• Increase font size
  • Default font size
  • Decrease font size
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Рахатова Ж. Т. Әсемдікпен үйлескен қолөнер

Рахатова Ж. Т. Әсемдікпен үйлескен қолөнер

Мақала теріні көркемдеу өңдеу қолөнерінің құрлымы және заманауи бағытта қолданылуы жайлы жазылған. Қорда жинақталған бірқатар сәндік әшекей-бұйымдарымен таныстыру, сондай-ақ олардың жасалу әдістерінің бүгінгі күнге дейін қолданылып келе жатқан түрлерін жеткізу. Сәндік-қолданбалы қолөнер түрінің заманауи қолөнерге айналғанын, қор жәдігерлерімен таныстыру.

Қолөнердің арасында жетекші орынды былғары кәсіпшілігі алған. Қазақтар баяғыдан-ақ теріні илеуді және оны түрлі түске бояуды білген, теріге батырма салу, өрнек тігу техникаларын меңгерген. Бояуды өсімдіктерден және жергілікті жерде өндірілетін түрлі минералдардан алған. Сәндік-қолданбалы өнердің заттарына жүнінен тазартылған ірі малдың (жылқының, ірі қараның және түйенің) терісі жаратылған.      

        Халықтық қолданбалы өнер Қазақстан халықтарының материалдық және рухани мәдениеті болып табылады. Қолтума өнерінің болмысы, өңдеу технологиясы, стилистикалық эволюциясы және тарихи деректігі кез келген халықтың қолөнерінің болмысында бар, әрі олардың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері ұрпақтан ұрпаққа мирас болып жеткізіліп келеді. [1-100] Ұлттық көркемдік дәстүрлер және жаңа ағымдағы шығармашылық ізденістер шеберлер мен суретшілер өндіретін тері бұйымдарынан көрінеді, ескі замандардан келе жатқан терінің бетіне батырғымен өрнек салудағы байырғы технологиясы еш өзгеріссіз сақталуда.

         Терінің түсінің айтарлықтай маңызы бар, оны теріге өң беру үшін, сонымен қатар су өтпестей етіп ширықтыру үшін бояйды. Әдетте теріні қошқыл, күрең қызыл, қоңыр, қара түстерге бояған. Бұдан бөлек теріге ою-өрнек бастырады, ол  үйлесімді болуы керек. Бұл үшін теріні бірнеше күнге суға малып, содан соң қалыппен ұйқалап терінің арасына салады да үстінен әбден кепкенше ауыр жүкпен бастырып қояды. Егер қалыптың орнына жұмсақ иленген теріге тары себелеп, жүк астында кептірсе ғажап сәнді шегрен былғарысы пайда болады.  Ірі қара малының иленбеген терісін шылғи тері немесе шылғи қайыс, ал тері иленіп ұқсатылғаннан кейін оны қайыс деп атайды. Мал терісінен  жабағы тон, іштік тон, тері шалбарлардың түрлері, ішіктер, тымақ, бөрік жасалады. Қайыстан өріп қамшы, қарғы бау, жүген, белдік, торсық жасаған. Былғарыны өңдеп етік, абдыра амиян, белдік, ер-тұрман, домбыра қап, дорба, кебіс жасаған.

        Тері бұйымдарды жасауда, мысалы: сырт киім, аяқ киім, бас киім және басқа да тұрмыстық тұтыну бұйымдарын (ат әбзелдері) жасағанда металл, сүйек, тас сияқты қосалқы заттарды әшекейлеу үшін пайдаланған. Қазіргі заман туындыларында нағыз стильдік бағыт қатты дами қойған жоқ, бірақ сәндік-қолданбалы өнер шеберлері және әуесқой қолөнершілер шығармашылық ізденістерінде дәстүрлі сарындармен шектеліп қалмауға тырысады, яғни заман талабына сай әшекейлік заттар жасап тері қолөнерін жалғастырып жүр. Халық шеберлерінің ерекшелігі – материалға күтіммен қарап, оның табиғи қасиетін түсініп, азғана құрал-сайман пайдалана отырып оларды көркемдеп құбылту қабілеті, тағы бір ерекшелігі – бір шебердің бірнеше жұмысты атқара алуы.  

       Шығыс өңірінде теріні көркем өңдеуші шеберлер жетерлік, олар Ж.З. Мұқажанов, қазақтың ұлттық қолөнерімен 1993 жылдан бері шұғылданады. Қолөнерді туған ағасы ҚР еңбек сіңірген зергері, Феберже кавалер орденінің иегері, профессор Мұқажанов Амангелді Зәрубайұлынан үйренген екен. Қазіргі таңда шеберіміз сәндік-қолданбалы өнер шебері, «Мұқажанов» ЖК басшысы. А.Д. Оразғалиев, оның ұсынған жаңашыл жобалары қашанда халық дәстүріне етене жақын әрі тығыз байланыста. Шебер ежелгі тұрмыстық заттарды, қазақтың дәстүрлі ұлттық нақыштарында жасап, жаңғыртуды мақсат тұтқан. Көптеген  бұйымдары талай көрмелер арқылы Орта Азия, Жапония, Америка, Франция елдерінде танымал болды. Архат өз ісінде ағаш, тері материалды қолданады және  әрбір бұйымға қазақтың ұлттық оюларын салады.  Көпшілікке белгілі туындылары -  «Қыз ғұмыры»,  «Ата-Баба дауысы» мүсіндері, сондай-ақ «Бала Абай» атты үлкен туындысын  «Бөбек» қорының Президенті, еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызы Назарбаеваға сыйға тартқан. С.Н. Назархан және  Ж.Ж Айбын. Шеберлердің жұмыстары еліміздің тарихымен, қазақ халқының өткен ғасырдағы тұрмысымен таныстырады. Торсықтар, қалқандар, қамшылар мен петроглифтер бейнеленген паннолар және т.б. бұйымдармен музей-қорықтың қорын толықтыруда. Қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнер туындылары қазақтың ұлттық дәстүрлерін жалғастырушы болып табылады және жоғары кәсіби шеберлікпен сипатталады.

       Жер бетіндегі көне қолөнер түрлерінің бірі - теріні өңдеу. Алғашқы киім аңдардың терісінен жасалса, кейіннен адам оны жүннен тоқып киді, дами келе зығырдан, жібектен және әртүрлі матадан киіне бастады. Теріден бұйым жасау технологиясы барған сайын жақсара түсті. Тұрмыстық заттар нағыз өнер туындыларына айналды.

      Барлық музейлерде жұмыс жүйесі ортақ болып табылады. Олар музейлік затты ғылыми тұрғыдан сипаттап жазу, оларды таңбалау, сақтау орнын ұйымдастыру, түгендеу, қолда барын салыстыра отырып, тексеру – міне қор жұмысының негізгі бағыттары осылар. Ал, ең бастысы музей қорын бірегей және дәстүрлі бұйымдармен толықтыру, оларды экспедиция арқылы, кәсіби шеберге арнайы тапсырыс беру арқылы және қорда саны аз немесе мүлдем жоқ туындылармен толықтырып отырады.

        «Музей - ел мәртебесі, тарихымыздың төлқұжаты» деп білемін. Сондықтан да мақаланы  музей-қорықтың қоры жайлы айтып өтуді жөн көрдім. Осы орайда музей бұйымдары туралы ақпаратты Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық музей-қорықтың жұмыс істей бастаған алғашқы күндерінен бастап бүгінге дейін қор жинамасын толықтыру ісінде халықтардың этнографиясы мен тарихының заттық ескерткіштеріне басымдылық берілуде.

         Музей мемлекеттік мәртебеге ие болғаннан кейін, оған 1968 жылы құрылған мектеп музейінің қорында ондаған иконалар, күміс бұйымдар, жүздеген белбеулер, сүлгілер, сарафандар, тұрмыстық бұйымдар болған екен. Бұлар сол аймақта тұрған ескідәстүршілдерден жинап алынған. Бүгінде музей қоры – бұл айтарлықтай ауқымды да күрделі шаруашылық, оған 68 000-нан астам музейлік зат кірген. Мұндағы жәдігерлер яғни музей заттары ретінде және мәндік орнына байланысты коллекцияларға бөлінеді (барлығы 22 коллекция). Әрине әр коллекцияның ішінде мыңдаған бірегей жәдігерлер бар. [5, мағлұмат] Қор жылына орта есеппен 1000 – 1200 музейлік бұйымдармен толығып отырады. Шығыс Қазақстан музей-қорығы Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар басқа да елдер халықтарының этнографиялық және тарихи-мәдени мұрасына арналған бірегей және сирек жинақтамаға ие.

       Музей қоры жыл сайын теріден жасалған дәстүрлі бұйымдармен толықтырылып отырады. Соңғы жылдары металлдан жасалып, терімен қапталған және ою-өрнекпен бедерленген қалқан, ағаштан ойылып, терімен қапталған жағлан, торсық және қамшы бұйымдарымен саны артты.    

        Шеберлер терімен жұмыс істеудің: бедерлеу, қию, біріктіру сияқты негізгі тәсілдерін меңгерген. Олар теріні өзге де сәндік өңдеудің: аппликация (жапсырма), гофрирлеу, кестелеу, перфорация бойынша тоқу, басу, күйдіру, сыдыру, ою тәсілдерін де жақсы меңгерген.

      Тері - ұзақ сақталатын материал. Сондықтан бұйымдар адамға ұзақ уақыт қызмет етеді. Терімен жұмыс істеу барысында шеберлер арнайы құралдар: қайшы, етік пышағы, біз, пинцет, ине, желім және т. б. пайдаланады. Сонымен қатар  тері  қиындыларынан шеберлер үйді әсемдеуге арналған интерьерлік заттар, кәдесыйлар жасайды. Жұмыстың негізгі қызметі - рухани және эстетикалық қанағаттану. Ұлттық нақышта жасалған әрбір туынды қашанда бағалы. 

      Мал терісін илеудің ел арасында кең тараған бірнеше түрлері бар. Солардың ішіндегі негізгісі: ағаш күбіге немесе басқа кең ағаш ыдысқа айранның сары суына, ашыған іркітке ұн, кебек, тұз салып ашытады да, теріні соған салады.
Кейін өңделіп болған теріден - бөстек (жұмсақ төсеніш) және мес (қымыз, шұбат, айран, іркіт сияқты сүт тағамдарын құюға арналған ыдыс) тұрмыстық заттар жасаған. [3-66] Тері илеуші  ісмерлер ерте кезден бері теріден ат әбзелдерін, әйелдер мен еркектердің белбеулерін, әсем өрнектелген ыдыс-аяқтар мен торсықтар жасай білген. Ежелгі заманда шонжарлар арасында сирек кездесетін, үй қабырғасына сән беретін тері тұскиіздер жасау дәстүрге айналған. Ал, оларды жасау көп уақытты және еңбекті талап ететін. Шеберлер тері бұйымдарды былғарыға жоғарғы қысыммен рельефті өрнек салу арқылы да безендірген. «Жағлан» деп аталатын тері сандыққа бедерлеу тәсілмен жасалады. Жағлан ағаштан жасалып, сырты терімен қапталады және алдыңғы жағы мен қақпағына ою-өрнекті бедер салынады.  

       Халық шеберлерінің шығармашылық мұрасы шеберліктің сенімді іргетасы ретінде өткені мен бүгінгіні болашақпен байланыстырып тұрған маңызы зор дәнекер. Оның түпкі мақсаты – өнердің күнделікті тіршілікте берік орын алуын және әр заманда өмір сүрген суретшілер мен шеберлер нәсілінің арасындағы сабақтастықтың үзілмеуін қамтамасыз ету болып табылады. Мақалада осыны жеткізіп және қазірде теріден жасалған заманауи сәндік бұйымдар туралы мағлұмат беру. 

      Қалыптау аркылы теріден бұйымдар жасау. Картоннан немесе тері жаңқаларынан кесу және алдын ала ылғалданған тері қабатының астына төсеп, содан кейін тері төселген соң бедерлеу, осы әдістер бүгінгі күнге дейін қолданылып келеді. Қандай бұйым болмасын, ол тікелей терінің қалыңдығына байланысты. Теріні кептіргенде өрнектелген жерімен бірге қатаяды, [6-189] және түрлі-түсті контурлық өрнек өзінің айқындығын және енін сақтайды. Қырнау - алдын ала ылғалданған терінің бетіндегі үлгіні кесу, кейін ол арнайы құралдармен кеңейтіліп, жабысқақ бояу қабатымен толтырылады. Ал мозаика техникасы түрлі-түсті былғары қиындылармен безендіру болып табылады. Былғары мозаикамен бұйымдарды безендіру түрлері: бөліктерге кесу, тігу, кестелеу және жиектеу.

        Тері зауыттары Алматы және Шымкент қалаларында болған. Онда былғарыдан жасалған кәдесыйлар мен көркем бұйымдар көптеп тараған, оларды безендіру үшін металл мен пластмассаларды жиі қолданған. Әмияндар, қалталар, көзілдірікке арналған қаптар, сағаттарға арналған бау және белдіктер шығарған. 

       Ерекше талғаммен жасалған әшекей бұйымдар әйелдер қауымын әсемдікке бөлеп қоймай, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Ол кез-келген образға реңк беріп, гүлдей жайнатады. Сондықтан, қолөнер туындыларының ішінде жоғары бағаланады. Әшекей бұйымдарды жасау аса ыждаһаттылық пен дәлдікті талап етеді. Шығыс Қазақстандық шеберлер әшекей затын шикізаттың кез келген түрінен әзірлеуге болатынын дәлелдеп келеді. Әрбір бұйым шебердің таланты мен қиялының шексіздігін білдіріп тұрады. Музей-қорық қорының заманауи сәндік тері топтамасына – картиналар, паннолар, әшекейлер, аксессуарлар және кәдесыйлар жатады. Алқалар, білезіктер және түйреуіштер өзінің жасалу ерекшелігі тартымды әрі бір-біріне ұқсамайды. Материал түсінің үйлесімдігі, сапасы және әсемдеу жағынан ерекшеленіп тұрады. Сондай-ақ  жасалу формасына дейін ойластырылып қайталанбас әсемдікті көруге болады. Шеберлердің көбі теріні ТМД елдерінен тапсырыс арқылы алдыртады. Болмаса Өскемен қаласында тері қиындыларын сататын дүкеннен алып қолданады. Айтып өткенімдей сұранысқа ие болғандықтан және үнемі ізденіс үстінде жүретін шеберлер қайталанбас әшекейлер жасайды, солардың бірін жандандырып жүрген - Рудакова Лидия Петровна (1948 жылы туған), сәндік-қолданбалы өнер шебері – шығармашыл адам. Москваның механикалық-технологиялық техникумының аяқ-киім құрастыру және теріні көркем безендіру факультетін бітірген. Колледжде жұмыс істей жүріп теріден көркем бұйымдар жасау жөніндегі әдебиеттерді көп оқыды. Осы уақыттан бастап теріден паннолар, әшекейлер, қобдишалар, тұмарлар, сонымен-қатар сюжеттік, гүлді-өсімдікті және абстракті композициялар жасай бастаған. Лидия Петровна 2004 ж. бастап облыстық этнографиялық музей-қорықпен белесенді жұмыс жасап келеді, облыстық көрмелердің тұрақты қатысушысы, және де 2018 ж. деребес көрмесі ұйымдастырылып өткізілген. Дербес көрменің ерекшелігі шебер туфлилердің және тәпішкелердің түрлерін жылдар бойы топтама қылып жинаған. Әлемді аралап жүретін туыстары, жолдастары үнемі кәдесыйлық тәпішкелерді сыйлайтын болған, 250-ден аса түрі жинақталған. Шебер әлі күнге дейін сапалы терілерден сәндік алқа мен білезіктер жасап жүр.  

       Қорда қөлемді аппликация техникасында жасалған сәндік паннолар сақтаулы, солардың бірі «Бүлдірген», «Асқабақ» деп аталады (сур.1). Паннода автордың өзіндік эстетикалық ерекшелігі байқалады, және замануи 3D форматта жасалған. Панно тікбұрышты, жалпақ, ағаш жиектемеге орнатылған негізгі түсі күрең жасыл, бүрмеленіп көмкерілген. Оған ақ гүлдерімен қызылды-сарғыш бүлдіргені бар бұтақша бекітілген. Жапырақтар сымтемірмен отырғызылған. Келесі сәндік панно «Асқабақ», ол да осы мәнерде жасалған, онда домаланған тоқсары асқабақ, жапырақтары тоғыз дана, түстері – жасыл, қоңыр және қара ірі, рельевті болып келген. Сабағы иреленген ашық-қоңыр түсті әрбір жерінен шығып тұр. Әрбір жапырақтың контуры асқан шеберлікпен жасалған.  Өлшемі – h -25 х 32 см.  (КП 35-25633, КП 35-25634, жасалу мерзімі - 2004ж.).

        Осы қолөнер түрін жаңғыртып жүрген келесі шебер, әуесқой шебер Ольга Владимировна Ермоленко (1958 жылы туылған). Мамандығы әннен сабақ беру болса да, әшекейлік заттар жасауды жетік меңгерген. Алғаш рет «Шығыс Қазақстан шеберлерінің туындылары» атты дәстүрлі облыстық көрмеге қатысып, қазіргі таңда қалалық және облыстық көрмелердің тұрақты қатысушысы.

       Қазір қолөнерге деген қызығушылық артып келеді, кез-келген зат болсын, киім болсын барлығын ұлттық нақышта жасайды. Шебер заманауи сәндік әшекейлік бұйымдардың түр-түрін жасап жүр, мерекелерде, сонымен қатар мәдени іс-шараларда ұйымдастырылатын  көрме-жәрмеңкелердің белсенді қатысушысы.  Автор теріден ғана жасап қоймай, оларды табиғи үлбірмен, бағалы тастармен және фурнитуралармен әсемдейді. Бұйымды жасамас бұрын, алдымен қағазға суретін салып, кейін әсемдік жағын ойластырады. Сонымен қатар теріден кілтке тағатын брелок, телефон қаптайтын қап, құжат салатын қалташалардың барлығын жасап, қолөнерді жалғастырушы және дамытушы шеберлердің бірі.

  Сапалы терілерді Петербург қаласынан немесе осы қаладағы «Обувная лавка»  дүкенінен алады. Шебердің қордағы «Жапырақ» деп аталатын (сур.2)  жиынтық сырға мен түйреуіштен тұрады. Жапырақтар 3-4 қабаттан әртүрлі түстегі теріден жапсырылған (жасыл, қоңыр және сарғыш). Алтын түстес сары  фурнитураға тізіліп ақ моншақтармен әсемделген (салпыншақ). Өлшемі - 14,5-7,5 см. (КП 85-39512 1/3 жасалу мерзімі – 2020 ж.). Келесі бір әдемі жиынтық, ол алқа мен білезік (сур.3). Алқа дөңгелек пішінді, түсі қоңыр мен күрең қызыл. Бетінде көлемді алты жапырақты гүлмен екі жапырақ жапсырылған. Алқаның өлшемі - 37,5 см., 6,5 см., білезіктің - 21 х 3,5 см. (КП 85-39513, 85-39514 жасалу мерзімі – 2021 ж.). Осы түстес қолға тағатын білезігі бар, ол да көлемді жалпақ жапырақты гүлден тұрады. Білезік кнопкамен жабылады. Қолөнерші әрбір әшекейдің әдемі қапталғанына мән берген, оны түсті картонға бекітіп «сделано с любовью» деген жазу жазған.  

  Жылдар бойы тері өңдеумен айналысқан сәндік-қолданбалы өнер шебері Аристова Елена Олеговна (1971 жылы туған). Ол Өскемен қаласындағы №4 орта мектепте оқып жүріп балалар шығармашылығы мектебінде қолөнерді үйренген. №13 ОКТУ жеңіл көйлек тігу мамандығы бойынша тәмамдаған. Теріден әшекейлер жасауды арнаулы әдебиеттер арқылы өз бетінше үйренді. Ол терімен жұмыс істеудің алуан түрлі тәсілдерін игерген. Жұмыс құралдарды тапсырыспен жасатады. Музей-қорықтың көктемгі көрмелеріне қатысып, ертегі тақырыбына панно, адамдардың тұлғаларын, аңдар бейнелерін ұсынған. Қорда шебердің әсем безендірілген әшекейлері сақтаулы, солардың бірі мойынға тағатын алқа. Үлкен және кішкентай (кішкентайлары ағаштан) домалақтардан тізілген, түсі қоңыр, таспа баулармен әсемделген. Дәл ортасында жұмыртқа тәріздес қоңыр түсті, көлемді иректермен ақ түсті апликациямен безендірілген алқа бар. Өлшемі – h – 32 см. (КП 50-30008 жасалу мерзімі – 2008 ж.)

            Алғаш рет музей-қорықтың Солжағалық кешеніндегі Шеберлер қаласы №4 көрме павильонында «Әйелге әсемдік жарасады» атты (сур.5) көрме ашылған болатын, онда ШҚО шеберлерінің 150-ден астам бұйымдары ұсынылды. Көрмедегі әшекей бұйымдар тас, тері, жүн, ағаш, танамоншақ, шыны, пластик сияқты әртүрлі материалдардан жасалған әшекей-бұйымдар қойылды. Айтайын дегенім, әсемдікті әр әйел заты жасай алады, ал соны қолөнермен ұштастырып жүрген шеберлердің бұйымдары көрмені, жәрмеңкені басқа да мәдени іс-шаралардың ерекшелігін келтіріп тұрады. Жылжып қаншама жылдар өтер, бірақ музей қорларында сақталған халық қолөнері, оларды көз тоярлықтай әдемі жасап ұсынған қолөнер шеберлері мен қазақ халық қолөнерін зерттеушілер саны арта түспесе кемімек емес.

      Қазіргідей қолөнерге халықтың қызығушылығы артып, тамырын іздестіре бастаған кезде көркемдік нарықта шеберлердің өніміне сұраныс артты. Бейнесі ерекше әдемі бұйымдар қолөнердің, одан әрі дамып тоқтамай үлес қоса беретіні анық.   

   

 

Әдебиеттер тізімі

 

  1. Бейнелі альбом. Көне дәстүрлерді қайта жаңғырту. Алматы, 2010. 291 бет.
  2. В. Пушкина. Кожа. Москва, 2003. 247 бет
  3. Айғазиев Е.А. «Тері илеудің әдістері туралы түсінік беру». 
  4. Акмурзинова Ғ. «Мәдениет жаршысы» 2008. №7.
  5.  «Әлемге ашық мұражай». Өскемен қаласы. «Рекламный Дайджест» баспаханасы, 2014. 512 бет.
  6. Бардина Р.А. Изделия народных художественных промыслов и сувениры. Москва, 1990. 301 бет.

 

 УДК 7 (574)

Жадыра Тоқтарбекқызы Рахатова

ШҚО Өскемен қаласы

 

Шығыс Қазақстан облыстық

сәулет-этнографиялық және

табиғи-ландшафттық музей-қорығы

халықтық және сәндік-қолданбалы

өнер бөлімінің

ғылыми қызметкері.

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …