
2026 жылдың 18 ақпанында ШҚО этнографиялық музейінің қызметкерлері Өскемен қаласындағы №36 орта мектебінің 7-сынып оқушыларына қазақ поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, қазақ халқының ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Асыл сөздің патшасы – Жамбыл Жабаев» атты іс-шара өткізді. Іс-шара барысында балалар Ж. Жабаевтың өмірі және шығармашылығымен танысты. Оның қазақ поэзиясының дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы жылдарында халықты жеңіске жігерлендірген жалынды жырларының маңызы атап өтілді. Оқушылар ақын шығармаларынан өлеңдер оқыды. Өскемен қаласының «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің «Көктерек» домбырашылар ансамблі домбырада күмбірлеген күй тартып, іс-шараның көркін ашты. Қонақтар мен қатысушыларға Жамбыл туралы таныстырылым мен бейнематериалдар ұсынылды. Іс-шара рухани-шығармашылық атмосферада өтті.









