі МВД қызметкері болғандықтан, оккупация аймағында қалу қауіпті болды. Сондықтан, 3 баласының екеуін алып жаяу-жалпылы Харьковке жетеді. Харьковтен Өскеменге дейін 1 ай жүріп келеді. Олар отырған пойызда кор эпидемиясы басталып, жолда көптеген балалар қайтыс болады. Балаларды пойыз жолының бойына жерлеуге мәжбүр болады. Өскеменге келгенде басында кинотеатрда тұрады. Кейін Заульбада тұратын Романовтардың отбасы қанатының астына алады. Үй иелері 1 бөлмеге қысылыса орналасып, ас үйлеріне 7 адам тұрғызады. Үй иесінің ұлы Виктор Романов (ӨПИ доценті) достарымен бірге отын жаруға көмектеседі. Зарицкая-Загороднюк мамандығы бойынша амбулаторияда, кейін шарап заводының медициналық пунктін басқарады. Жаралылар үшін үнемі  қан тапсырып отырады.  Осында бір баласы қайтыс болады. 1944 жылы туған жеріне қайта оралады [13].

Яценко Тамара Николаевна 1937 жылға дейін Венгрияда өмір сүрген. Фин соғысы басталғанда шекарашылардың жартысын батысқа аударғанда, солармен бірге жасырынып кетіп қалады. Соғыстың алғашқы күнінен қатысып, майдан даласында санитарка болады. Майданда коммунист болады. Орлск, Минск, Бобруйск жерлерін жаудан тазартуға қатысады.  Өзі аяғынан жарақат алса да жаралы офицерді жау қолына қалдырмайды, фашисттік немістердің танкілері таяп қалғанда жаралы офицерді өзен жағасына қарай итеріп жібереді. Олар ұзаған соң, дереу жаралыны госпиталға жеткізеді. Осы ерлігі үшін 17 жасында «Даңқ» орденімен марапатталған. Соғыстан кейін, Лениногорға көшіп келген [14].

Цыбина Анна Яковлевна 1918 жылы Удмурт АКСР-інде дүниеге келген. 1936 жылы Ижевск қаласында өндірісте, кейін Нижный Тагильде құрылыста жұмыс істейді. 1938 жылы Горьков облысына көшіп барып, Балахнинский қағаз комбинатында еңбектенеді. 1939 жылы теміржол өлшеуші курсын бітіріп, Брест-Литовскте жұмыс істеп жүрген кезінде соғыс басталады. 1941 жылдың күзінде партизандармен танысып, оларды дәрі-дәрмекпен, қару-жарақпен қамтамасыз етеді. Оның соңына із кесуші түскендіктен, Калинин атындағы отрядтан Дзержинский атындағы бригадаға ауысуға мәжбүр болды. Диверсиондық топтың құрамында әскери тапсырмалар орындайды. «Тіл» алу тапсырмаларына қатысады. Брестті жаудан тазартқан соң, 1946 жылға дейін сонда тұрып, еңбектенеді. 1950 жылдары анасы тұрған Лениногорскге (Риддерге) көшіп келеді [15].

Сан қилы тағдыр иелерінің тоғысқан жері – Шығыс Қазақстан облысы. Олардың басын біріктірген күш – Жеңіске деген ұмтылыс. Олар жас өмірлерін Жеңіс жолына құрбан етті. Сол жанкешті еңбектерінің арқасында Отанды қорғап қалды.    

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. Махова Е.Б. – 2 п.

2. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. Мюхнюк Т.Е. – 2 п.

3.  Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. К.К.Байбатчина – 2 п.

4. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. М.И.Швыдко – 2 п.

5. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. Е.М.Скуратова-Измайлова –  2 п.

6. М.Швыдко «За ценой не постояли // Рудный Алтай. 7 января 1995 г. – 8 б.

7. Н.Михеева. Военврач // Рудный Алтай. 27 апреля 2000 г. – 4 б.

8. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. Н.В.Степаненко – 2 п.

9. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. Е.Е.Капустина – 2 п.

10. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. М.Ф.Радкова – 2 п.

11. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. Е.М.Зуева (Батурчина) – 2 п.

12. Заметка // Большевик Алтая. 1942 г. – 4 б.

13. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. Е.Л.Зарицкая-Загороднюк – 2 п.

14. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. Т.Н. Яценко – 2 п.

15. Шығыс Қазақстан облыстық өлкетану музейі. Атаулы карта. А.Я.Цыбина – 2 п.

 

Сборник научных трудов. Этнодемографические процессы в Казахстане и сопредельных территориях.

ХVІІІ Международная научно-практическая конференция.

Усть-Каменогорск, 2019

Стр.161-168

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …