«Ана тілің - арың бұл
Ұятың боп тұр бетте,
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте...»
Неге осы біз Өскемендегі қара-құрым қазақ бір-бірімізбен ана тілімізде сөйлеспейміз? Неге? Не кедергі бар? «Мемлекеттік тіл саясаты», «Мемлекеттік тілді етене енгізу туралы» мемлекеттік бағдарламаларды қабылдап жатырмыз, жылда осы тақырыпта қыруар қаржы бөлініп конференциялар өткізіледі, сондағы нәтиже қане? Тәуелсіздіктің 20 жылында жеткен жеріміз осы ма? Өмірде мынадай аңыз бар: Бір ғұламаның даналығын тексермек болып шәкірті көбелек ұстап алып, алақанына жасарып ұстазының алдына келеді. «Менің қолымдағы көбелек тірі ме әлде өлі ме?» деп сауал тастайды. Ғұлама тірі десе алақандағы көбелекті қыса салып өлтіремін, өлі десе алақанымды аша салып ұшырамын деп өзінше қулық ойлапты. Сонда ғұлама тұрып «Көбелектің тірі болуы да өлі болуы да тек сенің қолыңда»деген екен. Олай болса, ана тіліміздің тағдыры қара ормандай қалың қазақтардың қолында! Ана тілін өзге тілмен араластырып шүлдірлеп жүріп өлтіре аламыз, бір бірімізбен қазақша сөйлеп отырып тірілте аламыз! Ана тілімізге мәңгілік ғұмыр беру қазақтардың өз қолында! Айналайын Өскемендік қазақтар! Біз сыртқа, басқа облысқа шыға қалсақ бізді орыстар келді деп әжуалайтыны бізге аз ба? Бізді «Красный Восток» деп те жатады ғой, неге сол «Қызыл Шығыстығымызды» дәлелдеп мемлекетіміздің тілін осы Қызыл Шығыстан дәріптеп, мемлекеттің деңгейіне көтерілуіне ықпал етпейміз!
Құрметті Өскемендіктер! Бойында мемлекеттік тілге деген құрметі бар, Абай мен Шәкәрім, Мұхтар сөйлеген қазыналы қазақ тілін жетік меңгерген қазақ жастары! Қай салада, қай мекемеде жұмыс істеп жүрсең де, көлікте тұрсаң да, қонақта отырсаң да, тіпті «агентте» отырсаң да өзара бір-біріңмен тек қана ана тілімізде сөйлесуге шақырамын! Ана тілін сүймеген адам, халқын сүйіп те жарытпайды. Ана тілін қадірлемеген халықтың болашағы жоқ . Тәлім-тәрбие тілден басталады. Олай болса, тіл-бөбектің үні, тіл-ананың әлдиі, Тіл-бесік жыры болсын!
Ешбір тілге ұқсамайтын сұлу тілімізді шұбарламайық! Ұйқыда жатқан ұлттық намысымызды оятайық! Бүгіннен бастап орыс мектебін бітірген әріптесіңмен тек таза қазақ тілінде сөйлесе бастасаң, бір айдың ішінде тілі шорқақ замандасыңның ана тілін біршама меңгеруіне көмек көрсетесің! Өзіңді қолға ал! Әр сөзіңді қадағала, әдетке айналып кеткен қазақ тілін шұбарлап сөйлеу үрдісін тоқтатайық! Осы жақсы әдетті бүгіннен бастайық! СЕН сөйлесең, МЕН сөйлесем, ОЛАР сөйлесе - Өскемен қаласындағы басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді түсінуге деген ынтасын бір мысқал болса да арттыруға ықпал етеміз!!! Тасты жарған тамшы туралы аңызды естіп өстік қой! Сол тамшы құсап күн сайын өз тілімізде бір-бірімізбен сөйлесіп өзге ұлттың санасына тілімізді сіңіре берсек, тамшы болып тама берсек - түбінде жарып шығатынымызға кепілдік беремін! Кеңес дәуірінде 70 жыл бойы, одан кейін Тәуелсіздігіміздің 20 жылында өз елімізде, өз жерімізде үстемдік құрған бізге бөтен Ресей Федерациясының мемлекеттік тілінің Қазақстан Республикасында бұдан былай үстемдік құруын тек солай, күнделікті бір-бірімізбен қазақша сөйлесу арқылы ғана тоқтата аламыз! Рас, қиын болады, санамызға сіңіп қалған тіліміздің ұшына келіп тұрып алатын орыстың «приветі» «сәлем» деген сөзімізден бұрын шығып кететінін түсінемін, бірақ мықты болайық! Принцип ұстанайықшы, осы мәселеге келгенде! Кезінде орыс халқына біздегі орыс тілі сияқты француз тілінде сөйлеу «сән» (мода) болған, сонда Пушкин бастаған орыс зиялылары орыс тілінде сөйлеуге шақырған екен. Ендеше ана тілімізді өмірге енгізудің басқа жолы болмаса ең құрығанда қазақ тілінде сөйлеуді жастар арасында қазіргі жастар тілімен айтқанда «сәнге», тамаша үрдіске айналдырайық! Ана тілімізге қатысты заң бар, дән егілген, енді сол заңмен бекітілген дәнді суарайық! Кенезесі кеуіп шөлдеп тұрған тіліміздің шөлін қандырайық! Кеудесінде намысы бар мемлекеттік тілді терең меңгерген қазақ жастары, ауылдан келіп өзіміздің университеттерде оқып жатқан студенттер, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік мекемелерде отырған мамандар мені, менің осы идеямды қолдайды деп сенемін!
Өскемен қаласының тұрғыны,
этнографиялық мұражайдын қызметкері
Гүлжан Қазымова
г. Өскемен, 2012 ж., 06 желтоқсан
< Предыдущая | Следующая > |
---|