Ұлы дала төсінде соңғы үш мың жыл бойы салтанат құрған көшпелі өмір салттың ең соңғы мұрагері қазақ халқы . Содан болар , көшпелі қазақтың материялдық және рухани мәдениеті тікелей байырғы салтпен шендесіп жатыр .
Қазақ даласынан табылған Андрон заманындағы а рхеологиялық олжалардың ішінде қолөнердің құрал – жабдықтары мол ұшырасады . Әсіресе тастан , металдан жасалған ұршық бастары, жауынгерлердің үстіндегі асыл металдан дайындалған киім мен қару – жарақтар көшпелілер арасындағы орныққан өндіріс деңгейі мен өнер үрдісін айқын аңғартады .
Іле алқабынан , Есіктен , Берел , Шіліктідегі сақ қорғандарынан шыққан алтын , күміс , қола , темірден соғылған өте құнды тұтыну бұйымдары , ат әбзелдері , қару – жарақтар сапасы мен жасалу шеберлігі жағынан әлемді таңдандыруда .
Осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген ата – бабаларымыз жер қойнауының құпиясын аша да , оның бар асылын пайдалана да білген. Тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын ,сан – алуан әсемдік әшекейлерді, қару – жарақтарды жасаған . Бүл кәсіп атадан балаға мұра боп қалып, бізге дейін үзілмей жалғасып келе жатқан ұсталық және зергерлік кәсіпті қалыптастырған .
Демек ұсталық кәсіп , зергерлік өнер көшпелілер өмірінде , шаруашылық және тұрмыстық қолданбалы бұйымдарды жасап , қамтамасыз ететін маңызды кәсіп үрінде ертеден – ақ пайда болған , қалыптасып , дамыған .
Ұсталық , зергерлік кәсіп орта ғасырға қарай қазақтар арасында айрықша қарқын алған . Жезқазған төңірегі қазақ даласындағы металл өндірісінің орталығына айналған . Мұның өзі көшпелілерді мұздай құрсантқан қару – жарақ , ер – тұрман , үй мүліктерінің алуан түрлерінің дүниеге келуіне себепші болды .
Темірді балшықша илеп , одан түйін түйетін шеберлердің атын атамай «Ұста» деп әспеттеген . Жалпы , ұсталық кәсіпті түркі тектес халықтар «киелі өнер» деп санаған . «Ұста - елден ерекше , жоғары тәңірілік кұшке ие адам» -деген ұғым қалыптасқан .
Ұстаның жұмыс орны «ұстахана»деп аталған . Ұстахананы «қасиетті орын»- деп түсініп оған сыйынып , табынатын болған . Ұстаның еңбек құралдары – көрік , төс , балға , қысқаш , көсеу , қашау , шапқы , тескіш , кескіш , бұрғы , түрпі , әртүрлі кескіндегі қалыптар , металл балқытатын ожау , т , б . Оларды аялап , ерекше қастерлеп күтіп ұстаған .
Ұста ағаш көмірі , сексеуіл шоғы арқылы темірді қыздырып , балқытып алған соң , соғып , құйып қажетті заттарды жасай білген . Қаралау , бұрау , түйіндеу , қалыптау , ширатпалау , шегендеу , алтынмен аптап , күміспен күптеу тәсілдерін меңгерген .
Х1Х ғасырдың екінші жартысында тұрмыстық тұтыну бұйымдары–жез ыдыстар , еңбек құралдары - жер жыртатын соқаның шойын , темір тістері , жер қазуға арналған күрек , кетпен , егін оруға арналған орақ, шөп шабуға арналған шалғы , ат әбзелдерін т. б жасай бастаған .
Көшпелі қазақ дастарханының шырайын келтірер тағамның бір парасы ақталған тары , қуырған бидай , түйілген жарма , жүгері , науат , шекер , құрт , ірімшік , жент сияқтылар . Мұндай тағам түрлерін жасауда келі – келсап ең бірінші қажет мүлік . Осы мақсатта ағаш келімен қатар ұсталар темірден де келі жасап пайдаланған . Шойын қазан, темір мосы , ошақ тәрізді тұтыну бұйымдарды жасап , молынан қолданған .
Көшпелі өмір салтында , оның ішінде малшы өмірінде өндіріс құралы ретінде ер – тұрманның (ат әбзелдері) алар орны айрықша . Қашанда шаруа адамының мінген аты бапты , киімі ыңғайлы , ер – тұрманы сайлы болса , онда оның бойынан кәсіби мәдениеттің лебі есіп , көрер көзді қуантып тұрады .
Ер – тұрманның құрамына ердің соқа басынан басқа тоқым , желдік , терлік, іштік , тебінгі , үзеңгі , құйысқан , жүген , өмілдірік , ауыздық , айыл , тартпа , таралғы , тұсау , шідер , кісен , әртүрлі шығыршықтар сияқты заттар кірген . Олардың көпшілігі темірден , қоладан соғылатын болған .
Қарала күміс жүргізген бабымен жасалған әсем үзеңгі , жүген , құйысқан , өмілдірік , шынжырдан соғылатын тұсамыс пен кісен ер - тұрманның көркі .
Ал ердің қасын әсемдеу үшін күмістеудің әртүрлі үлгісін қолдануды меңгерген . Оның бірі темір қақтап , оның бетіне оюлап қошқар мүйіздеп , күміс қаптырады . Кейде қақтаған темірді ойып , күміспен күптейді. Жүген , құйысқан , өмілдірік , үзеңгілерге де қарала жүргізіп , күміспен әшекейлеген . Атты тағалау үшін темірден таға соққан .
ХУ111 ғасырдан бастап қазақ ұсталары қару – жарақ жасауды да зор қарқынмен қолға ала бастаған . Қылыш , айбалта , найзаның , жебенің ұштарын соғып , білтелі мылтықтар құйған . Қару – жарақ жасайтын ұсталар аса құрметке ие болған . Ұсталар бұл кәсіптің сыр- қырын аса құпия ұстап , тек өз ұрпақтарына ғана үйретіп, атадан – балаға мұра етіп қалдырып отырған .
Ұста , ұсталық кәсіп туралы қазақ ауыз әдебиетінде көптеген аңыз - әңгімелер сақталған .
Кеткеніміз оралып , жоғалғанымыз табылып ,өшкеніміз қайта жанған тәуелсіздік шапағаты төгілген осынау кезеңде , егемендігіміздің еңселі жылдарының жарқын бір жемісі –мемлекеттік МӘДЕНИ МҰРА бағдарламасның жасалып , жүзеге аса бастауы . Оның мақсаты – халқымыздың бірегей ұлттық мәдениетін , мәдени құндылықтарын іздеп , тауып , зерттеп әлемге әйгілеу . Бұл әлемде теңдесі жоқ әлеуметтік жоба .
Әрбір азаматтың ата –тегін , елінің тарихын , ана тілін білуі , ұлтын сүюі қасиетті парызы , ал ұлтының әдет – ғұрпын , салт – дәстүрін , мәдениетін , өнерін өмір бойы сақтап , ұстануы , дамытуы ата – баба рухы алдындағы мәңгілік борышы мен міндеті .
Осыған орай мемлекеттік МӘДЕНИ МҰРА бағдарламасы аясында Облыстық сәулет - этнографиялық , табиғый – ландшафтык мұражай – қорығында қазақтың ұмытылып , назардан тыс қалыңқырып бара жатқан киелі де бірегей ұсталық кәсіп , зергерлік өнерін қайта тірілту , дамыту бағытында ізденістер , зерттеу жұмыстары жүргізілуде .
Өңірімізде өмір сүрген қазақ ұсталары мен зергерлерінің мұраларын іздеп табу , оны келер ұрпаққа жеткізу , насихаттау , табылған жәдігерлерден көрмелер жабдықтау жұмыстары жүзеге асырылуда .
Қазір де мұражайдың тұрақты көрмесінде қолға түскен өте құнды жәдігерлерден жабдықталған «Ұсталық кәсіп» бөлімі көпшілік назарына үсынылған . Оның негізін ХХ ғысырдың екінші жартысында Самар ауданында өмір сүрген ұста О. Аспысбаевтың ұсталық құрал – саймандары құрайды . Көрмеде ХХ ғасырдың басында, Топиха аулындағы жергілікті ұста соққан таға , ХХ ғасырдың басында ұсталар пайдаланған көрік , ХХ ғасырдың екінші жартысында темірден әшекейлеп , өрнектеп жасалған ошақ , шамдалдар орын алған .
«Зергерлік өнер» бөлімінде жерлесіміз зергер , көне заттарды жинап зерттеуші , ерекше дарынды , ешкімге ұқсамайтын бірегей , сан – салалы өнерлі , ЮНЕСКО -ның «САПА БЕЛГІСІ» куәлігіне ие болған тұңғыш қазақ зергері СЕРЖАН БӘШІРОВ -тың төл туындылары қойылған . Оның күмістен жасаған сәндік әшекей бұйымдары әлемнің әр елінде қазақ рухын асқақтатып жүр . Оның жұмыстары қазіргі зергерлік өнер өлшеміне сыймайды . Авангардтық мәнерде жасалған әшекейлері - тамашалаушысын таңғажайып кескін – келбетімен , ешкімге ұқсамас өзіндік қолтаңбасымен , сондай –ақ ғасырлар қойнауынан жеткен ұлттық нақыштағы ою - өрнектерімен , табиғат тылсымдылығын аңғартар құпия айшық – бедерлері арқылы , сиқырлы бір әлемге жетелеп , бабалар аманатымен жүздестіргендей болады .
Сержанның төл туындылары көптеген дүниежүзілік көрмелерге қатысып , жүлделерге ие болған . Әлемнің бірталай елдерінденде дербес көрмесі ұйымдастырылған . Қазірде біздің мұражайда оның 70 тан астам туындылары орын алған . Оның тамаша әсемдік бұйымдары әлемнің көптеген елдерінің мұражайларына қойылған .
Халық ұсталарының қолынан шыққан осы бір өнер туындылары сан алуан қырымен , жасалу шеберлігімен , құндылығымен қазақ халқының ұлттық байлығын , ұсталық , зергерлік кәсібінің бірегей , ерекше дастүрін паш етіп тұр .
Бүгінде бізге белгілі болып отырғандай , осыдан ғасыр бұрын Тарбағатай өңірінде ШҮРШІТТІҢ ТҮСТІКБАЙЫ атты алтын мен күміс ұстсған аты ел аузында қалған ұста – зергер өмір сүріпті .Ол кісі ат әбзелдерін ер – тоқымға дейін күміспен күптеп жасаған .Соққан құлыптары ашылғанда әдемі әуен шығаратын болған . Тіпті , шекара заставасының тапсырысымен шар болаттан қылыш соғып , мылтық , нагандардың затворларына дейін қолдан құйған .
Ол кісінің көптеген бұйымдары республикалық , облыстық , мұражайларға өткізілген . Кейбіреулері Тарбағатай ауданы , Қ . Ақынов атындағы мектеп мұражайында сақталуда .
Түкеңнің ұрпақтарынан Болат деген шөбересі Семейде , Ерлан деген неменесі әскери академияда оқыйды . Барлығы да он саусағынан өнер тамған ісімер . Әке өнері ұрпаққа дарыды деген осы емеспе ?!
Ал сол зергердің шәкірті болған Қожахмет ақсақалдың баласы , әке жолын қуған ұсталықты кәсіп еткен Қожахметов Елемес қазір Ахмер ауылында тұратыны анықталды .
Ал Марқакөл өңірінде ХХ ғасырдың басында Қалдыбай атты он саусағынан өнер тамған шебер ұста өмір сүріпті . Оның баласы Мұқамәди де әке кәсібін жалғастырушы , мұрасын сақтаушы білікті ұста атанған . Мұқамәдидің балалары Қабитқан , Қажымұқандар да үсталық , зергерлікті меңгерген . Қалдыбай ұстаның ұрпақтары қазір Марқакөл ауданының Қалжыр аулында тұрады . Қалдыбай ұста пайдаланған көрік бүгінде де оның балаларында ұстаның көзіндей , асыл мұра ретінде сақталуда .
Осы өңірде ХХ ғасырдың ортасында Ықбаев Қалиакбер атты темірден түйін түйген , ат баптап , таға соққан тағы да бір жұртқа әйгілі темір ұстасы өмірден өткендігі белгілі болып отыр .
Жоғарыдағы аттары аталған ұсталықты кәсіп етіп , ел – жұртын аса қажетті тұтыну бұйымдары , еңбек құралдарымен қамтамасыз ете білген, тарихта аттары қалған , бойларына қасиет пен кие қонған ардақты адамдар туралы , олардың төл туындыларын іздестіріп әлі де мол , терең мағлұматтар жинау жұмысытары жалғастырылатын болады .
Қазірде Өскемен қаласында тұратын , қазақтың ұсталық , зергерлік өнерін дамытушы , жаңаша мәнермен жаңғыртушы , ХХ ғасырдың басында Монғолияда өмір сүрген қас шебер Зұлқарнай ұстаның ұрпағы ұста Бақыт Кеңшілікұлы біздің мұражай жұмыстарын жетілдіруге , кейбір көрмелерді жабдықтауға зор үлесін қосты .
Болашақта шығыс өңіріндегі бұлардан да басқа аты шыққан , ұста – зергерлерді , бүгінде сол кәсіпті жалғастырып , дамытушы , жаңғыртушыларды да іздеп, тауып олардың баға жетпес өнер туындыларын барша халыққа жария ету біздің мұражай қызыметкерлерінің басты міндеттерінің бірі болмақ .
Демек , халқымыздың салт – дәстүрі , ұлттық бай мұрасы , өнері мәңгілік жасайды , жаңарып дамый береді .
Мәжікенова Зейнеп Мәжікенқызы
«Мәдениет жаршысы» журналы , 2008 жыл №10