ОРАЛХАН БӨКЕЙДІҢ ЖУРНАЛИСТІК ҚЫРЫ
(«Еңбек туы» газеті негізінде)
Жас талант Оралхан Бөкейдің шығармалары баспасөз бетінде оқушы кезінен бастап жарияланып тұрған еді. Мектеп бітіргеннен кейін, «Алтай» совхозында тракторшы, өзі білім алған С.Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебінде пионер вожатый болып еңбек еткен кезінде де әдебиеттен қол үзбеді.
Фото 1. КПнв 6-5480. Ғ.Сәттібаев. С.Торайғыров атындағы мектеп фонында бейнеленген Оралхан Бөкейдің портреті. 2004 жыл
Оралхан Бөкейдің 1960-1963 жылдары аудандық «Арай», «Еңбек туы» газеттерінде шығармалары жарияланып тұрады. Сондай-ақ, 1963 жылы А.Исақанов деген бүркеншік есіммен «Міндетіне селқос қарайды», «Арамшөптер оталуда» сынды шағын сын хабарламаларын жазып тұрған [1]. Жазушы Дидахмет Әшімханұлы қаламдас әрі жерлес ағасы Оралхан Бөкей жайлы естелігінде қаламгердің аудандық «Еңбек туы», облыстық «Коммунизм туы», республикалық «Лениншіл жас» газеттеріне өз шығармаларын «О.Садақбай», «О.Исаханов», «О.Б.», «Орал-Ахмет», «Алтай» [2] деген бүркеншік аттармен жариялағаны жөнінде жазады.
Ол 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі [3]. Осыдан кейін, болашақ журналист Оралхан Бөкей 1964 жылы тамыз айының он жетісінде Большенарым ауданындағы «Еңбек туы» газетіне уақытша корректор [4] болып орналасады. Сол жылы «Бұл бір сыр еді», «Жасыл таудағы жарқын жастар (жол дептерінен)», «Жылқышы жігіт», «Терезелер», «Түйе – табысты түлік», «Оқу жылына әзір», «Қамқор жан», «Махаббат туралы дастан», «Қойшы жұлдыз», «Жастық оты», «Бір картоптан – 40 килограмм өнім», «Диқан көктемі», «Ұстаз қыз», «Көп үйреніп, көп жазайық» [5, 6] атты мақала, әңгіме, очерктерін жариялаған. Жас журналисттің шығармаларына ауыл тұрғындары: жас мұғалімдер мен әдебиетке қалам тартқан ауыл жастары, шопандар, жылқышылар, диқандар мен пішеншілердің өмірі мен еңбегі арқау болған. «Махаббат туралы дастан» мақаласында аудан кинотеатрларынан көрсетілген «Шахсенем мен Гариб» атты көркем суретті фильм жайлы ой толғайды. Мақалада фильм туралы жан-жақты мағұлмат берілген. Мәселен, фильмнің сценарийін шығыс халық дастандарының ізімен К.Бурунов пен В.Викторович жазғанын, оның «Түркіменфильм» киностудиясы түсіргенін, «Түркіменфильм» киностудиясы дамып келе жатқаны жайлы әңгімелейді.
Осы жылы Сейтзада Ластаевпен бірлесіп «Арпалыс» очергін жазады. Очеркте бөлімше басқарушысы Базарбаевтың тапсырмасын орындау үшін Огнева селосына шөп әкелуге «ДТ-54» тракторымен аттанған Айтбай мен Боқайдың ақ түтек боранмен арпалысын көркем жеткізеді. Адам мен табиғатты тұтастықта бейнелеу арқылы адамның ішкі жан дүниесіндегі арпалысты табиғатпен астастыра суреттейді.
С.Мылжабаевпен бірге жазған «Қабырға газеті – ауыл өмірінің айнасы» деген мақаласында ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстыратын «Алға» қабырға газетінің жетістіктерін саралай келе, ескертпелерін ұсынады.
1965-1966 жылдары сол газетте аудармашы бола жүріп, «Кітабы жоқ ауыл», «Ұйымшылдықпен өтті», «Озат шаруашылықтың олқылығы», «Жастар жүрегіне жол тапса», «Жігіттер тартуы», «Шөп қыстаққа», «Балауса гүлге бап керек», «Алыс жолда ән серік», «Жолда», «Қыран көзі қияда», «Қош махаббат», «Шабанбай шабындығында», «Тартымды пікір», «Көктем қамы», «Секретарь жалынды болса», «Қарт қайраты таймапты», «Ұстаз қасиеті», «Жауапты науқан», «Ауыл өмірінің айнасы», «Жайлауға аттанды», «Шықсыз гүлде өспейді» [4, 5] және тағы басқа мақала, әңгіме, очерктерін жариялайды.
1967 жылы «Еңбек туы» газетінің редакторының орынбасары болып тағайындалады. Сол жылы газет редакторы П.А.Самойлов болатын, газеттің кейбір сандарына Оралхан Бөкей редакторы үшін қол қойған. Сол жылы көлемді «Ақмарал», «Асуда», «Ізтай», «Шымкент филармониясы – Большенарымда», «Сарыарқаның жаңбыры» [4, 5] сынды очерктерін жазады.
Оралхан Бөкейдің «Сарыарқаның жаңбыры» атты көлемді очеркіне Шыңғыстай аулында Әбдікерім болыс салғызған мектепке қызметке келген жас ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жастық шағы арқау болыпты.
Жас журналист «Орал-Ахметхан» деген бүркеншік есіммен «Жас еңбеккер», «Ұмтылыс», «Жемшөп бар, мал арық», «Қыстың көзі қыраулы», «Жастар», «Шыңғыстайда қыс болмай ма?», «Қызу іске кедергі», «Жаңалық келеді», «Жастар екінші тыңда» атты мақала-очерктерімен қатар, «Оңаша ойлар», «Алғашқы нөсер», «Жүзік», «Жылайсың несіне» [4, 5] атты өлеңдерін жариялаған. Жазушы Оралхан Бөкейдің 1960-шы жылдары өлең жазғаны жөнінде Дидахмет Әшімханұлы естелігінде жазады [1]. Сондай-ақ, «Еңбек туы» газетінде «Б.Исаханов» деген лақап атпен жариялаған «Біздің Бақыт» деген мақаласы бар. Мақалада Балғынды ауылының кітапханасы жайлы әңгімеленіп, кітапханашы Бақыттың бейнесі тартымды суреттелген.
Оралхан Бөкей 1964 жылдан 1967 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданындағы «Еңбек туы» газетінде жемісті еңбек етеді. Ол корректорлық қызметтен редактордың орынбасарлығына дейін көтеріледі.
Жас журналист өз замандастарының тыныс-тіршілігін шынайы әрі көркем суреттейді.
Әдебиеттер тізімі:
1. Шығыс Қазақстан мемлекеттік архиві. Қор 1407. Тізімдеме 1. Іс 2
2. КП 35-25567. Оралхан: естеліктер, эсселер және мақалалар. Алматы: «Өнер», 2010 жыл
3. Шығыс Қазақстан мемлекеттік архиві. Қор 1407. Тізімдеме 1. Іс 40
4. Шығыс Қазақстан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Катонқарағай аудандық мемлекеттік архиві. Қор 75. Тізімдеме 1. Іс 1
5. Шығыс Қазақстан мемлекеттік архиві. Қор 1407. Тізімдеме 1. Іс 4, 5, 7, 8, 9
6. Шығыс Қазақстан мемлекеттік архиві. Қор 745. Тізімдеме 8. Іс 2
Кашаку Г., Өскемен қаласы, Қазақстан Репсубликасы
ӨЛКЕТАНУЛЫҚ ОҚУЛАР:
Шығыс Қазақстанның өркениет феномені
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция
27 қараша 2018 ж.
Өскемен қаласы
Ғылыми еңбектер жинағы
_________________________________
КРАЕВЕДЧЕСКИЕ ЧТЕНИЯ:
цивилизационный феномен Восточного Казахстана
Международная научно-практическая конференция
27 ноября 2018 г.
г. Усть-Каменогорск,
Сборник научных трудов
Өскемен, 2018
< Предыдущая | Следующая > |
---|