Тұңғыш Президент күні облыстық драма театрында салтанатты түрде аталып өтті. Мерекеге әртүрлі мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері, діни және қоғамдық бірлестіктердің, мәдениет және білім саласының өкілдері мен студенттер қатысты. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов жиналғандарды келе жатқан мемлекеттік мерекемен құттықтады.
Театр фойесінде орын тепкен «Н.Ә. Назарбаев – Ұлт Көшбасшысы», «Н.А. Назарбаев – Лидер Нации» атты көрме мерекеге ерекше рең берді. Оны музей-қорықтың көрме-экспозициялық бөлімінің қызметкерлері дайындады. 1991 жылы 1 желтоқсанда ҚР-ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алғашқы жалпыхалықтық сайлауда жеңіске жеткен еді. 2012 жылдан бері бұл күн мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіледі. «Қазіргі заман ақиқатында, - делінген көрменің аннотациясында, - мемлекеттің ерекше мәртебесі, көбінесе оның көшбасшысының тұлғасы арқылы айқындалады және ол бүкіл қалыптасу кезеңінде елдің даму бағытын айқындайды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының тұрақты Көшбасшысы. Еліміз оның басшылығымен бұрын-соңды жетпеген биіктерге қол жеткізіп, әлем таныған елге айналды».
Мереке Шығыс Қазақстанның белгілі орындаушыларының концертімен аяқталды.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Алексей Мазницын.
< Prev | Next > |
---|