2021 жылдың 28 маусымы күні Қасым Қайсенов атындағы этнобақта бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай облыс әкімінің марапаттауы болып өтті. Іс-шарада облыс әкімдігі мен облыстағы түрлі басылымдардың өкілдері сөз сөйледі.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Шығыс Қазақстанның журналистика тарихына арналған «Әр жолынан замана тынысы сезілген» атты экспозиция ашылды. Бұл – Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының «Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығы» КМҚК мен «Шығыс Ақпарат» ЖШС-ның бірлескен жобасы.
Көрме материалдары облыстық «Дидар» газетінің 1931 жылы Риддер қаласында тұңғыш шыға бастағаннан бастап, қазіргі уақытқа дейінгі даму кезеңдерін баяндайды. Құжаттар, кітаптар, фотосуреттер, марапаттар, мемориалдық заттар белгілі журналистер М.Тайшыбаев, Т. Баймұратов, М. Мергембаев, З. Сыздықов, Б. Исабеков, Б. Тәйкіманов, М. Әбуғалиев, О. Қайсанов, М. Салықбаев, Ж. Әділбаев, А. Қасымов, У. Тоқпатаев және басқа да ардагерлердің газеттің қалыптасуына қосқан үлесі туралы әңгімелейді. Көрермендер назарына 1980 жылдарға дейін өндірісте қолданылған баспа және фотографиялық техника ұсынылды.
Экспозиция бөлімдерінің бірі Шығыс Қазақстан облыстық «Рудный Алтай» газетінің тарихына арналған, оның 100 жылдығы 2018 жылы аталып өтілген болатын.
Көрме «Шығыс Ақпарат» ЖШС ведомстволық музейінің материалдары негізінде дайындалды, олар музей-қорыққа тұрақты сақтауға берілген.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
< Prev | Next > |
---|