2015 жылғы 13 қарашада Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының 75 жылдығына арналған «Ұлылар мұрасы және музейтану» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған мұражай-қорықтың сирек кітаптар және икона жазу бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Г.Кашаку «Мұражай-қорықтың экспозициялары мен көрмелерінде Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығының көрсетілуі» атты мақаласымен қатысты. Конференция жұмысы барысында Абай шығармаларының текстологиясы, аударылуы, дәстүр жалғастығы, абайтану курсын оқыту барысы және Ақшоқыдағы Құнанбай қажы мен оның балаларының зираттарын қайта қалпына келтіру сынды мәселелер талқыланды. Мұражай-қорық қорына конференция материалдары негізінде дайындалған жинақ алынды.
Келесі күні Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайының ұжымы конференцияға қатысушыларды Жидебай жеріне саяхатқа апарды. Жол бойы ұлылар өмірге келген мекеннің тарихы әңгімеленді. Абайдың, Оспанның, Шәкәрім мен оның баласы Ахаттың, Еңлік пен Кебектің рухына құран бағышталды. Жидебайдағы «Саят қора» экспозициялық залымен және Бөрілідегі М.Әуезовтың мұражай-үйімен таныстырылды.
Осы сапар барысында Абайдың ақын шәкірттері Көкбай Жанатайұлы мен Әсет Найманбаевтың ұрпақтарымен таныстық. Осындай таныстық алдағы уақыттағы зерттеу жұмысымызға көмегін тигізеді деп үміттенеміз.
< Prev | Next > |
---|