ҚҰРАҚ ҚҰРАУ
Ертеде көркем шығармашылықтың басты түрі болған қазақ қолөнерінің дамуы халқымыздың тіршілік көзі болған. Қазақтың дәстүрлі қолданбалы өнері тарихи-пәлсапалық мазмұнының ауқымдылығы және тереңдігімен, алуан түрлігімен ерекшеленетін көркем құбылыс [2-124].
Қиықтан құрақ тігу атамзаманнан бері тамыр жайып келе жатқан үрдіс және ұлттық өнердің барлық түрлерімен тығыз сабақтасқан. Түрлі жинау әдісі, матаны тігу, аппликация, сырып тігу, кептіріп тігу біздің әлемімізде бар барлық мәдениетпен ұштасқан. Ең алғаш қиықтан жасалған бұйымдар Египет пирамидасында табылған, сондай-ақ қазба жұмыстары кезінде Ұлы жібек жолы өткен жерлерден – Орта Азия елдерінде және Қытайдан жүрген сауда керуенінің жолынан табылған. Олар сюжеттік аппликация және матаға салынған әшекейлі өрнектер болатын.
Қиықтан құрақ құрау әйелдердің сүйікті ісіне айналды. Құрақ құрау немесе квиллингты (ағылшын тіліндегі «quilt» - «сырылған көрпе») дамытуда Америкаға қоныс аударған еуропалықтар маңызды рөл атқарды. Әйелдер бір жерге жиналып мұқият сақталған қиықтарынан (бұл кезде мата деген ең бағалы зат еді) керек-жарақтарын жасады. Ең бірініші қажет болған нәрсе – көрпе. Кейіннен көрпені пайдалану дәстүрге айналды: яғни қыздар өз жасауларына қосуға дайындады, ал дос құрбылары оны сыйлық ретінде тігіп беретін болды.
Шығыс халықтарына тән құбылыс – күнделікті тұрмысқа қажетті заттардың бірқатарын мата қиындыларынан құрақ құрау арқылы жасау [153,154]. Мұндай бұйымдардың қолданыс аясы кең: керегеге ілетін, жерге төсейтін кілем, жамылғы, көрпеше, жастықтың тысы, төсек жапқыш, сандыққа жабу, орындықтар жабуы, т.т. Әдетте бәйбіше салт бойынша бейберекет лақтыруға болмайтын мата қиындыларын жинайды, өзі жинаған жыртыстарға қоса бақытты, өсіп-өнген, пысық, шебер келіншектерден сондай қиындылар алуға тырысады. Сол арқылы үйге ырыс пен құт-береке кіреді деп сенеді.
Халық шеберлерінің ерекшелігі – материалға күтіммен қарап, оның табиғи қасиетін түсініп, азғана құрал сайман пайдалана отырып оларды көркемдеп құбылту қабілеті. Тағы бір ерекшелігі – бір шебердің бірнеше жұмысты атқара алуы. Мысалы, шебер келіншектер киіз де басқан, сырмақ та сырған, шілтер де тоқыған, құрақ құраған, киім-кешек тігумен де айналысқан. Қазіргі таңда құрақ құрау техникасы «мозаика» деп аталып кетті.
Құрақ құрағанда сән түзудің екі амалы бар: ашық түсті фон жасап құрақ құру яки бос орын қалдырмай өне бойын тұтас құрақпен көмкеру. Құрақтар біресе ірі квадрат, төртбұрышты қиындылардан құралса, біресе жіңішке тілімшелерден, енді бірінде аралас құралады.
Құрақтардың тартымдылығы түсін, фактурасын, оюын шеберлікпен ұнасымды үйлестіре алуына байланысты, мұнда пүліштің биязылығы тығыз сәтенмен, немесе барқытты жұмсақ өңі жарқыраған атласпен, я болмаса дүрия, қамқамен үйлестіріледі. Алайда бұл істе де маманданған, қиыннан қиыстырар дара дарындар шыққан. Олар ауқатты отбасылардан тапсырыс алып, өнерін кәсіпке айналдырған. Әрбір әйел тапқырлықпен, ықыласпен жасаған бұйымдарын үйдің сәнін кіргізуде, әсемдеп, әдемілеуде өзгелерден асып түсуіруге тырысқан.
Қолданбалы өнер бұйымдары өмірдің маңызды құбылыстарымен және ырыммен байланысты көптеген әдет-ғұрыптардың ерекше мәніне ие. Мысалы; көне заманнан келе жатқан ырым, ол ескі матаны тастауға болмайды, яғни ол жамандықтың бір белгісі ретінде түсінік боп қалыптасып кеткен екен. Халық арасында тағы бір ырым – қыз ұзатқанда көрпе-жабдықтарды қиықтардан құрақ тігіп, «жастар құралып кетеді» деген мағынада тігіп берген. Әрбір отбасы құрақ қолөнерін пір тұтады және де қазақтың тағы бір ырымы жаңа туған нәрестеге 40 қиықтан құралған бала орайтын көрпеше немесе бесік көрпе тігіп сыйға берген. Қазақтың ұлттық сәндік-қолданбалы қолөнері – құрақ құрау көптеген жылдар бойы дамып, халық арасында белгілі болды, бейнелігі, мәні күрделігі мен көркемдік шешімінің ортақтығы, оларды көшпелі стильдің туындылары деп атауға мүмкіндік береді.
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген дана қазағымыз қыздарын өнерге баулуға назар аударады. Он саусағынан өнер тамған қыздар әр нәрсені қиысынан қиыстыра алатын, көркемдік қиялы жүйрік, пішін, ырғақ және бояу үйлесімділігін сезіне алатын болған, себебі олардың саусақтары ұшының түйсігімен сезінуі арқылы ой жүйелері дамыған.
Қызметтің бұл түрі балалардың зейін қоюға және есте сақтау қабілетін дамытуға ынталандыруға үйретеді. Әртүрлі өрнектер жасай келе бала композициядағы ырғаққа төзе білуі керек. Құрақ құрау техникасы алғашқы сызу дағдыларын дамытуға көмектеседі, негізгі геометриялық түсініктермен таныстырады. Баланың жинақтылығын және матаға ұқыпты, үнемді қарауына тәрбиелейді. Көлемді үшбұрыштарды тікпей, әрбір келесі қатар алдыңғының басын жауып тұратындай етіп бір-бірінің үстіне қояды. Жұмыстың мұндай тәсілін бүктеулі шаршыдан жасап шығарады.
Және ең бастысы: жұмысқа кірісер кезде, құрақтармен жұмыс кезінде ұқыптылық пен өңдеу мұқияттылығы басты екендігі есте болу керек.
Қазіргі таңда заманауи компьютер бұл қолөнердің сырылған қиықтар әлемін өзгертті және кеңейтті. Яғни, аппликациялық фигураларды жасауға, үлкен көмегін тигізуде. Қиықтан жасалған бұйымдарды әлеуметтік желіден табуға болады. Бүгінгі күні қиықтан жасалған бұйымдар әлемге кеңінен тараған. Және де бұған адамдардың қызығушылықтары да шексіз. Мұндай жұмыс қашаннан бері адамдардың қарым-қатынас формасы болып келген еді. Құрақ бұйымдар адамдардың мейірбан және кең пейілді етеді. Олар жомарттанып және шын көңілден бұл қолөнерді мақтайды, идеяларымен және кеңестерімен риясыз бөліседі, қай сабақ болмасын шеберліктерін жетілдіруге көмектеседі.
Халықтың ішкі рухани байлығын, жан дүниесін паш ететін – ұлттық өнер. Біздің ата-бабаларымыз сонау көне заманнан бері өнердің қай түрін болмасын қасиеттеп, қадірлеп, тіптен пір тұтып, көздің қарашығындай аялап сақтап, бүгінгі күнге дейін қаз-қалпында жеткізіп, мәңгілік сақталатын асыл мұра етіп қалдырған.
Көнеден қалған жәдігерлердің арқасында қазақ әйелдерінің шұғылданған қолөнері және олардың өмірдегі алатын орны қандай екенін түсініп талай сырға қанығамыз. Қазақ тұрмысының бүкіл әсемдік мәдени жөн-жосығы қазақ әйелдерінің ой-қиялына тығыз байланысты. Қазақ әйелдері осылайша ұлт мәдениетіне ертеден бері өлшеусіз үлес қосып келеді. Олар үй ұстап, бала тәрбиелеумен қоса, сол үйдің іші-сыртын әсем безендіруді саналарынан өткізіп, екшеп отырған. Облысымызда бүгінде қолына ине ұстап, қазақ қолөнерін өрге сүйреп жүрген ісмерлер баршылық.
Қолтума өнерінің болмысы, өңдеу технологиясы, стилистикалық эволюциясы және тарихи деректігі кез-келген халық қолөнерінің негізінде ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлерін ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп жеткізіп жүрген шеберлердің бірі – Сағитова Жұманхан, 1920 жылы Большенарым ауданында дүниеге келген. Жұманхан апамыз бала кезінен іс тігумен айналысқан, әсіресе қиықтардан құрақ құрап өз балаларына, болашақ келіндеріне керек жарақтарын арнайы тіккен. Шебердің жұмыстарының (1сурет) бірі –ол дөңгелек формалы көрпеше. Ол ертеден келе жатқан дәстүрді сақтай отырып, заманауи түрде ұсақ үшбұрыштардан құралған. Матаның түстері түрлі-түсті, көбінесе ақ және сия көк түстерден тұрады. Бөстектің айналасы қоңыр түсті матамен жиектелген.
Қазақ ұлттық киімін тігіп, құрақ көрпе, бөстек, ою ойып, жойылып бара жатқан мәдени мұраны қайта жаңғыртып жүрген қолөнер шеберлерінің бірі - Шығыс Қазақстандық кестені де, құрақ құрау техникасын бала кезінен жетіп меңгерген шебер апамыз Ыдрышова Мариям,1915 жылы туылған. Ол кісі қолөнерді туған туысқандарына, жолдастарына дәріптеп келген, өз қыздарына және келіндеріне мұра қалдырған десем артық айтпаспын. Алғаш рет апамыз (1930 жылы) 15 жасында қазақтың ұлттық тұскиізін кестелеген. Сонымен қатар шебер ұлттық киімдерді де тіккен мысалы: шапан, камзол, т.б.
Облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай қорының қорығында бірнеше қолөнері бар (2 сурет). Солардың бірі – еденге немесе орындыққа салып отыруға арналған, іс машинасы арқылы үшбұрышты ұсақ қиықтардан құралып тігілген құрақ көрпеше. Матаның түстері – сары, жасыл, сия көк, ашық көк және т.б. және сәтен мен парча қиықтарымен әсемделген.
Қазақтың қолөнер түрлерінде әр аймақтың өзіне тән [2,167], жергілікті ерекшеліктері мен белгілерінен қазақ шеберлерінің ой қазынасынан шыққан ұлттық болмыстары, дүниетанымдары айқын көрініс береді және өзге ел мәдениетінің әсерінен енген өзгешеліктердің әркелкі арақатынасын байқатады. Әрбір шебер өз қиялындағы ерекшеліктерді қолдана отырып бұйымға жаңа өмір береді. Құрақ құрау қолөнерін өрге сүйреп жүрген, осы техниканы жетік меңгерген, дәстүрлі техникада құрақ құрайтын қаламыздың тағы бір шебері - 1948 жылы туған, Матыцина Любовь Борисовна. Өскемен қаласының тумасы, суретшілер училишесін бітірген соң «Оютас» заводында басты суретші болып жұмыс жасады. 1980 жылдан бастап облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығымен бірлесіп жұмыс жасауда. Любовь Борисовнаның бірқатар қолөнері мұражай қорында сақталған. Бір ерекшелігі шебер әрбір бұйымына сәйкес атау береді. Сол бұйымдарының бірі – панно «Көз» деп аталады. Бұл композиция заманауи бағытта құрақ мозаикасы ретінде жасалған. Панно (3 сурет) төртбұрышты ашық көк және ақ түсті жолақтардан құралған. Дәл ортасында қара көз, оның айналасы көздің қарашығындай қызыл, (атлас, мақта-мата бұлы) ақ және көк мата мен алты қатарлы қисық формадағы мата қиындыларымен жалғасады. Панноның жиектері көк гүлді матамен әсемделіп, жоғарғы екі жағына ілгектер ілінген. Любовь Борисовна өзінің келесі жәдігеріне «Балық» деген атау берген. Негізінен ұзыншақ формадағы панно жасыл және сұр түстерден құралған. Панно (4 сурет) төрт композициялық бөліктен тұрады (әр түрлі суда жүзген балықтың көрінісін көруге болады),яғни қиықтар ұзыншақ жолақтардан құралып, бір-бірімен ішке қарай жалғасып тігілген. Бұл жерде шебер мөшек матасын және жылтыр сәтен мен мақта-мата бұлын қолданған.
Келесі шеберіміз мұғалім - Күршім ауданының тумасы 1960 жылғы Чепенова Рабиға Алтайқызы. 1982 жылы КИПТ (техникум) еңбек пәнінің мұғалім мамандығын тәмамдаған. 1988 жылдан бастап Күршімде «№3 гимназия» КММ технология пәнінен сабақ береді. Алғаш рет (2002 жылы) Өскемен қаласында өткен облыстық көрмеге қатысып жүлдеге ие болған. Кейін келе Өскемен қаласында жыл сайын ШҚ облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорының «Халықтық сәндік-қолданбалы өнер» бөлімі ұйымдастыратын мұғалімдер арасындағы көрменің тұрақты қатысушысына айналды. Осы көрмеге соңғы рет қатысқанда бір бұйымын сыйға қалдырды. Ол - велюр бұлынан тігілген (5 сурет) «Аспандағы жұлдыз» деп аталатын төртбұрышты панно. Қара көк түсті матаның ортасында қызыл түсті жұлдыз, ал оның айналасын тоқсары түстен (6) қиылған жұлдыздар жалғастырады. Оң және сол жақтарында қызыл түсті жұлдыздың жарты бөлігі ғана тігілген. Панноның жиектері қара көк және тоқсары түсті екі жолақтан тұрады.
Бүгінде нағыз, әрі хас шеберлер аз қалды, өйткені бұл кәсіп жылдар бойғы тәжірибені талап етеді, қолмен атқарылады және мехнаикаландыруға жатпайды. Осы қолөнермен бала кезінен шұғылданатын шеберлеріміздің арасындағы ең жас шебердің бірі - Құрманхан Еркеш. Ол 1972 жылы Монғолия елінде Байөлке ауылында туылған. Орта сыныптық білімі бар ол кейін қолөнершілер үйірмесінде жұмыс жасайды. Осы үйірме арқылы қолөнердің бірнеше түрін меңгерген – кесте тігу, құрақ құрау, киіз басу және т.б. 1993 жылы Қазақстанға оралып қазіргі таңда жиһаз дүкенін ашып сонда сатушы болып жұмыс істейді. Бос уақытында ұлттық қолөнермен шұғылданады,әсіресе қиықтардан құрақ құрау. Еркештің ШҚ облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорының қорында бірқатар құрақ көрпешелері сақталған. Солардың бірі – қалың матадан құрақталған құрақ көрпеше немесе жиһазға жабатын жапқыш. Көп жапырақты (6 сурет) үш гүл қатарынан үшбұрышталып тізіліп тұр. Сары түсті матаның үстінде дөңгелегінен айналдыра үшбұрыштар бірінен соң бірі орналасқан. Бұл жерде шебер құрақ техникасының жаңа үлгісін қолданған. Негізгі түстері- қызыл, жасыл, тоқсары.
Соңғы таныстырғым келген шебер - Черненкова Надежда Владимировна, 1963 жылы туылған. Ол Өскемен қаласы «№13 кәсіби-техникалық училище» оқу орнында «жеңіл көйлек тігіншісі» мамандығын тәмамдаған. Осы училищеде оқып жүріп сол кезде белгілі болған суретші Н.П. Аштемадан дәріс алған. Кейін келе «Молодежное» ательесінде жұмыс жасайды. Қазіргі таңда үйде отырып тапсырыс қабылдайды, яғни тігіншілік қызметінде. 2014 жылы ШҚ облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық мұражай-қорығында жыл сайын өтетін облыстық дәстүрлі көрмеге (көктемгі мерекелерге арнайы ұйымдастырылатын) бірнеше мәрте қатысып, заманауи бағыттағы жаңа үлгімен «печворк» техникасында орындалған әдемі бұйымын сыйға қалдырды. Ол - арнай жұмсақ жиһазға жабылатын, екі жастығы бар жапқыш (7 сурет, үлгі ретінде жастығы ғана көрсетілген). Жастық ұсақ геометриялық фигуралардан құралған. Негізгі қолданған маталары - жібек, тафта, вискоза. Ал түстері жасыл, қоңыр және қызыл. Құрақ мозаикасын орындау барысында шебер қазіргі таңдағы пайдалы «печворк техникасын пайдаланған. Жастықтың ортасында төртбұрыш пен үшбұрыштар орналасса, олардың ішінде жіңішке жолақтар симметрия жасап, құралып тігілген. Ал айналасындағы шағын төрбұрыштар матаның аралас түстерімен әсемделген. Жібек, вискоза, тафта, мақта-мата т.б. - өте әдемі маталардың түрін қолданған.
Жалпы, осы қарастырылған қазақтың қолөнер бұйымдары бейнелі мәні, күрделілігімен ерекшеленеді және әр түрлі қиықтары әдемі көркемделіп, қиыстырылған айрықша туындылар деуге әбден лайық. Елімізде қолданбалы өнер заманауи бағыттағы жаңа үлгілермен толықтырылып өркендей береді, келешегі зор деп үмітімізді үкілеп, сенім білдірейік.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
- Труспекова Х.Х. Көне дәстүрлерді қайта жаңғырту. ХХI ғасыр Бейнелі альбом. 2010. – 10-11б.
- Тохтабаева Ш.Ж. Шедевры Великой степи серия «Культура и искусство». «Дайк-пресс» Алматы, 2008. 153-154б.
Қазақстан Республикасы ҰЛТТЫҚ МУЗЕЙІ
Ғылыми журнал «Мәдени мұра»
Астана қаласы.
(57-60 беттер).
Резюме: В данной статье автор, рассказывая о самобытности, технике обработки курак – традиционного декоративно-прикладного ремесла казахского народа, представляет произведения мастеров лоскутного шитья Восточно-Казахстанской области.
Рахатова Жадыра Тоқтарбекқызы