Музей-қорықта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақтың сәби дүниеге келгенде жасайтын әдет-ғұрыптары көрсетілді.
Облыстық музей-қорықтың қазақ этнографиясы бөлімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы жастарға ата-бабаларының салт-дәстүрін ұмытпауға мүмкіндік береді. «Біздің міндетіміз – аталған салт-дәстүрді сақтау, өйткені, оларда бала тәрбиесінің бастауы жатыр», - дейді бөлімнің ғылыми қызметкері Алмагүл Кенжина. Сөйтіп, музей-қорық залдарының біріндегі қазақтың киіз үйінде сәбиді бесікке бөлеу «Бесікке салу» және сәбидің жолын ашу – «Тұсаукесер» рәсімдері көрсетілді.
Қазақ халқында бесік жаңа туған сәбидің алтын ұясы, ал «Бесікке салу» ең бір елеулі және құрметті дәстүр болып саналады. Ол бала өте кішкентай кезде, атап айтқанда, қырқынан шықпай тұрып жасалады. Ал жолын ашу, яғни, тұсауын кесу рәсімін ол жылдам жүріп кету үшін жасайды. Әдетте, бұл рәсім бала бір жасқа келгенде жасалады. Ата-бабалар оны баланың болашағы жарқын болып, ешқашан сүрінбей жүрсін деген тілек-ниетпен атқарған.
- Біздің халқымызда баланың өмірге келуі – ең бір елеулі оқиғаның бірі, - дейді қазақ этнографиясы бөлімінің аға ғылыми қызметкері Ләйлә Асылова. – Соған орай бірқатар мереке-думан жасалып, оған әулеттің қадірлі де құрметті адамдарын шақырған.
Өскемен қалалық №1 ӨӨБК-ге қарасты «Қазына» ансамблінің өкілдері Нұржамал Абдуллина, Қазипа Қабышева және басқалар музей қызметкерлеріне аталған дәстүрлерді жүзеге асыруға көмектесті. Онда қолданылған бесік және басқа заттар музей қорынан алынды. Айтөре Жақсылықұлы бесікке бөленсе, Мансұр Мирболатұлының тұсауы кесілді.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
Суретті түсірген Сергей Суров
< Prev | Next > |
---|