Ауызша тарих бүгінгі отан тарихы саласындағы көп зерттелінбеген, назардан тыс қалған тарих ғылымының бір саласы. Көне түркі заманынан бері қазақ арасында ауызша тарих деңгейінің жоғары болғандығы белгілі. Атақты шежірешілер өз тегін еркін таратып оқиғаларды жаңылмастан ұрпақтан ұрпаққа насихаттап отырған. Бүгінгі күнде кеңестік билік ықпалымен аңыз әрі мифке айналып керексіз болып қалған ауызша тарих дәстүрін тарихи оқиғаларды түсіндіргенде пайдалану ғылым үшін маңызды. Ауызша тарихқа байсалдылықпен мән беріп қарау ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы борышымыз. Қазақ этнологиясында өзіндік орнымен бағасын алған Ақселеу Сейдімбек сынды ағаларымыз кеткеннен кейін ауызша тарих мәселесі қазір көп көтерілмейтін болды. Шет елдерде ауызша тарих зерттеу обьектісі ғана болып қоймай өз бағасын алып ғылыми деректер ретінде қарастырылуда. Көрші Ресей мемлекетінде Москва, Санкт-Петербург, Петрозавод, Воронеж сынды қалаларында ауызша тарих орталықтары бар. Әйгілі әлемге танымал тарихшылар ағылшын тарихшысы Пол Томпсон «Голос прошлого: Устная история» атты кітабында ауызша тарихтың өзектілігіне ден қойса, Ресей ғалымдары Сигурд Шмидт, В. Д. Дувакин еңбектеріненде ауызша тарих мәселелеріне байланысты өзіндік пікірлерін кездестіруге болады. Британ тарихшысы Пол Томпсон ауызша тарих турасында былай дейді: «Ауызша тарих – әдеттегі адамдар айналасындағы тарих. Ол тарихты толықтырып оның масштабын кеңейтеді. Ол тұлғаларды танымал адамдар ғана емес қарапайым адамдар арасынанда табуға көмектеседі. Ол қоғам ішіне тарихты енгізіп кейіннен оны жалпыға пайдалы дерекке айналдырады. Ол әртүрлі әлеуметтік топтардың және түрлі буын адамдарының арасын байланыстырып өзара түсіністікке келуіне жағдай жасайды... Бір сөзбен айтқанда адамдарды толықтай өзін адам ретінде сезінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ғылыми дәстүрде қалыптасқан, өктем түсініктермен жалпыға мәлім, мойындалған тарихи мифтердің текетіресіне ықпал жасайды. Тарихтың әлеуметтік мағынасының радикалды өзгеріске ұшырауына да себеп болады... Кейбір салаларда ауызша тарих көзқарас көкжиегін ғана өзгертіп қоймай, жаңа, маңызды зерттеу бағыттарын айқындайды... Біздің қолданатын деректеріміз ең алдымен өзара қарым қатынастардан хабардар ететін сыртқы саяси мұрағат материалдары, ішкі мемлекеттік іс жүргізу жұмыстарының мұрағат материалдары болып табылады. Сол мұрағат материалдарына сүйеніп зерттеу жұмыстарын жүргізген зерттеуші өзінің жасаған жұмысын үлгілі санауы мүмкін, алайда, мұрағат материалдарын тарихты зерттеуде обьективті материал деп пайдалану қате түсінік. Бұл деректер қандайда бір деңгейде орталыққа, басқару аппаратына тәуелді. Ерте ме, кешпе қазіргі ауызша тарихқа деген қарсылық бәсеңдеп кәсіпқой тарихшылар ауызша тарих материалдарының тарихи деректердің бір түрі ретіндегі құнын мойындайды»[1].
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жақында жарық көрген мақаласында ұлт тарихының, тегіңді танудың маңыздылығы туралы төмендегідей ой айтылған: « ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады... Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай... Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.
Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады... Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.
Оның екі қыры бар.
Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту.
Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
...Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс».
Әрбір халықтың өзіндік коды, өзіндік ерекшелігі болатын болса тарихымызды баяндауда да біздің өзімізге ғана тән, ғасырлар бойы жалғасып, отарлық саясат ықпалымен ысырылып тасталған бабалардан қалған өзіндік феноменіміз болды, ол – ауызша тарихымыз.
Зерттеу нысаны ретінде алынып отырған Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс аудандары(Тарбағатай, Зайсан аудандары) әлі де болса ауызша тарих деректері сақталған шығыстағы қазақы аудандардың бірі. Халықпен жұмыс жасау барысында аталмыш аудандардан жер-су атауларына, сәулет құрылыс нысандарына байланысты, жоңғар-қазақ соғысына, жоңғарлардан азат етілген жерлерге қазақ руларының орналасуына, кеңес билігі орнағаннан басталған қытайға қазақтардың үдере көшуіне қатысты мол деректер жинауға болады. Ауызша тарих деректерінің жалпы қамтитын тарихи кезеңі ХҮІІІ ғасырмен ХХ ғасырдың басы.
Ауызша тарих материалдарын жинап жүйелеу нәтижесінде халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи білімді жеткізу тәсілін, дәстүрлі тарихымызды насихаттаймыз. Тарихи уақиғаларды түсіндірген кезде ауызша тарих деректерін назардан тыс қалдырмаудың маңызын айқындаймыз. Шоқан Уәлиханов даланың ауызша тарихы, қазақтың тарихи санасы жөнінде былай дейді: «Қазақ өздерінің көне аңыздары мен наным-сенімдерін қайран қаларлық тазалықта сақтай білген. Одан да өткен ғажабы сол, байтақ даланың әр шалғайындағы, әсіресе, өлең жырлар еш өзгеріссіз, бір қолдан шыққандай қайталанатындығын қайтерсіз. Көшпелі сауатсыз ордадағы ауызша тараған осынау үлгілердің бір-бірінен қылдай ауытқымайтыны адам айтса нанғысыз қасиет, алайда күмән келтіруге болмайтын шындық». Қазақтың шежірешілдігін, дәлірек айтсақ тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге болады. Бұл, әрине, ерекше жаралғандықтан немесе артта қалған жабайылықтан емес. Қазақ халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігін, ең алдымен, оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салтымен ғұмыр кешкендігі арқылы түсіндіруге болады. Белгілі түркітанушы ғалым Л.Н.Гумилевтың сөзімен айтсақ: «Көшпелілер мәдениеті өзінің үш мыңжылдық ғұмырында Жерорта теңізі мен Қиыр шығыс елдеріне қарағанда творчестволық эволюцияны бастан өткерді» - дейді. В.О.Ключевский айтпақшы білтелі мылтық, от қарулар шыққанға дейін «тарихтың дырау қамшысы болған көшпелілердің» соңғы тұяғы, мұрагері қазақ халқы екендігі даусыз. Еліміздің ұлан байтақ аумағын мекендеген ұлтымыздың күнделікті тірлшілігінде шежірешілдік дәстүрі негізгі бағыт көрсетуші компас тәрізді болған. Әрбір жүз, рулар өз жерін өз тарихын жақсы білген [2].
«ХҮІІІ ғасырдың ІІ жартысы – ХІХ ғасырдың 60 жж оңтүстік батыс Алтай: өлкені отарлау контексіндегі этноәлеуметтік және әлеуметтік мәдени аспектілер» атты ғылыми-жоба аясында, 2013 жылдың тамыз айында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, «Алтайтану» Ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Шығыс Қазақстан облысының төрт ауданына фольклорлық-этнографиялық экспедиция жасалды. Сол экспедиция құрамында жұмыс жасау барысында бізді таңдандырғаны жергілікті қазақ руларының тарихты шежірені тарқата білетіндігі. Мысалы, Катонқарағай ауданы Берел ауылының тұрғыны Чамай Мұхтарұлы (сол кезде жасы 83те) өз шежіресін тарқатып бұл күнде үлкен рулы елге айналған Қаратай балаларына Абылай ханның ұлы Уәли жер бөлген деген дерек келтірді. Қаратайдың алты баласына бөлініп берілген деп аталған жерлерде расында да сол балалардан таралған ұрпақтар бүгінде тіршілік етуде. Шығыстағы қазақылық қаймағы сақталған аудандардың бірі Тарбағатай халқыныңда өз тарихын тарқата білуі біздің тарапымыздан қызығушылық тудырды. Байжігіттің Жұмық деген баласынан тараған бұл аудан халқы да «Жұмық балаларына бөліп беріпті мыс» деген аңыздарға сай әр атаның балалары өз жерлерінде күні бүгінге дейін мекен етуде. Бұл тек Катон – Тарбағатай жерінде ғана емес меніңше бүкіл қазаққа тән жағдай. Өз заманында қандайда бір мемлекеттік жүйе немесе тәртіппен ұйымдастырылып өзінше бір маңызы болған рушылдық, шежірешілдік жаман жағынан көрсетіліп қазақ санасынан әдейілеп ұмыттырылғанба деген ойға келесің. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Туған жерге елге көңіл бөлу жайында ой қозғалады. Мақалада жергілікті билікке нақты төмендегідей тапсырма берілген: «жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс». Тапсырманы бере отырып әрбір жер, әрбір аудан тарихының маңызын баса көрсетеді: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс». Елбасы туған жерін сүйе білген адамның отанында сүйетіндігіне күман жоқтығын атап көрсетеді. Ру тарихын әңгімелегенде, рушылдық, ия болмаса жікшілдік, трайбализм деп күйе жағу кеңестік дәуірден мұра болып қалған әдет. Руымыздың тарихын жақсы білсек ұлтымыздың тарихын жақсы білеміз. Руымызды сүйсек халқымызды сүйетіндігіміз анық. «Жеті атасын білген ұл – жеті жұрттың қамын жер, өзін ғана білген ұл – құйрығы мен жалын жер» - деген халық даналығы да тарихи сананың маңызын айтпаса да ұқтыратындай.
Ауызша тарих тақырыбында кітабын шығарып, осы салада талай зерттеу жұмыстарын жүргізген Ақселеу Сейдмбек ағамыз ауызша тарихтың ғылыми маңызы, өзектілігі турасында былай дейді: «Далалық ауызша тарих дәстүрінің арқасында тарихи жады мейлінше көне заман естеліктерін әлі күнге есте сақтай алып отыр. Қазақ тілінде күні бүгінге дейін «әлім-сақтан бері», «сақпанның оғындай», «бесенеден белгілі» деп айтылған тұрақты сөз тіркестері бар. Осынау атаулардың мағынасы Евразия даласында әрісі үш мың жыл бұрын, берісі мың жыл бұрын өмір сүрген сақ, дай (адай, әлім), печенег сияқты ру тайпалармен байланысты екеніне күмән жоқ. Немесе, күні бүгінге дейін қазақ балаларына Мәди, Боғда, Тұмар, Таян, Бұйрық, Сартақ, Шыңғыс, Жошы, Абылай деген есімдердің қойылуы, ең алдымен халықтың тарихи жадысының байырғылығына айғақ болса керек. Қазақ даласынан соңғы бірер жыл бойында өзгеріссіз сақталған топонимдерді аяқ аттаған сайын кездестіруге болады. Осы жолдардың авторы алпысыншы жылдары ұлытаулық Тай Тілегенов ақсақалдан әйгілі Жошы ханның (бейіті Ұлытауда) өліміне қатысты естірту жырын жазып алған едік. Кейін осы жырды ХҮ ғасырдан жеткен «Түркі шежіресі» атты еңбектегі жырмен салыстырғанда екі-ақ сөзден айырмашылық бар екендігін көріп қайран қалғандығымыз бар. Сөз орайында айта кетуіміз керек, бұл жырдың айтылуына себепші болған Найман Кетбұға жыраудың ұрпақтары бүгінгі күнге дейін сол Ұлытау төңірегінде тұрады және олар Кетбұғадан бері қарай бір атасын ұмыт қалдырмай таратып бере алады. Ең ғажабы, мың жылдай бұрын ғұмыр кешкен бабаларының жай ғана есімін атап шығумен шектелмейді, олардың өмірі мен өнегелі істері туралы, сырт тұлғасы мен мінез-құлықтары жайында, замандастары жөнінде небір ғажайып әңгімелерді айтып отыруды кісіліктің шыңына балайды [3].
Белгілі бір идеологиялық күрзінің астында жазылған жылнамаларға қарағанда, далалық ауызша тарих өзінің обьективтілігіменде ден қойдырады. Әйгілі «Моңғолдың құпия шежіресі», Рашид-ад-диннің «Жылнамалар жинағы», Захираддин Бабырдың «Бабырнамасы», Дулат Мұхаммед Хайдардың «Тарихи Рашидиі», Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі», Ұлықбектің «Сұлтандар шежіресі», Жалайыр Қадырғали Қосымұлының «Жылнамалар жинағы», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» сияқты тарихи еңбектердің баршасы бір ғана үлгімен – далалық ауызша тарих үлгісімен жазылған. Яғни, жазба шежірелердің жазылуына ауызша айтылатын шежірелердің дерегі арқау болып отырған. Бұл жөнінде, өзінің әйгілі еңбегіне ауызша шежірені тірек еткен Рашид-ад-дин былай дейді: «... моңғол-түркілердің көнеден жеткен салт дәстүрі бойынша, олар өздерінің ата-тегін, ру шежіресін есте сақтауға айрықша мән беріп отырады. Олар... балаларына өзге жұрт сияқты тәрбие беру үшін тілі шығысымен-ақ құлағына ру туралы, ру шежіресі туралы аңыз-әңгімелерді құйып қояды. Бұл дәстүрден олар бұрын да, қазір де қылдай ауытқыған емес...»». Бір сөзбен тұжырымдар болсақ біз жоғарыда айтылғандар арқылы ауызша тарих материалдарының ғылыми маңызын, шыншылдығын, обьективтілігін түсіндіре отырып жобаның өзектілігін шамамыздың жеткенінше дәлелдеуге тырыстық. Сонымен қатар, ауызша тарих материалдары тарихи санамызды отаршыл саясаттың шырмауынан құтқарып, ұлттық рухымызды оятары сөзсіз. Ресей империясы тұсында жасалған орыстілді тарихи деректемелерді пайдалану оларда ақпараттың толықтығына қарамастан тарихқа деген көзқарасты біршама тарылтатын факторлардың бірі болып табылады, біздің көзқарасымызша, олардың негізінде тарихты жасау үрдісі біржақты және шектеулі болып келеді.
ӘДЕБИЕТТЕР
- Томпсон Пол. Голос прошлого. Устная история/пер. с анг. М., 2003
- Сейдімбек А. Қазақтың ауызша тарихы. Астана.,2008.
- Сейдімбек А. Көшпелілер тарихы. А., 1995
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ
«Өлкетану оқулары - 2017» атты
республикалық ғылыми конференция
жинағы, Өскемен 2017. 214-219беттер.
ВКГУ им. С.Аманжолова
Сборник республиканской научной конференции
«Краеведческие чтения - 2017»,
Усть-Каменогорск 2017г. стр. 214-219.