Павлодар облыстық көркемсурет музейі өзінің 55 жылдығын атап өтті. Қазіргі уақытта музейде кескіндеменің, графиканың, мүсіннің, сәндік-қолданбалы өнердің қомақты топтамасы жинақталған. Жалпы, музей қорында 6000-нан астам жәдігер бар. Музей-қорық Павлодар көркемсурет музейімен өңіраралық ынтымақтастық және әріптестік шеңберінде тығыз байланыс орнатқан. Мәселен, көркемсурет музейі ақпараттық-ағартушылық бөлімімен «Орыс музейі: виртуалды филиал» бөлімінің жобасы бойынша әріптестікте.
Мерейтой «Мәдениет, өнер және өзгерістер уақыты» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен басталды. Конференция жұмысына музей-қорықтың ақпараттық-ағартушылық бөлімінің меңгерушісі Шынар Кәрібаева қатысып, «Музей: маңызы, функциялары және заманауи әлемдегі ролі» атты баяндама жасады. Ол Павлодар қаласындағы көркемсурет музейінің мерейтойына арналған іс-шараның салтанатты бөлімінде музей-қорық басшылығының және ұжымының атынан Павлодар облыстық көркемсурет музейінің директоры Айгүл Нұрғамысоваға Алғысхат тапсырып, Шығыс Қазақстан облыстық музей-қорығы қорының топтамаларынан тұратын әшекейлік бұйымдардың каталогын сыйлады. «Конференция да, басқа іс-шаралар да ерекше әсер қалдырды, барлығы да жоғары деңгейде, өте жылы һәм достық рәуіште өтті, - дейді Шынар Кәрібаева. – Музей қызметкерлерін Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов құттықтап, жаңа табыстар тіледі. 3 бөлімді кітаптан тұратын «Музей топтамасына 50 жыл» атты жинақтың тұсауы кесіліп, Павлодар көркемсурет музейінің қорынан алынып, ұйымдастырылған «Таңдамалы» атты мерейтойлық көрме ұсынылды. Өз басым мұндай сапарлар біздің музейаралық ынтымақтастығымызды нығайтуға және одан әрі дамытуға жол ашады деп есептеймін».
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
< Prev | Next > |
---|