Өскемен қаласы, Спорт сарайы, 2011 жылғы 25 наурыз
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Шығыс Қазақстан облысындағы этномәдени бірлестіктерінің өкілдерімен кездесуіне орай ұйымдастырылды.
Көрменің негізгі мақсаты: Қазақстан халқының бірлігін сақтау, төзімділік, этностар мәдениетінің саналуандығын түсіну саласында қол жеткен басты жетістіктерді көрсету.
Өзінің ұлттық құрамы бойынша Шығыс Қазақстан бірқатар тарихи жағдайларға байланысты Қазақстан Республикасындағы бірегей аймақ болып табылады. Мұнда 105-тен астам ұлттар мен ұлыстар тұрады. Соған байланысты ШҚО халқының көпұлтты құрамының қалыптасуын, этномәдениеттің ХХ ғасырда жойылып кеткен сабақтастығын іздестіріп, оның жаңғыртылуын, мемлекеттік қоғамда этностардың лайықты орын алуын көрсету еді.
Бұл міндеттер Шығыс Қазақстан облысы халқы Ассамблеясының туы астына біріккен ШҚО-дағы 13 халықтың материалдық және рухани мәдениетін көрсету арқылы шешімін табуда. Бұлар: қазақтар, орыстар, корейлер, ұйғырлар, немістер, еврейлер, әзірбайжандар, армяндар, шешендер, поляктар, украиндар, белорустар мен татарлар.
Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының қорындағы түрлі халықтардың тұрмысы мен мәдениетінен сыр шертетін материалдар әр халықтың дәстүрлі костюмдерін, қолөнерлері мен тұрғын үйлерінің түрлі-түсті иллюстрациялары бар ақпараттық планшеттердің тұсына қойылды. Осы жерде этномәдени бірлестіктер туралы қысқа ақпарат орналастырылған. Бұйымдар подиумдар мен көрнектерде көрсетілді. Әртүрлі халықтардың манекендерге кигізілген сәнді де әсем киімдері келушілердің назарын аударды.
Көрмеге барлығы 439 жәдігер қойылған болатын.
Ұлттық колөнер шеберлерінің бұйымдарында халықтардың өзара ықпалы мен өзара байланысы бірден байқалады. Мәселен қазақтардың үш сүлгісінде гүлөрнектер шымкестемен емес, болгар айқас кестесімен және тығыз кестемен кестеленген, ал орыстардың алқызыл рушниктеріндегі барқыт ендірмелерде «қошқар мүйіз» шиыршықтары түріндегі өрнек шымкестемен салынған. Семей ісмері Елена Андреевна Го Сунн Чиннің қымызға арналып ағаштан жасаған жиынтығы сырт пішінімен, түр-түсімен және іске жарамдығымен ғана емес, соныен қатар тамаша орындалуымен де көз тартады. Қымызға арналған жиынтықтағы өрнектерді орыс шеберінің зор шабытпен орындағаны байқалып тұр. Қазақ халқы сәндік өнерінің таңдаулы дәстүрлері Шығыс Қазақстанның тамаша шеберлері А.Коробков («Арқарлар» кәдесыйы), Е.Курдаков («Ата» мүсіні) шығармашылығынан көрініс тапқан. Көрмеде көрсетілген бұйымдар қазақтардың шұғылданатын дәстүрлі шаруасы, атап айтқанда көшпелі мал шаруашылығы жайында сыр шертеді.
Орыс киімдерінің жанында ХІХ ғасыр соңындағы алтай өрнектері салынған жіпиіргіштер қойылған, олар бүгінде алтай өрнектерін жаңғыртқан шебер В.Ляпунов орындаған қазіргі заманғы сәндік жіпиіргіштермен тамаша жарасып тұрды. Хохлома айшықты суреттерімен безендірілген әсем бұйымдар барлық экскурсанттардың назарын өздеріне аудартты.
Ісмерлер қолдан тоқыған ескідәстүршілдік белбеулер сантүрлілігімен және бірегейлігімен ерекшеленеді. Олар дәстүрлі геометриялық өрнектермен, немесе сыйға тартылғаны туралы болмаса дұға сөздері берілген өрнекті жазбалармен безендірілген.
Поляк этномәдени бірлестігі бөлімінде Краковта тігілген ұлттық әсем костюмдер көрмеге қойылған, оларды Қазақстан Республикасындағы Польша елшілігі мұражай-қорыққа сыйлаған болатын. Поляктардың рухани мәдениеті иллюстрациялы «Жыл мезгілдері» атты альбом-кітаптар, оқулықтар мен оқулық құралдар, сондай-ақ заманауи сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары арқылы көрсетілген.
Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрлігі мұражай-қорыққа екі рет – 1999 және 2005 жылдары әзірбайжан халқының материалдық және рухани байлығымен таныстыратын бұйымдар коллекциясын сыйлаған еді. Әзірбайжандардың металдан жасалған дәстүрлі ыдыс-аяғы, қазіргі заманғы қолданбалы өнер бұйымдары, өздеріне тән өрнектері бар әзірбайжан кілемдерінің бір бөлігі және музыкалық аспаптары көрермендер назарына ұсынылды.
Соңғы 2009 жылғы халық санағы бойынша облыста 7078 украин тұрады. Көрмеде Қазақстандағы Украина елшілігінің берген украин ұлттық киімі, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, украиндарға тән кестелі рушниктері көрсетілді. Қор жәдігерлерін ісмер Раиса Федоровна Авдееваның ғажайып еңбектері толықтырды, ол украин этномәдени бірлестігіндегі «Чаровница» үйірмесінің жетекшісі болып табылады.
Көрменің «Шешен-ингуш этномәдени бірлестігі» бөлімінде діни заттар мен сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары, су құятын үлкен ыдыстар, сәндік ағаш тостағандар мен қасықтар және тоқылған кілемшелер көрмеге қойылды.
Әсем кестеленген ақ рушниктер тұсында белорустардың ХХ ғасыр басындағы костюмдерінің қасында сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары қойылған, олар сабаннан жасалған кәдесыйлық қуыршақтар, шағын вазалар, қобдишалар.
Шығыс Қазақстан немістерінің көпшілігі 1941 жылы өлкемізге жер аударылғандар болып табылады. Туған жерге, туған үйге деген сағынышы ісмерлердің бұйымдарынан байқалып тұр. Мәселен, 1901 жылы туған Андрей Андреевич Брауземан 1954 жылы қызы Полинаға сыйлау үшін ағаш қобдиша жасаған, онда Саратов облысы Подлесков ауданының Петитингер селосындағы үйі бейнеленген. Осы жерден немістердің дәстүрлі оқтауы, қасықтарға арналған өрнекті тұғыр, тік жіпиіргіш орын алған. Әйелдердің қолөнері салфеткалар, кестелер мен жазбасы бар жастық тысы арқылы берілген.
2011 жыл – Қазақстан Республикасындағы Корея жылы, сондықтан бөлім қызметкерлері корейлердің тарихи отанымен байланысы тақырыбын барынша ашып көрсетуге ұмтылған. Мұнда, сондай-ақ пастор Ким Хон Бе мен оның зайыбы Джон Сунн сыйлаған бұйымдар коллекциясы көрмеде көрсетілді. Бірінші көрнекте үйлену тойына байланысты бұйымдар: «Күйеу жігіт» пен «Қалыңдық» қуыршақтар, күйеу жігіт пен қалыңдықтың үйлену тойылық бас киімдері, «Корей ауылындағы үйлену тойы» панносы орын алса, екіншісінде – үстіне корейлердің дәстүрлі ыдыстарының жиынтығы қойылған тамақ ішетін үстел тұрды. Келермендер корей музыкалық аспаптары: барабан мен каягымға үлкен қызығушылық танытты.
Татар коллекциясында өрнекті тоқымашылығы бар сүлгілер, костюм элементтері және әйелдердің бас киімі – түрлі-түсті жіптермен өсімдіктік өрнектер кестеленген калфактардың үш түрі көрмеге қойылды. Әйелдердің кеуделік әшекейі – оқадан жасалған изю, әйелдердің түрлі-түсті былғарымен жозыланған жұмсақ былғары етіктері, ерлердің күміс қапсырмасы бар тоқыма белбеу осы жерден орын алған.
Алматы қаласындағы Сурб Карапет армян храмының настоятелі Маркос Саргсянның сыйлаған діни заттары: батыс-армян тілінде 1905 жылы шыққан «Інжіл», армян тіліндегі «Күнделікті дұғалық», сондай-ақ «Құдайана сәби Иисус Христоспен» және «Әулие Григорий Просветитель» атты екі армян иконы армян этномәдени бірлестігі бөлімінің бір көрнегінен орын алды. Екінші көрнекте хачкардың (тас крест) кәдесыйлық түрі, «Армян алфавиті» панносы, үрмелі музыкалық аспап, армян коньягіне арналған ыдыс жиынтығы, кәдесыйлар мен кітаптар жайғасқан.
Еврей бөлімінің орта тұсына ағаштан жасалған ханукалық шамшырақ қойылды. Ал көрнектерге еврейлердің діни заттары: тфеллин, шабаттық салфеткалар мен шырақтар, менора, маца орналастырылса, манекенде діндар еврей ерлерінің костюмі: лапсердак-плащ, цицит пен талит келермендердің назарына ұсынылды.
Ұйғыр бөлімі асқабақтан жасалып, молынан әшекейленген бұйымдар, қызыл тастармен безендірілген әсем сандық және түрлі-түсті қаңылтырмен қапталған шағын сандықша, көркем кілемшелер арқылы ерекшеленді.
< Prev | Next > |
---|