Кілт сөздер: музей, қор, шебер, жәдігер, дәстүр, кәдесый, ағаш, сүйек, заманауилық.
Қазақ ұғымында ағаш тамырын терең жайған мәңгілік өмірдің нышаны саналады. Сондықтан киелі, қасиетті деп танылған. Кәдесый жасайтын шеберлер әр бұйымға ағашты мұқият таңдаған. Сонда әсемдігі көз тұндыратын сыйлықтар ұзақ уақыт қызмет етіп, төзімді болған. Музыкалық ағаш кәдесыйларының өзіндік ерекшелігі - әсемдігінде.
Музыкалық аспаптардың ерекше бейнесін кәдесый арқылы көрсеткісі келген қолөнер шебері қазақтың екі ішекті, екі құлақты шертпелі аспабы қара домбырасын дәріптейді. Домбыраның пішінін ою аса қиын емес дейді шеберлер, дегенмен оның шанағын келтіру, бет қақпағын әрлеу аса ыждахаттылықты талап етеді. Домбыраға кез келген ою салынбайды. Домбыраның табиғатын ашатын, өнердің ізгі қасиетін паш ететтін ою-өрнек бейнеленеді. Ал ең маңыздысы ол домбыраның үні жасалу барысында нақты дыбыс нотасын енгізу. Ондайды музыка тілінде «унисон» деп атайды екен, сондай ақ кварта дыбыстарын таза әрі нақты беретін домбыраларды халық арасында өте жоғары бағалайды.
Ұлттық аспаптар жасаудың шебері, соның ішінде домбыраға көбірек ден қойған Бақыт Кеңшілікұлы ағаштан түйін түюдің қас шебері, ұлттық музыкалық аспаптар жасаушы ретінде танылған белгілі шебер еді, сол кісінің айтуынша, жақсы домбыра жасалатын материалына байланысты. Домбыра жасау үшін қарағай, шырша, қайың, тораңғы, емен, эбен, қызыл ағаш, тұт ағашы пайдаланылады. Домбыра жасайтын ағаш міндетті түрде күнге қақталып кебуі керек. «Ағаш толық кеппесе, жасалған соң өзінің формасын жоғалтады. Үнінде фальш пайда болуы мүмкін. Жақсы домбыраның материалы кем дегенде 4 жыл кебуі керек», деп айтқан шебер. Материал дайын болған соң ағаштар арнайы арамен кесіліп, жонылып, домбыра формасына келеді. Кесілген ағаш арнайы пеште ыстық температурамен иіледі. Домбыра екі түрлі әдіспен жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ойылады.
Сонымен атар ойылып жасалған домбыраның тәсілі күрделі. Шебердің айтуынша, домбыра үнінің тазалығы қақпағының жабылуына байланысты. Дыбыстың тербелісі, үні,ұзақтығы қақпаққа тікелей байланысты. Қақпақтар шырша ағашынан жасалады. Себебі шырша ең акустикалық материал», деген Б. Кеңшілік.
Ұлттық аспаптар жасаудың шебері, соның ішінде домбыраға көбірек ден қойған Нұржан Ділманов жасаған ұлттық аспаптар АҚШ, Канада, Қытай, Моңғолия, ТМД елдерінен келген қонақтарға кәдесый ретінде жетіпті. Міне, осындай шеберлердің қолынан шыққан ежелден қазақтың тарихын баяндаған музыкалық аспаптардың бірі-домбыраны тарту ету сол адамға біздің ұлттық рухымыз, еліміздің тарихын көз алдыға келтіреді.
![]() |
![]() |
| 1 | 2 |
1. «Домбыра» шағын мүсіні, кәдесый деп атауға болады. Қорға түскен жыл 2018, Нв 24-13190. Тұғырға бекітілген ағаш тамыры мен домбыра мүсінделген. Ағашты өңдеп ойып жасаған, ою өрнекпен безендіріп лажыланған. Жалпы домбыра-мойын, шанақ және құлақтан тұратыны белгілі, қарапайым ақ жіп арқылы ішегі мен пернелерін жасаған. Өлшемі: 18х20 см. Лажымен көмкерілген.
Бұл кәдесыйдың авторы Ә. Қуандықов (1969 жылы туған), Қазақстанның инновациялық университетінің «сурет салу және сызу» мамандығы бойынша жоғарғы оқу орнын бітірген. Абай облысы, Шульбинск кентінің тұрғыны, сол жерде орта мектепте мұғалімдік жұмыс атақарады. Облыстық және республикалық байқаулардың белсенді қатысушысы, мысалы мына кәдесыйды музей-қорық қорына сыйға тартқанда облыс қолөнершілердің «Асыл мұра» фестиваль-байқауына қатысып жатып берген екен.
2. «Домбыра» шағын мүсіні. Қорға түскен жыл 2019, Нв 25-13574. Кішкентай қоңыр түсті сопақша келген тұғырда қазақтың домбырасы бекітілген, ішек пен тиегі бар, қоңыр оюлы кәдесый. Өлшемі: 22х9 см. Лажымен көмкерілген.
Бірнеше кәдесыйлардың авторы белгілі ағаш ою шебері Б.Х. Махажанов (1958 жылы туған), Абай облысының тұрғыны. Мектеп-гимназияда технология пәнінен сабақ береді, ағаш оюмен көп жылдан бері шұғылданады. Сюжетті композициялар, кәдесыйлар жасайды. Облыстық көрмелердің белсенді қатысушысы, қорда оңға жуық бұйымдары бар. Болат Хамитұлы әр кәдесыйды жасау барысында оның ерекшелігіне тартымдылыға және өлшеміне аса мән берседі, себебі композициялық жұмыстары оның халыққа аспаптар арқылы жеткізген.
Шығыс Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнер шеберлері өлкенің көне қолөнерін жаңғыртып, сақтай отырып, дәстүрлерін, мәдени байланысын жалғастыруда. Біздің шеберлердің шығармашылығы ұлттық, этникалық, аймақтық қауымдастық негізінде өзінің ерекшеліктерімен әр түрлі болады. Сәндік - қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдары рухани және материалдық салада органикалық бірлік табады. Бұйымдарды ою-өрнекпен немесе сюжеттік бейнемен безендіру, сәндік-қолданбалы өнердің заманауи түрі.
Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары халқымыздың тұрмысы мен тіршілік қам-қарекетіндегі, салт-дәстүрі мен дүниетанымындағы, тарихы мен өнеріндегі бірегей заттық мұрасы, рухани-мәдени байлығы болып табылады.
Алғашқы қазақтың музыкалық аспабы қобыз, екі ішекті, ыспалы аспап. Оның қоңыр дыбысы, киелі, қасиетті, рухты болып танылған Қобыздың да бірнеше түрі болады: Нарқобыз – қобыз аспабының екі ішектісімен бірге үш, төрт ішектілер және нарқобыз, жезқобыз деп аталатын түрі де бар.
Қылқобыз – ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады.
Шаңқобыз – темірден немесе күмістен жасалған сүйір тілшесі бар көне музыкалық аспап. Шаңқобыз басқа атаулармен көптеген халықтарда кездеседі. Оның сирек кездесетін бір түрі — ағаш шаңқобыз — ағашқа бекітілген жіпті тербеу арқылы дыбыс шығарылады. Шаңқобыз – ежелден келе жатқан қазақтың музыкалық аспабы. Аспап бітімі бөлек болғанымен, оның құрылымы өте қарапайым.
Қазақтың керемет ең көне аспабы-қобыздан адамның дауысын, қасқырдың ұлуын, аққудың қиқуын, жел мен судың үнін шығаруға болады. Ағаштан ойылып жасалған қарапайым аспаптың табиғаттың түрлі дыбысын бере алуы ғалымдардың таңданысын туғызып отыр.
![]() |
![]() |
| 3 | 4 |
3. «Қобыз-домбыра» шағын мүсіні. Композициялық жұмыс десек болады. Қорға түскен жыл 2017, Нв 25-13575. Тегіс ойылған, домалақ жуан қою қоңыр түсті тұғырдың үстінде екі аспап бірге ойылған. Жоғарғы жағында үш құлағы бар. Кәдесыйдың негізгі пішіні қобыз, ортасында домбыраның пішіні көрсетілген. Шебер екі аспаптың да құлақтарын ерекше ойған. Домбырадағы ою күйдіріп салынған. Өлшемі: 23,5х5,5 см. Лажымен көмкерілген.
4. «Музыкалық аспап» кәдесыйы. Қорға түскен жыл 2015, Нв 20-11462. Тегіс ойылған, ағаш түстес және қою қоңыр. Екі қабатты жалпақ тұғырда иректелген жалпақ пішінді бөлшек орнатылған, оған қобыз бен домбыраның пішіні жапсарланған. Екеуінде кішкентай ұлттық ою әсемделген. Әрбір жерінде иректі ойықтары бар. Өлшемі: 26х11,5 см. Лажымен көмкерілген.
Ағаш мүсіндер, әртүрлі тұрмыстық бұйымдар, сәндік бұйымдардың ойыншықтары, сондай-ақ әртүрлі кәдесыйлар өндірісінде кеңінен қолданылады. Көркем бұйымдар мен кәдесыйлар жасау үшін әр түрлі ағаш түрлері қолданылады, олар жақсы өңделеді (тегістеу, жылтырату, бедерлеу). Ағаш бұйымдары токарлық станоктарда немесе ағаш ұсталарында жасалады, сонымен қатар қашау, пышақ және басқа да қарапайым құралдардың көмегімен қолмен кесіледі және ойылады. Осыдан кейін көптеген бұйымдар тегістеледі, жылтыратылады, лажымен жабылады. Өндіріс әдісіне сәйкес олар ағаш ұстасы, токарлық, аралас, ойылған және басқа да әдістерге бөлінеді. Көркемдік дизайн бойынша ағаштан жасалған бұйымдар оюмен (ағашты көркемдеп өңдеу), кескіндеу, бедерлеу, күйдірумен және басқа әдістермен өңделеді.
Шағын мүсін жасау заманауилықтың ғана емес бұл дәстүр мен қолөнерді біріктіріп тұрған ерекше туындылар. Музей қорында отызға жуық бұйымдар сақтаулы, олардың әрқайсысы асқан шеберлікпен жасалған. Сүйек, тері және асыл тастармен сәнделген композициялық жұмыстарда бар.
Бірақ мен мақалада тек шағын кәдесыйлар жайлы жаздым, және де қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын көрсеткен жәдігерлер. Көбінде бұл кәдесыйлар тұрақты көрме «Шығыс Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері», дәстүрлі көрмелерде халыққа ұсынылады.
Қорыта келгенде «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол... Абай Құнанбайұлы, 33-қара сөзінің ақиқатымен аяқтағым келеді.
Халықтық және сәндік-қолданбалы өнер
бөлімінің ғылыми қызметкері
Ж. Рахатова
Әдебиеттер тізімі
- Бақыт пен уақыт. Б. Кеңшілік. Алматы-Болашақ, 2022ж.
- Изделия народных художественных промыслов и сувениры. Бардина Р.А. Москва, 1990.
- Абай Құнанбайұлы, 33-қара сөзі
- https://egemen.kz/article/360530-dombyrashy-dilmanov
- Sputnik Қазақстан. https://sputnik.kz/20211116/aspap-qobyz-derekter-18669626.html
Халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің ғылыми қызметкері
Ж. Рахатова
Ұлттық этнографиялық журнал «Дәстүр» №2 (99) 2025 жыл
«Ағаш кәдесыйларының әсемдігі»
49-52 бб.










