Глубокое ауданы Бутаково селосының мектебінде құрылған этнографиялық музей 1983 жылы Өскемен қаласына көшірілген-ді. Ал, енді алдағы уақытта Ертістің сол жағасында облыстық архитектуралық-этнографиялық музей ашпақпыз. Онда екі негізгі бөлім бойынша, яғни орыс және қазақ халықтарының ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы тұрмыстары мен мәдениеттері көрсетілмек. Сондай-ақ, біздің жұмысымыз облысымыздағы тұрғын үйлердің түрлерін, олардың салыну құрылысын халқымыздың шаруашылығын зерттеуге және қазақ халқының бұрынғы тұрмысын көрсететін заттарды жинауға негізделіп отыр.
Биыл біз, музей қызметкерлері Ұлан, Тарбағатай, Катонқарағай, Марқакөл аудандарына және Семей облысының Көкпекті ауданына экспедицияға шығып қайттық. Жұмысымыздың нәтижесі жаман емес. Музейге көптеген экспонат әкелініп, оның қоры одан әрі толықтырылды. Ондағы әр жиналған зат өзінің тарихымен, әсемдігімен, тұрмыста қолданылуымен құнды. Мысалы, сүлгінің майлық, сулық деген түрлері әр іске қолданылуына байланысты аталған екен. Кейінірек олар үйдің жиһазы ретінде айнаның үстіне, суреттердің жақтауларына және қабырғаға ілінген. Оларды қыз ұзатқанда жасауымен бірге берген. Сонымен қатар келін түсіргенде, енесі келінге өзіне арнатып тіккізген. Мысалы, Ұлан ауданы Ұлан (Шымқора) селосының тұрғыны Күләш Камалиева бізге тапсырған орамалды апасы Дәмеш тұрмысқа шыққанда берсе, келесі бір орамалдарды Катонқарағай ауданы Белое селосының тұрғыны Әсия Төлегетаева 1968 жылы келін болып түскенде енесі Рахымжанның тапсыруымен тігіпті.
Катонқарағай ауданы Қызылжұлдыз селосының мұғалімі Жеңіс Бексолтанов сонау коллективтендіру кезінде пайдаланылған ұста көрігін өткізді. Осы көрікті жасаған әкесі Бексолтан бүкіл ауыл адамдарын керек-жарақтармен қамтамасыз етіп отырған екен. Ал, Семей облысы Көкпекті ауданындағы Биғаш селосының тұрғыны Оралқан Байсеңгірова апай - ері Нұрахмет екеуінің тойына арналған сыйлық - қос жіңішке білезікті, жасауынан қалған жастықтың тысы мен төсек аяқ жапқышты және біраз заттар берді. Білезіктерді 1940 жылдары Қытай Халық Республикасындағы Шәуешек қаласында бір қазақ зергері жасаған екен. Аталған селоның тұрғыны Б. Байсеңгірова ХІХ ғасырдың ортасында жасалған неміс тігін машинасын тапсырды. "Оны 1955 жылы қытай жерінен қазақ жеріне келерде бір дүңгеннен екі сиырға сатып алдық", - дейді Бүбайса апай.
Музей экспонаттары ішінде, әсіресе , ХХ ғасырдың басындағы зергерлік бұйымдар шебер жасалған. Мәселен, өрнегі әдемі білезікті Қазима Бадылбаева апа "құдағиым Бибибәтиманың сыйлығы" деп берсе, С. Қырбаева апа ертеден келе жатқан ай сырғаның бір түрін тапсыра тұрып "шешемнен қалған көз" деген еді. Сол сияқты Марқакөл ауданы Сорвенка селосының тұрғыны Советхан Сейтнұрханов қазақтың сырғаларының бірін "шешем Сыйбаланікі" деп музей қорына сыйға тартты.
Музейге тапсырылған заттардың ішінде ең орын алатыны 30-50-ші жылдар аралығында ағаштан жасалған бұйымдар. өкінішке орай , көпшілік тұрғындар беріп отырған заттарының тарихын анық білмейді. Музейдің мақсаты осындай көне заттарды көп жинау ғана емес, сонымен қатар олардың тарихын да білу. Бұйымның қашан, қай шебердің қолынан және қандай заттан кімге арнап жасалғаны әрі қайда істелгендігі жөнінде деректер керек. Болашақта бұл мағлұматтардың қажет болатындығын оқырман қауым ескере жүретін шығар деп ойлаймыз.
Сөз соңында облыстық газет арқылы бізге көп көмек берген адамдардың бәріне ризашылығымызды білдіреміз. Әсіресе, Катонқарағай ауданынан Қайныш Әлипеноваға, Жәуен Бөгістеноваға, Ұлан ауданынан Нұрсолтановтар семьясына, Гүлбаһрам Нүсіпжанова апаға, Марқакөл ауданынан Советхан Сейтнұрхановқа, Семей облысының Көкпекті ауданынан Байсеңгіровтар семьясына, сондай-ақ Катонқарағай аудандық партия комитеті мен жергілікті атқару комитеттеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс айтқымыз келеді.
Құрметті оқырмандар! Сіздерге айтарымыз, көненің көзі - ескіден келе жатқан заттарыңыз бар болса, музейге өткізулеріңізге болады. Сіздер осы істеріңізбен халқымыздың тарихы мен мәдениетін сақтауға көмектесесіздер, оған өз үлестеріңізді қосасыздар.
Б. Құмарова
Коммунизм туы, 28 О9. 1989 ж.
< Предыдущая | Следующая > |
---|