2001 жылы алаңы 1,5 га болатын ботаникалық бақтың негізі қаланды. Жобаға сәйкес бедердің жасанды түрлері: ағаш-бұталық және су маңында өсетін өсімдіктер отырғызу үшін негіз ретінде су қоймалы, құрғақ арна жасалды. Тал, тобылғы, итмұрын, шілік, бөріқарақат, үшқат, бадам, қарабүлдірген, сәндік таңқурай коллекциялары отырғызылды. Су айдынында су өсімдіктері: қоға, жебежапырақ, ақбақай, қияқөлең егілді. Сонымен қатар көптеген, композициялық шешімдері бойынша әртүрлі альпілік төбешіктер мен гүлзарлар қалыптастырылды, оларға әсем гүлдейтін өсімдіктер: құртқашаш (72 түрі), сәлдегүл (46 сұрып), лалагүлдіктер (34 түр), пияз (10 түрі), шырыш, бадан коллекциялары егілді.
Шағын ботаникалық бақтың аумағында жергілікті флора өкілдері: майқарағай, шырша, самырсын, қайың, шетен, шәңгіш, қарағай, балқарағай, терек, үшқат, долана, алма, қараған, үйеңкі, арша, мойыл, ырғай, күміс жиде, ирга, қаражеміс топтастырып салынды.
Сонымен бірге жергілікті флораға жатпайтын: магония, аралия, гледичия, сірке ағашы, катальпа, амур барқыты, манчжур жаңғағы, сахалин қарақұмығы, аморфа, шетенжапырақ, қабыршақжеміс, өгейбұта (4 түрі), форзиния (3 түрі), птелия, будлея, дейция, вейгелла, кампсис, жөке, емен отырғызылды.
Шағын ботаникалық бақ аумағында түрлі гүлдік композициялар: ландшафтық гүлзарлар, гүлжиектер, көмкерме, микскөмкерме, террасалы гүлзарлар, көтеріңкі гүлзарлар түрінде жасалды. Гүлзарларға эхинацея, гелениум, монарда, жапонгүл, солидаго, астальба, хоста, құлқайыр, лалагүл, қырыққұлақ, седума, анемона сияқты сәндік көпжылдықтар егілген болатын. Жыл сайын гүлзарларға әсем гүлдейтін біржылдық өсімдіктер отырғызылады.
< Prev | Next > |
---|