• Increase font size
  • Default font size
  • Decrease font size
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Рахатова Ж.Т. Киіз басу - дәстүрлі қолөнер

Рахатова Ж.Т. Киіз басу - дәстүрлі қолөнер

Қолөнер, дәстүр, киіз басу, шебер.

 

Қазақ халқының мәдениеті үш мың жылдай уақыт бойы далада дамып келе жатқан көшпелі дәстүрлердің тікелей мұрагері болып табылады. Қазақ халқы күнделікті тіршілігіне керек заттарды өз қолдарымен жасаған. Жасаған заттарын әдемілеп, әшекейлеп отырған. Бұл өнер түрі – қолөнер. «Өнер көзі – халықта» демекші, халық қолөнері жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға дамып, жетіліп отырған Осылардың бірегейі киіз басу - көшпенділердің өзіне тән айрықша кәсібінің бір түрі.

Сандық өлшемі жағынан киіз бұйымдар қазақтардың дәстүрлі өміріндегі жетекші орынды иеленеді. Ол салмағы жағынан жеңіл, ауа өткізгіш және жылу сақтағыш қасиеттері бар әртүрлі өнімдерді өндіру үшін аса қажет болды және жүнді көркем өңдеудің ең жоғары дамыған деңгейі Қазақстанның құбылмалы климат жағдайында және көшпенді өмір сүру салты  кезінде   қалыптасты.

 Ежелден бері қазақ халқы мал шаруашылығымен айналысқан. Әрбір қазақтың үйінде жылқы, түйе және қой болды. Әрине, ең қолжетімді, әрі мөлшері жағынан мол материал киіз  болды.

Қазақтар табиғи (қоңыр, қара, сұр, тоқ сары, ақ) және түрлі-түсті жүнді пайдаланды. Ертеде  бояғыштар ретінде  кептірілген түрлі өсімдіктер пайдаланылған.

Қазақтың киізден жасалған бұйымдары әртүрлі: бас киімдер,  киіз үй, еден және қабырға кілемдері, ер-тоқым жамылғылары, әртүрлі тыстар, сөмкелер және шекпендер шұлықтар, т.б. Киіз бұйымдары өрнекті композициялармен безендіріледі, олар: өсімдік, зооморфтық, геометриялық және космогондық.  

Қазақтың сәндік-қолданбалы өнерінің басым түрі – киіз басу – шығармашылықтың басқа түрлеріне қарағанда халқымызға етене жақын болып келеді. Киіз өнімдерінің үй шаруашылығында алатын орны бөлек. Жерге төселіп қабырғаға ілінетін бұйымдар: текеметтер, сырмақтар, тұскиіздер.

 Киізден жасалатын бұйымдардың сан қилылығы, оны дайындау әдістерінің алуан түрлілігі, көркемдік шешімінің бай болуы таң қалдырады. Киізден жасалатын бұйымдардың алуан түрі бар, киім-кешектен бастап үй жабдықтарымен тұрмыстық заттарға дейін. Киіз жалпылама жеңіл, жұмсақ, демалатын материал болғандықтан, жаңбыр тамшыларын өткізбейтін, ыстықтан да, суықтан да қорғайтын өзінің табиғи жайлы қасиеттеріне қарай негізгі кәсібі малшаруашылығы болған көшпелі өмір салтында үй тұрмысына қажет заттарды жасауға таптырмас қолайлы материал болып табылады.

Әр үйдің сәнін келтіретін сырмақ, текеметтерді жасау маусымдық жұмыс болғаннан кейін, оны ортақ көпшіліктің ісі санайды. Мұндай кезде көрші-қолаң, туыстар көмекке келеді. Киіз басуға байланысты көптеген әдет-ғұрып, дәстүрлер қалыптасқан. Киіз басуға дайындалған қойдың күзем жүнін алдымен сабайды. Дәстүр бойынша үй иесі әйел алдын ала жүн арасына жыртыс жасырады. Жыртыс ілінген адамға «құт қонады» деген ырым бар, ол дастарқан жайып, жиналған жастарға  сый-сыйапат көрсетеді. Жүн тартылған шиді орап жинаған сайын ыстық су себелеп отырады.

Содан соң киіз басуға дайындалып, оралған орамның екі шеті мен ортасының ұзына бойымен «береке дарысын» деген ниетпен бір-бір қасықтан сүт немесе айран құяды. Содан кейін жиылған жұрт шиге ораулы киізді аяқтарымен тепкілейді. Киіз соғу аяқталған соң әбден төселген киізді жазып (жайып), екі басын түйістіріп көктеп, ыстық су құйып, үстін жылылап жауып тастап булайды. Текеметті қатар-қатар отыра қалып, білектеп ұзыннан ұзақ созады. Дайын болғанда оны шиге орап қояды.

Жаңа туған нәрестені алғаш рет бесікке бөлейтін кезде бесік астына текемет төсейді, бұл баланың денсаулығы мықты, өмірі құтты болады деп ырымдағанның белгісі. Келін отаудың босағасын аттаған сәтті, оны ақ киізге отырғызады, бұл жастардың өмірі жарқын әрі берекелі болсын, үбірлі-шүбірлі болсын деген ниеттен туындаған ырым. Сондай-ақ алыс сапарға жиналған ерін немесе баласын сапары оң болсын, аман-есен оралсын деп ақ жол тілеп, кетерінде ақ киізге отырғызады. Және де егер оң жақта отырған қызы болса, үйге мейман келгенде бойжеткенді ақ киізге отырғызады, бұл оның басы бос екендігінің белгісі.

Бояуы мен оюын білгірлікпен қиыстыра білген халық шеберлерінің қолынан шыққан кәдімгі киіз сырмақтар мен текеметтер  шынайы өнер туындысына айналды. Негізінен текеметтер көлемді картина іспеттес болады, көлемділігі қазақтың сайын даласын елестетеді. Алайда кішірек кілемдер де жасалады (төсеніштер, шай сырмақ). Текеметтердің композициялық шешімі сырмақтардікіндей, өрнекті екі бөлікке бірдей қылып бөліп оюлайды немесе тұтас бетін өрнектеп көмкереді.

Сырмақ жасалу техникасына қарай бірнеше түрге бөлінеді: нақышты құралған, оюы бастырылған, сырылған және бірнеше әдісті қатар қолданып жасалған. Сырмақ жасалатын киіздің түсі табиғи ақ, не шымқай қара болу керек. Мата қиындыларын (барқыт, пүліш, сәтен) бастыру әдісімен жасалатын бастырма сырмақтар ою-өрнек түрлерінің байлығымен, көз тойдырар жарқын әсемдігімен ерекшеленеді. Шығыс Қазақстан облысында қолдан көркемдеп тігілген қомша, қалауыш, кілем, абдыра жапқыштар жиі кездеседі. Оларды әдетте керегеге ұстайды, сондай-ақ жүкаяқ, кереует және сандықтарды жабуға пайдаланады.

Қазақтың он саусағынан өнер тамған шебер әйелдерінің көркемдік түйсігі бірқатар керемет көркем нәрселерді дүниеге әкеледі. Олардың сан алуан өзгерген нұсқалары жасалып, сәндеу өнерін байыта түсті. Дәстүрлі таным бойынша үйде міндетті түрде киіз бұйымдар болу керек, олар құт-береке, молшылық, баршылық әкеледі.

Киіз негізінен қойдың күзем жүнінен (күздігүні қырқылған) дайындалады. Әдетте ол жүнді неше қайтара тазартады. Ол үшін жүнді теріге немесе кенепке жаяды да, айнала дөңгелене отыра қалған әйелдер оқтау не тал таяқшамен сабайды. Қазіргі кезде жүнді ескі төсектің темір торына жайып (жүндегі қоқымдарды түсіру үшін), ағаш шыбықпен сабалайды. Осыдан кейін жүндегі қи-тезектер ыдыстың түбіне түсіп, еріп сүзілу үшін 2-3 сағат жылы, сабынды суға салып қояды. Кейін 2-3 мәрте сабынды жылы сумен жуады. Бүгінгі күннің шеберлері жүн жуу процесінде жүнді қаракүйе жеп тастамас үшін суға лаванда сабынын, ал суды жұмсарту үшін мүсәтір қосады. Жуылып, тазаланған шикізатты жылы сумен шайып, бұрап сықпай, алақанының арасына салып қана сығады. Содан соң таза жүнді күншуағы мол жерге немесе ағаш шарбақты орынға, шиге жайса, қазіргі кезде темір төсек торларына жаяды. Әбден сорғыған жүн қолмен тазаланып (тікенектен, шөп-шаламнан) болғанда жүн бірқалыпты, жеңіл түтіледі.  

Қазақтар жүнді табиғи (қоңыр, қара, сұр, ақшыл және ақ) түрінде де, түрлі-түсті түрінде де пайдаланған. Шеберлер оған қарамастан, әр түрлі түстердің үйлесімін тауып, ойната білген. Қазақтың ісмер әйелдері түрлі өсімдіктерді жас күйінде де, кептірілген күйінде де бояу ретінде қолданған. Жабайы қарақаттан сұр, жасылтқым, көк және көгілдір түстер алуға болады. Индиго шөбі көк түске бояса, анар шырыны қызыл түске, ал грек жаңғағының сыртқы жасыл қабығы жасыл, жапырақтары ашық қоңыр түске бояған. Емен қабығынан қоңыр түс алынған. Қазіргі сәндік-қолданбалы өнер шеберлері өсімдік бояғыштардан басқа пияз, қызылша, жұпаргүл, мыңжапырақ және т.б. өнімдерді қолданады. Әдемі қанық түске қол жеткізу үшін өсімдікті ұсатып, қайнатып, сүзіп, жүнді бөлек малып алады. Бүгінде фабрикада жасалған, ерекше рең беретін анилинді бояулар пайда болған соң шеберлер соларды қолдана бастады. Ол үшін арнайы ыдысқа аз ғана мөлшерде анилинді бояуды салып, (бір келі жүнге 1 ас қасық бояу және 2 литр су қажет), оларды біркелкі түс пайда болғанша араластырып, қайнап жатқан суға салып, жүнді таяқпен араластыра отырып, бір сағат қайнатады. Боялған заттың түсі қанық болуы үшін оған тұз бен бір шай қасық ашутас және сірке суын қосады. Содан соң бояу суы мөлдір болып қалғанша араластырған, сонда ғана жүн бояуды жақсы сіңірген болып табылады.

Боялып, тазаланып, әбден кептірілген жүнді қойдың терісіне немесе брезентке орап, ол қопсып жетілу үшін бірнеше әйел арнайы таяқпен сабайды.

Жалпы, өсімдік бояғыштарымен жасалған түстер палитрасы тұрақты, ашық жұмсақ реңмен және денсаулыққа зияны жоқ болып табылады. Олар түрлі-түсті реңдердің байлығына қол жеткізуге мүмкіндік берді және түс үйлесімін жасауға ықпал етті.

Шығыс Қазақстандағы Берел қорғанынан табылған қазбалар өткен заманның көркем өнер тәжірибесі туралы түсінігіміз бен білімімізді едәуір байыта түсті және бұл өнер дәстүрлері қазіргі Қазақстан жерінде ешуақытта үзілмей келгенін көрсетеді. Археологиялық қазбаларға қарағанда, көшпенділер мәдениетінде қашанда жүннен, теріден ағаштан, сүйектен жасалған бұйымдар басым болған және оларды техникалық түрде өңдеу, көркемдеп өңдеу тәсілдері де ғасырлар бойы өзгермеген. Қазіргі заманда сұранысқа ие болып отырған тұрмыстық бұйымдар киіз үй ішін безендіруде қолданылып келеді және әрбір бұйымның өзіне белгілі орны мен әсемдігі бар.

Халықтың дәстүрлі мәдениетін тарихи тұрғыдан зерделей отырып, қазақ шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдардың қолданбалылық әрі сәндік құндылықтарын атап айту керек. Көршілес елдердің мәдениетімен салыстырар болсақ, көшпенділердің кез-келген бұйымы көшіп-қонуда қолайлы, жеңіл, төзімді болып келеді. Сапарда алып жүруге ыңғайлы әралуан қаптардың түрі дәл осы қазақ мәдениетінен шығып өрбіген болатын. Олардың формалары, безендірілуі өзінше бір ерекше құбылыс. Формасы жағынан өте ыңғайлы көлемді болып келсе, безендірілуі жағынан киіз үй интерьеріндегі заттармен үйлесімді болып келеді. Алғашқы қоржын, кесеқап, аяққап, сандыққап және т.б. қаптар жүннен басылған, кейін келе былғарыдан, қалың матадан немесе тоқып жасаған. Кавказ, Волга жағалауы, Оңтүстік Сібір және Орталық Азия халықтарының киіз өнімдерін зерттеген зерттеушілер онда қыпшақ пен қазақ дәстүрлерінің басымдылығын бірауыздан атап өтті.

 

Сырмақ – кесінді фигуралардан, әдетте ақ және қара түсті киізден  жасалған. Өнімнің беріктігі киіз тігісімен бірге өрнектелген қабатты жабыстыру арқылы жүзеге асырылады. Киіз өрнектері жағымды реңк тудырады. Сырмақтардағы басты үлгі - зооморфты. Тігістерді жасыру  үшін өрнектер жиек-жіппен көркемделеді. Үлгі бойынша ойылған өрнекті фигуралар тігіледі. Бұйым берік болу үшін киіз астары сырылып тігіледі. Тігістердің үстінен түрлі-түсті жиек бау айналдыра бастырылғандықтан, өрнектер нақыштала түскеді. Сырмақтың ою-өрнекті композициясы текеметтегідей текше немесе ромб түріндегі гүл өрнектерден тұрады, олар жиектермен жиектеліп, ортасына бұрыштарында қос қошқар мүйізді шиыршықтары бар айқас айшықтар орналастырылады. Көпшілік сырмақтарда  мүйіз тәрізді өрнектермен сәнделген жалпақ жиектер түседі.  Гүл өрнектер мен жиектер қосылған жерге жиек бау бастырылады. Ал түстері бойынша әртүрлі болады, қара ала, қызыл ала.

Текеметке әдетте жартылай дайын, ақ, ылғалданған киізді бояп түрлі оюлар салады. Содан кейін киізді шиыршықтап орап, аяқпен тебеді, бұдан соң білектейді, осыдан барып созу, булау процесі жүреді. Осындай жұмыс текемет толық дайын болғанға дейін атқарылады. Әдетте текеметтің ортаңғы тұсы композициялық тұрғыда ірі шаршы болып келеді де, оған «қос мүйіз» үлгісіндегі зооморфты өрнектер орналастырылады.

Сырмақ сөзі «сыру» деген сөзден шыққан. Сырмақтың түрлері: үлкен сырмақ, кішкене сырмақ, төр сырмақ, төсек сырмақ, сондай-ақ көш сырмақ, төсеніш сырмақ (1 сурет сырмақ КП 39-32353). Көш сырмақ – қазақтардың көші-қоны салтанатты болады [6, 348]. Ауыл сыртына көшіп бара жатқан көш арқылы оларға сын тағылады. Көш сырмақтар өте үлкен тігіледі, тіпті түйедегі жүкті түгелдей дерлік жауып тұруы шарт болады. Қонақ сырмақ – қазақ қонақжай халық, үйге келген қонақтың астына сырмақ жайып, төсеп қарсы алатын салт бар. Төр сырмақ – қазақтың киіз үйі, төрі қастерлі, құрметті орын, оған сыйлы кісілер отырады. Сол үшін көркем тігілген үлкен сырмақтар күні бұрын салынып қойылады. Төр сырмақтар қалың, текемет үстіне төселеді. Бұл қонақ астынан суық өтпес үшін істелетін қамқорлық болмақ.

Қошқар – байырғы ұғымда қасиетті мал. Себебі, төрт түлік мал – көшпенділер өмірінің  тірегі болған.  Қазақ оюларының дені, көптеген өрнектері мүйіз элементтеріне байланысты. Өйткені, «қошқар мүйіз» оюы береке бірлік белгісі ретінде қабылданады.

Шеберлер соңғы кезде бұйым жасауда киізді өте көп қолданады. Бұл интерьер заттарынан, сәнді кілемшелерден, паннолардан, қабырғалық және едендік кілемдерден, жастықтар мен сулықтардан, әйелдерге арналған аксессуардан және бижутерийлерден, құжаттарға арналған мұқабалар мен ұялы телефондарға арналған қаптамалардан, кәдесыйлар мен ойыншықтардан және басқа да көптеген заттардан тиісті үлесін алған. Олар қазіргі заманғы әртүрлі технологияларды пайдаланып, атап айтқанда, киізді сан түрлі фактуралармен және маталармен: жібек, мақта, кендірмен үйлестіре отырып, ерекше бұйымдар жасап жүр. Қазіргі заманғы технологиялар киізді жылдың кез келген уақытында, шағын орында және аз ғана шығын шығарып басуға мүмкіндік береді. Шеберлер түрлі техникалық тәсілдермен жұмыс істейді. Ол киіз жасаудың дымқыл және құрғақ әдістері. Бірінші әдіс – суды және киіз басу үдерісін жылдамдататын құралдарды, мәселен, әр түрлі жуғыш құралдарды қажет етеді. Екінші әдіс бертін қолданысқа ене бастады. Құрғақ киіз басу техникасында жазық заттарды да, жұмыр көлемді заттарды да жасауға болады. Онда арнайы ине қолданылады. Оларды бір-бірімен үйлестіре қолданғанда нағыз шығармашылық туындының шексіз мүмкіндіктері пайда болады.  [1, 133] Археологиялық материалдарға сүйенсек, осы күні  кең тараған қолөнердің осы түрінің бастау арналары ежелгі көшпенділер дәуіріне тіреледі. Өткен ғасырлардың көркемдік табысының көптеген түрлері ХХ ғасырдағы киіз өнімдерінің бейнелі құрылымында сақталған. Киізден жасалынатын бұйымдардың  алуан түрі бар: киім-кешек (сырмалы шапан, қалпақ т.б.), жайнамаз, бөтен көзден сақтайтын тұмар, керегенің үстінен жабылатын туырлық, уықтың үстінен жабылатын үзік, шаңыраққа жабатын түндік, киіз үйдің сыртқы көрінісінің сәнін кіргізетін дөдеге, есікке ұстайтын киіз перде – есікжапқыш, аяқ астына төсейтін оюлы текемет пен сырмақтар, үй ішін ажарландыра түсетін тұскиіз, түйе және ат жабудары, қоржын қолдорба, қалталар, аяққап, яғни көшпелі өмірге қажетті жабдықтар.

Жүнді жинау, қолдану қой қырқудан басталады. Қазақтар ересек қойларды қырқуды жылына екі рет - көктемде және күзде жүргізеді [5, 21]. Қозылар жаздың ортасында қырқылады себебі сол кезде жүн ең сәнді әдемі болатын кез. Қой қырқу алдында олардың жүндері таза және серпімді болуы үшін өзенге шомылдырады. Күзгі шақ күзем-қырқу, қию суық ауа райының басталуына дейін қойдың жаңа жүні 3-4 см-ге дейін өсетін етіп жасаған. Бұл үшін бір ай уақыт кеткен екен. Сондықтан, жергілікті климаттық жағдайларға байланысты қойлар тамыздың аяғында немесе қыркүйекте қырқылды. Қой қырқудың басында олар әдетте ауылдардың орналасқан жерлеріне әкелінді және оларды ілмектері бар ұзын арқанға бірнеше қатарға байлайды, бағаналарға бекітілген, көгенге көгенделеді. Әр қатарда 10-20 және 40 қой болады. Шаруашылықта барлық ауыл қой қырқумен айналысқан, әдетте, ерлер қойларды қырқып, әйелдер мен балалар жүнді алып тасиды. Жас қойлар алғаш рет күзде (қозы-күзем) төрт айлық жаста шілде айларында, ересек қойлармен бірге қырқылды, ал екінші рет - алты айлық жасында күзде ересек қойлармен бірге қырқылды. Қойларды арнайы қайшымен қырыққан, оны темір ұсталары жасаған - ұзындығы 40 см., күзде қойларды киіз үйлерде немесе төсеніштерден жасалған қоршауларда жел жүнін таратпауы үшін қырқады [5, 22].

Қойдың жүнін «жабағы», «күзем жүні», «қозы жүні», «өлі жүн» және «шет-пұшпақ» деп бес түрге бөліп атайды. Қолданар алдында оған сүт себіліп, теріде жұмсарып, икемді болу үшін шөпке жайылады. Қойдың жабағы жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терілік жасайды, тыстап бөстек, көпшік, жеңіл байпақ тігеді. Қойдың жабағы жүнін түтіп, одан кейін матаның сыртына шықпас үшін қылшықтарын бүрілтіп қайнатады. Бұл жүнді шайырынан арылтып тазарту үшін де істеледі. Жабағы жүнді киімнің, көрпенің арасына салады, неше түрлі иіру ісіне, бізбен, сыммен тоқу жұмысына қолданады. Түтілген жабағы жүннен шүйке жасалып, бау-шу есіледі, өрмек жіптері, неше түрлі жиектер ширатылады. Ал күзем жүнінен, қозы жүнінен киіз басылады, текемет, қалпақ, кебенек, киіз етік, пима сияқты киім-кешектер жасалады. Күзем жүні мен қозы жүні иіруге келмейді, ол киімінің, көрпенің арасына да тартуға жарамсыз.

Киіз басуға байланысты көптеген әдет-ғұрып, дәстүрлер қалыптасқан. Кейбір ауыл-аймақтарда жүнді бояудың алдында киелі адыраспан шөбін жинап, қайнатып, сүзеді де бояғышқа қосады. Киіз басуға дайындаған қойдың күзем жүнін алдымен сабайды. Жүн сабау жұмысы әдетте ойын-сауықпен, көңілді өтеді.

Бұдан басқа да қызықты дәстүр бар; жүнді сабап жатқанда, яки текеметтің жүнін шабақтап жатқанда маңында ойнап жүрген балалардың біреуіне бір шүйке жүн ұстатып жібереді. Баланың анасы разылығын білдіріп дастарқан жаяды не болмаса ет асып әкеліп, әйтпесе шай ұйымдастырады, себебі бұл өсіп келе жатқан ұрпағыңа арнап осындай текемет жасауға жазсын деген тілекті астарлап жеткізу салты.

Облыстық этнографиялық музей-қорықтың қорына алғаш келіп түскен сырмақ пен текемет 1930 жылы басылған. 1983 жылы қорға түскен. Ою-өрнек басылған, бұрынғы заманда басылған сырмақ (2 сурет КП 6-15693). Келесі текемет – еденге төсейтін кілем (3 сурет КП 65-33756, 2012ж.). Тікбұрышты, ақ түсті фонға қоңыр түсті стильденген зооморфты ою салынған. Бұйымның авторы Н. Бұралбай. Сондай-ақ шебер жүн мен матаның ерекше үйлесімдігін тауып бөстек (4 сурет КП 70-35069, 2015ж.) жасаған. Дөңгелек формалы, ақ түсті, шеттері қолмен, сары жіппен көмкерілген. Ортасында өзара біріктірілген қошқар-мүйіз түріндегі үлкен ою орналасқан. Ою күрең қызыл түсті, шеттері сары жіппен кемерленген.

2010 жылдан бастап музей-қорық қоры Шығыс Қазақстанда тұратын шебер әйелдердің қазіргі замандық киіз бұйымдарымен толыға түсті.

Музей-қорық қорында сақталған (дәстүрі сақталып жасалған) киіз бұйымдарын жалғастыратын бөстектің тағы бір түрі (5 сурет КП 77-37162. 2016ж.). Тоқсары фонға инкрустация тәсілімен ірі, қою қызыл түсті ою (қос мүйіз) қондырылған. Оюлардың шеттері күрең-қызыл түсті жүн-өрмемен тігілген. Бөстек сары жіппен сырылып, айналасы түрлі-түсті жүн-өрмемен көмкерілген.  Келесі бөстек (6 сурет КП 77-37166. 2015ж.), шаршы формалы. Қоңырлау күрең-қызыл фонда қондыру тәсілімен ірі, ашық жасыл түсті ою (қос мүйіз) салынған. Бөстектің шеттері жасыл жүн жіппен бүріле тігілген. Бұл бұйымдарды жасаған   Г.Д. Қожамжарова белгілі шебер. Қазақстан қолөнершілер ұйымының мүшесі. Ескіше киіз басу техникасында сан түрлі ою сала отырып, сырмақ, текемет және бөстек басады. Қазақтың ұлттық қолөнерінің (тоқымашылық, киіз басу, ши өру, кесте, құрақ құрау, киім-кешек тігу) әйел затына тән барлық түрін жетік меңгерген. Осы қолөнер түрлерімен 1984 жылдан бері тыңбай еңбек етіп келеді. Жүнді тазартып, өңдеп, табиғи бояу барлығын өз қолымен жасайды. Жүзден астам бау-басқұр, бөстек, қоржын бұйымдарын жасаған. Халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпазы. Музей-қорық қорында шебердің әртүрлі техникада жасалған көптеген бұйымдары сақтаулы.

Тікбұрышты кілемше (7 сурет «Ғажайыптарға толы өрнектер», КП 61-33008. 2014ж.). Ақ фонда өсімдік сурет - қызыл  түсті жүйеленген  оюлар. Кілемшенің жиектері қызыл, ал оның сырты ашық сұр сызықпен көмкерілген.  Авторы Н. Р. Тәшімова сәндік-қолданбалы өнер шебері, Қазақстан қолөнершілер ұйымының мүшесі. 2010 жылы ШҚО қолөнершілер ұйымының ұйымдастыруымен болған тренингке қатысып, киізден заманауи бұйымдар жасауды меңгеріп, бүгінгі күнге дейін сүйікті қолөнермен айналысып келеді. Дәстүрлі бұйымдармен қатар қазақтың ысырма оюларын қолдана отырып, киізден киім-кешек және сәндік кілемше жасайды.

Қорыта келгенде киіз басу қазақтың дәстүрлі қолөнері, ол сан ғасырдан бері халқымыздың тұрмысында мәдениеті мен өнерінде ерекше көрініс беріп келеді. Бүгінгі таңда заман талабына сай киізден түрлі бұйымдар жасау жаңа қырынан танылуда. Ою-өрнектің үйлесімдігі, жасалу техникасының өзгешелігі және саналуан қолөнердің жаңалық  болған ертеден келе жатқан дәстүрлі өнердің сақталған бірегей туындысы. Шығыс Қазақстан облыс шеберлері осы қолөнерді жалғастырып, жаңаша стильде жасап келеді.

 

Әдебиеттер  тізімі:

 

  1. Шедевры Великой степи. Ш.Ж. Тохтабаева. 2008 ж.
  2. Народные промыслы и ремесла казахов. К.Н. Раимханова., А.А. Мекебаева. Алматы, 2003
  3. Көне дәстүрлерді қайта жаңғырту. 2010 ж.
  4. Қазақтың сәндік-қолданбалы өнері. ХVIII ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасыр. Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы КМҚК Өскемен, 2019 ж.
  5. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. Кәмалашұлы Биқұмар. Уланбатыр, 2013 ж.

 

 

Жадыра Тоқтарбекқызы Рахатова

ШҚО Өскемен қаласы Шығыс Қазақстан облыстық

сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы

 

Сборник «Материалы республиканской научно-практической конференции «Путь независимости: становление, развитие и перспективы»,

посвященной 30-летию независимости РК, Министерство культуры и спорта РК, Национальный музей РК,  Нур-Султан, 2021 г., стр. 162-170

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …