Аңдатпа: Бұл мақала шығыстың бірегей танымал ұстасы Бақыт Кеңшіліктің қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын және дәстүрлі тұрмыстық бұйымдарды жасауды да қатар алып жүрген шығармашылық жолы туралы жазылған. Музей қорында сақталған бұйымдары арқылы толығырақ мағлұмат қамтылған.
Кілт сөздер: Ұста, шебер, мұра, дәстүр, қолөнер, дерек, таңба, ағаш, аспап, кәдесый, музей, қор, жәдігер.
![]() |
| сурет 1 |
Бақыт Кеңшілікұлы ағаштан түйін түюдің қас шебері, (1 сурет) ұлттық музыкалық аспаптар жасаушы ретінде танылған белгілі шебер еді. Оның Ұлы тұлғамыз Абай Құнанбайұлының 33 қара сөзіндегі: – «Егерде мал керек болса, қолөнер үйренбек керек. Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол....» деген өмірлік ұстанымымен қабысатындай.
«Тамырым менің тереңде»,-деп Бақыт Кеңшілікұлының өзі айтпақшы осы мақаламда кішкене тарихқа үңілсек. Бақыт Кеңшілікұлының арғы бабасы Құттымбет (Ұзынмылтық) кезінде Шеруші руын басқарған, қол бастаған ержүрек батыр, кесек тұлғалы, мерген, ақылдылығымен елдің басын құраған аузы дуалы би, әрі құсбегі болған екен. 1966 жылы туған, өскемен қаласының тұрғыны. Ол атажұртқа Моңғолиядан келген, 25 жылдан бері Өскеменде тұрған. Атасы Қатпа зергер, ұста адам болыпты. Бала кезінен атасынан ұсталық өнердің қыр-сырын үйренеді. Музыкалық аспап жасауға қызығушылығы бала кезінде оянады. Ержете келе арнайы білім алып, талантын шыңдайды. 1984 жылы Ресейдің Брянск мемелекеттік техникалық университетін ағаш өңдеу технологы мамандығы бойынша, ал 1992 жылы Ұлан-Батыр қаласында графика факультетін бейнелеу өнері мамандығы бойынша бітіреді. Облыстық, республикалық және халықаралық көрмелердің, сайыстардың белсенді қатысушысы және бірқатар жеңімпазы болған.
Шебер Бақыт Кеңшілікұлы халқымыздың сәндік-қолданбалы және саз өнерін меңгеріп қана қоймай, жылдар бойы үздіксіз жетілдіріп келген.
Бұл бабадан мұраға қалған өнер ғана емес, кәсіп көзі де еді. Ағаш бұйымдар ертеректе көшіп-қонуға ыңғайлылығымен, тасымалдауға төзімділігімен жоғары бағаланса, бүгінгі күні экологиялық таза материалдан жасалғаны үшін құнды және пайдалы. Бақыт Кеңшілікұлы - халық арасындағы талай күйші мен әншінің қолында жүрген қара домбыраның авторы. Домбыра жасаумен қатар, қобыз, прима қобыз және ат әбзелдерін де жасады. Шеберіміздің сүйікті ісі кәдесыйлар жасау болған. Бақыт Кеңшілік басында балташылық кәсіппен бастаса, кейін келе ойып жасау кәсібінің шыңын бағындырды. Саз аспаптарын жасаумен қатар, тұрмыс бұйымдарын, үй жиһаздарын жасауды да қатар алып жүрген.
Ол бұйымдарының бәрін асқан шеберлікпен, дәстүрді сақтай отыра жасайтын, әр туындысы бірегей санаулы шеберлердің қатарынан еді.
![]() |
| сурет 2 |
![]() |
| сурет 3 |
Шебер керілген қылды ысқышпен үйкеп ысқылап тартатын аспаптардың ішінде халқымыздың көнеден жеткен музыкалық мұрасы қобыздың түр-тұлғасын классикалық үлгіден өзгертпей, заман талабына сәйкес жетілдіріп те дайындады (3 сурет).
Оның өнерін жоғары бағалайтын ұстазы Жолаушы Тұрдығұловпен тәжірибе алмасып, домбыраның жаңа бейнесін жаңғыртып, дыбыстық қасиетін жетілдірумен шұғылданды. Бақыт Кеңшілік жасаған қазақтың ұлттық (2 сурет) аспаптары – прима қобыз, домбыра, шертер, дауылпаз. домбыралар пішініне қарай бірнеше түрлі болып келеді. Олар: қалақ домбыра, үй ішекті домбыра, торсық домбыра, оркестр домбыралар. Шебер қалақ домбыраларды тұтастай шауып та, заманауи үлгіге жетілдіріп, құрап та жасаған. Сондай-ақ торсық пішінді домбыралардың шанағы кәсіби мамандарға арналып 6, 7, 9 және 11 құрама шанақты болып келеді. Домбыраның шанағы дыбыстың шығуына үлкен әсер етеді. Ал классикалық күйге, әнге арналған, яғни тынысы кең, дыбысы ұзаққа ұшатын үлгідегі домбыраның шанағы 11 құрамадан тұрады. Шанағы 9 құрамалы домбыра оркестрге арналып жасалады екен. Бақыт Кеңшіліктің пікірінше, ағаш ерекше қасиетке ие, ол домбыра үнінің тазалығына үлкен әсер етеді. Сондықтан, шебер өзі жасаған домбыраларының құлағы мен түймедағын таза ағаштан әзірлейді. Құлағы ағаштан жасалған домбыраның үні таза, құлаққа жағымды болады.
Домбыраға кез келген ою салынбайды. (4 сурет) Домбыраның табиғатын ашатын, өнердің ізгі қасиетін паш ететін ою-өрнек бейнеленеді. Автор өрнек салуға өте ыждахаттылықпен қарайды. Айтуы бойынша күннің таңбасы адамға рухани күш-қуат береді деп есептейді. Кейбіреулеріне сүйектен ою-өрнек салады, ал авторлық таңбасы ол – күн шуағына малынған гүл пішінді өрнек.
![]() |
| сурет 4 |
![]() |
| сурет 5 |
Шебердің музей қорында нарқобыз, ортеке аспаптары, сонымен қатар тұрмыстық бұйымдардан асадал, астау бұйымдары бар. Және де қымызға арналған жиынтық (5 сурет) он екі ыдыстан тұрады: тостаған қақпағымен, ожау және 10 дана кесе – Нв 26-14076/1а.б, Нв 26-14076/2, Нв 26-14076/3-12 2021 жылы музей-қорықтың арнайы тапсырысымен жасалған жәдігерлер. Сондай-ақ асадал (ыдыстар салатын) Жағлан – киім-кешек салатын сандықтың көне түрі. Ағаштан ойылып, терімен қапталады. Жағлан қоңыр түсті, негізгі бөлігі мен бет қақпағы зооморфты ою-өрнекпен әсемделген.
Ортеке - қазақтың музыкалық аспабы, домбыраның көмегімен ойналатын «Ортеке» күйі бар. Күй үшін теке бейнесін ағаштан ойып жасап, оны тұғыр ағашқа орнатады. Күйші ағаштан жасалған теке бейнесін жіп арқылы басқарып, күй ырғағына билетеді.
Тоғызқұмалақ - ақыл-ойды дамытатын ұлттық ойын түрі (6, 7 сурет). Қазақтың дәстүрлі үстел ойыны баланың ой-қабілетінің дамуына, жеке тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін ең пайдалы ойын болып табылады. Оның бірнеше мың жылдық тарихы бар. Көшпенділердің өмірінде күнделікті тірлікке қажетті қарапайым математика осы ойынмен бірге дамыды. Музей-қорық қорында қолөнершінің ағаштан ойып жасаған тоғызқұмалақ (нв 26-14078) тақтасы бар. Ойын тақтасы 18 отаудан, 2 қазандықтан және 162 тастан (құмалақ) тұрады. Қазірде ол тұрақты экспозицияда халық назарына ұсынылған.
![]() |
| сурет 6 |
![]() |
| сурет 7 |
Шеберге тапсырыс берушілер көбінесе бас-аяғы бірдей сөйлейтін, орындаушыға ешқандай кедергі жасамайтын, музыка тілінде унисон, кварта дыбыстарын таза әрі нақты беретін домбыраларды өте жоғары бағалайды. Ол кісі үнемі ізденіс үстінде болатын, жаңашылдық әкелуге тырысатын, сүйікті ісі болғандықтан тапсырыс берушінің де ойын жетілдіріп отыратын.
Домбыраның қос ішегінде қазақтың сан ғасырлық тарихы, шежіресі, шері, мұңы, қуанышы, шаттығы, сыры, жыры, сезімдері жатыр. Оны сезіну, түсіну керек. Жаугершілік заманда күйді төгіп, шалқытып шертіп ұлт пен ұлыстың рухын көтерген елміз. Санамызға сол заманнан бері домбыраның күмбірлеген үні сіңді.
Қазақ той тойласы қолында киелі домбырасы бар әнші, жыршыға ерекше ықлас білдірген. Қазір жастарымыз арасында әлемді аралап қолындағы домбырасын күмбірлетіп, үнін насихаттап, дәріптеп жүргендері баршылық, ұзағынан болғай!
Бақыт Кеңшілік жан дүниесімен қалаған, көкейіне бала кезінен сіңген бұл қолөнер нағыз кәсібіне айналған. Шебердің аузынан үнемі естілетін сөздер:
- Домбыраға селқос қарауға болмайды, оны құрметтеп төрге оздырып, шанағына қол созып, үнемі ойнап отыру керек! Домбыраның киесі бар, оған менің өмірлік тәжірибем куә деп отыратын.
Шебер ұлттық аспаптар жасаумен қатар ат әбзелдерін, қамшы жасады. Ұлттық кәдесыйлар жасауды мақтаныш тұтты. Барлығын өміріммен байланыстырды. Кәдесыйларды жасау менің жүрегімнен шығады және оған өзім әдемі атау беремін деп келген. Мына «Тағдыр», «Ана мен бала», «Көкбөрі», «Сыр домбыра» және т.б. атауымен жасалған бірегей кәдесыйларды қалдырды.
Бақыт Кеңшілікұлының қолынан шыққан бұйымдары, шетелдік сыйлы қонақтар үшін тапсырыспен жасалды және олар Америка, Германия, Қытай, Корея, Франция, Италия және Ресей елдерінен өз орындарын тапты.
Ол екінші үйім шеберханам деп үнемі тапсырыс орындаумен болды. Металлургтер мәдениет үйінде барлық сапалы материалдары, құралдар мен арнайы станогі сол шеберханада болды. Қонақтар, тапсырыс берушілер тіпті атақты әртістерде сонда келіп шай ішіп, әдемі әңгіме құрып жаңа туындысына шабыт алатын. Музей-қорықтың арнайы тапсырысымен бірқатар бұйымдар жасады. Олар асадал, жағлан, сандық, тоғызқұмалақ, астау, қымыз құюға арналған жиынтықтар. Қорда шебердің жиырмаға жуық туындысы сақталған.
2021 жылы «Өнерім-өмірім» атты дербес көрмесі облыстық этнографиялық музей-қорықта өтті. Дәл осы жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Халықтың батасын алып, зор ықыласқа бөленіп жүрген белгілі шебер еді. 2022 жылы «Бақыт пен уақыт» атты альбомдық кітабын жарыққа шығарды. 2021 жылы өткен «Шығыс кәдесыйы» фестиваль-байқауының «Жыл шебері» номинациясының жеңімпазы атанды. Сондай ақ 2023 жылы «Асыл мұра» атты республикалық қолөнершілер байқауының жеңімпазы болды. «Үкілі домбыра», «Аңыз домбыра» және т.б. байқаулардың белсенді қатысушысы және І, ІІ, ІІІ орындар иеленген.
Бақыт Кеңшілікұлының облыстық этнографиялық музей-қорықта, Өлкетану музейінде, Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейінде, жеке коллекцияда сақтаулы. Сонымен қатар танымал адамдардың ішінен шертпе күйдің шебері Жанғали Жүзбаев, айтыскер ақын Серік Құсанбаев, Абаш Кәкенов, әншілерден Төреғали Төреәлі, Мейрамбек Беспаевтар шебердің қолынан ойылған домбыраларды ұстап жүр. Өнер колледждерінің студенттері де аспаптарды арнайы осы кісіден жасататын болған.
Шебердің әр бұйымы асқан шеберлікпен жасалған. Сапалы ағашты қолданып, көмкеруін ерекше жасағанын бірден байқауға болады. Авторлық ерекше қолтаңбасы, нақышы бар. Бұл ғылыми мақаламда кәсібилігін, жетістіктерін толық жазбасамда, ең маңызды деген мағұматтарға тоқталдым. Қорда сақталған қолөнер туындылары ғасырға жетер ерекшелігі мен сапасы бар.
Әдебиеттер тізімі:
- Бақыт пен уақыт. Алматы, 2022. ШҚО этнографиялық музей-қорық.
- Қазақтың музыкалық аспаптары. Б. Сарыбаев. Алматы, 1978.
- «Шығыс кәдесыйы» альбомы. ШҚО этнографиялық музей-қорығы. Өскемен 2021, 2022 жж.













