«ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандырылған көрме аясында Астана қаласында ағымдағы жылдың 20-30 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет күндері өтті. «Этноауыл» ұлттық мәдени кешені аумағында Шығыс аймағының сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдар жәрмеңке-көрмесі өтті.
Жәрмеңке кезінде көрме павильондарын 10 мыңнан астам адам көріп қайтты. Астана тұрғындары мен қонақтары үшін Семей және Өскемен қалаларынан, Абай мен Ұлан аудандарынан келген 19 шебердің қолданбалы өнер бұйымдарымен танысуға мүмкіндік туды. Қолөнершілер арасында Айман Боқбасарова, Айбын Жұматай, Гүлнар Қожамжарова, Наталья Жукова сияқты атақты шеберлер болды. Олар, Астана қаласына теріден жасалған әшекейлер мен бұйымдарды, тастан жасалған бұйымдарды, керамика мен ағаштан жасалған кәдесыйларды, киізден жасалған дәстүрлі және заманауи бұйымдарды, әскери құрал-жабдықтарды және т.б. әкеліп, көрермендер назарына ұсынды.
Сәндік-қолданбалы өнер кәсіпқойлары Астана қаласына өздірінің бұйымдарын әкеліп қоймай, сонымен қатар, «Этноауыл» ұлттық мәдени орталығының келушілеріне кілем тоқу, қамшы өру, ағаш ою және айшықтау, киізден, жұқа киізден (фетр) және түрлі-түсті құрақтардан кәдесыйлар жасау, кесте тігу, ши тоқу бойынша шеберлік дәрістер ұйымдастырып, өткізді.
«Этноауыл» аллеясында керемет фотокөрме ашылды. Қыин Керіш, Алакөл, Сібе көлдері, Рахман бұлақтары сияқты Шығыс Қазақстанның бірегей қорықтарының фотосуреттері Астана тұрғындары мен туристерінің көңілдерінен шықты. Көрмеге келген барлық адамдар суреттер алдында селфи жасады.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
< Prev | Next > |
---|