2020 жылдың 7 тамызы күні музей-қорықтың халықтар және аз санды этнотоптар бөлімінің қызметкерлері үндістандық жазушы, ақын және қоғам қайраткері Рабиндранат Тагордың (1861-1941) Қ. Қайсенов атындағы саябақта орын тепкен ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан 79 жыл бұрын, дәл осы күні Рабиндранат Тагор өмірден өткен еді...
Аталған тұлға оның туған жері – Үндістанға ғана емес, бүкіл әлемге кеңінен таныс. Жазушы һәм ақын, сондай-ақ, суретші, сазгер және қоғам қайраткері, міне, бұлардың барлығы да бір адамның бойына жинақталған қасиеттер. Оның шығармашылығы Бенгалияның әдебиеті мен музыкасын қалыптастырды. Ол – еуропалық емес халықтар арасынан әдебиет саласы бойынша тұңғыш Нобель сыйлығына (1913 жылы) ие болған дарын иесі.
Музей-қорық ұзақ уақыттан бері Нұр-Сұлтан қаласындағы Үндістанның Қазақстан Республикасындағы елшілігінің Свами Вивекананда атындағы мәдениет орталығымен тығыз байланыста. 2019 жылдың шілде айында Үндістан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Прабхата Кумар Шығыс Қазақстан облысына келген сапарында онымен бірге үндістандық делегация өкілдері де келіп, аталған ескерткіш жанында болған еді. Музей-қорық қызметкерлері қазіргі кезде орын алып отырған карантинге байланысты аталған іс-шараға көрермендерді шақыра алмады. Ескерткішке раушан гүлі және басқа да гүл шоқтары қойылды.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
< Prev | Next > |
---|