Музей-қорық облыстық Достық үйімен және облыстық славян мәдениеті қоғамымен бірлесіп, 7 қаңтар күні облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында христиандардың Рождество Христово мерекесіне арналып ұйымдастырылған іс-шараға қатысты.
Мереке басталар алдында Достық үйінің фойесінде музей-қорықтың орыс этнографиясы бөлімінің қызметкерлері жиналғандарды хороводқа қатысуға шақырды. Дәл осы жерде сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің ұсынуымен қолданбалы өнер шеберлері «Белая сова» шығармашылық бірлестігімен бірге өздерінің халықтық мәнердегі өнімдерін шығарды. Аталған бөлім қызметкерлері мереке сахнасын безендіріп, сценарийін жазуға ерекше атсалысқанын атап өткен жөн. Одан кейін үлкен залда «Бастеньки» фольклорлық ансамблінің мүшесі Наталья Сабитова мен орыс этнографиясы бөлімінің меңгерушісі Александр Яковлевтің жетекшілігімен концерт бастау алды. Концертте республикамыз бен өлкемізді мекен ететін сан түрлі ұлыстардың мәдениеті паш етілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Шығыс Қазақстан облыстық хатшылығының меңгерушісі Жанна Асқарова өз құттықтауында барлық адамдардың достық пен өзара түсіністікке ұмтылатыны жайлы айтып өтті. «Рождество – жақсы үміттер мерекесі, - деді ол, - өйткені, ол барлық ізгі ниетті адамдарды тек қана татулыққа ұйыстырады». Жиналған қауымға сонымен қатар Өскемен және Семей епархиясының дін қызметшісі Константин мен РФ-ның Өскемендегі Бас Консулдығының вице-консулы Николай Тищенко да құттықтау сөз арнады. Концертте балалар мен жасөспірімдердің «Арабеск» үлгілі ансамблі мен облыстық Достық үйінің «Вдохновение» вокалды ансамблі, сондай-ақ, Өскемен қаласындағы Свято-Покровск шіркеуінің хоры, орыс дәстүрлі мәдениетінің «Бастеньки» ансамблі, Глубокое ауданындағы Секисовка ауылының «Весняночка» ансамблі және басқа да шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Мереке көңілді әрі танымдық деңгейде өтті. Оған музей-қорық қызметкерлерінің де қатысуы музейдің Қазақстан халқының бірлігі мен этникалық жағынан қорғалуына негізделген этнографиялық қызметінің бірден-бір мысалы болса керек.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суретті түсірген Сергей Суров.
< Prev | Next > |
---|