Өскемен қаласында қазақтың қамқорлығындағы әр ұлттардың тыныс-тіршілігі мен болмыс-бітімін бейнелейтін этноауыл бой көтереді. Өткен жылы облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев осындай бір бастама кетерген-ді.
Этноауыл құрылысы қашан басталады, қашан аяқталады? Жалпы, этноауылдың ерекшелігі, мән-маңызы, ел-жұртқа әкелер пайдасы қандай? Осы сауалдардың қалың жұртшылықты толғандырып жүргені белгілі.
Өткен жылы Өскемен қаласында этноауыл салу жөнінде сез болғаны белгілі.
- Бұл бағыттағы іс-шаралар басталып кетті десе де болады. Этноауыл құрылысын Ертіс өзенінің сол жағалауына, яғни демалыс аймағы аумағына салуды жоспарлап отырмыз. Неге? Өйткені ол жақта қазір үлкен мешіт құрылысы бой көтеріп жатыр. Содан кейін жақында Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналып ашық аспан астындағы мұражай ашылады. Қысқасы, бұл демалыс аймағы қалалықтар үшін үлкен мән-маңызға ие, көз қуантып, көңіл тойдыратын жай ғана демалыс орны емес, рухани демалыс мекені болса деген ойымыз бар. Бір айта кетерлігі, бұл жақта арнасы кеуіп, көп жылдан бері қараусыз қалған өзен бар болатын. Сол өзенніңтамырына қан, бойына жан жүгіртіп, көзін ашсақ па деген де ниетіміз жоқ емес.
Этноауыл салынатын жерде үлкен концерт залы болады. Соның жан-жағына әр түрлі үлттардың этноауылдары бой көтереді. Жалпы, этноауылдың идеясы мынадай. Бұл жерде барлық этноауыл өздерінің шағын іс-шараларын өткізіп, сол жерде топтасып, емен-жарқын әңгімелеседі. Тек қана ресми іс-шаралар емес, бұл жерде олар емін-еркін демалуы керек. Бір сөзбен айтқанда, этноауыл ұлт пен ұлтты жақындастырып, ел мен елді елдестіріп, елімізді мекен еткен өзге ұлттардың аға ұлттың аталы сөзіне ұйып, ұрпаққа оң тәрбие беретін киелі мекен болуға тиіс.
Этноауылдың сызба жұмыстарымен облыстық этнографиялық мұражай мен қалалық әкімдік шүғылданып жатыр. Ол жерге нақты қанша ұлттың ауылы салынатынын қазір дөп басып айта алмаймын. Және барлығына бірдей үй бой көтермейтіні де анық. Бұл ең әуелі олардың өздерінің белсенділігіне де тікелей байланысты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты баршамызға белгілі. Ол - елімізді мекен еткен, қазақпен тағдырлас өзге ұлттарды қазақ халқының маңайына шоғырландыру. Этноауылдың салынуы - үлкен мұраттар жолындағы игілікті қадамдардың бірі.
Қазір құрылыс басталып қойды. Шілде айына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Еркінбек Аязбаев
Шығыс Қазақстан облысы
Қазақстан халқы Ассамблеясы
хатшылығының меңгерушісі
г. Дидар, 2010 ж., 30 сәуір
< Prev | Next > |
---|