2011 жылдың 1 қыркүйегінде Өскемен қаласында Солжағалық кешеннің этноауылындағы ұйғыр қонысында мұражай-қорықтың қызметкері Қ. Нұрғалиев атындағы мектеп-гимназияның 9 А-сыныбының оқушылары үшін «Роза-рамзан» - ұйғырлардың ұлттық діни мерекесі» атты лекция оқыды.
Лекция барысында азсанды этнотоп бөлімінің маманы Іңкәр Баубаева келушілерді Қазақстанда тұратын ұйғыр халқының мәдениеті, тұрмысы және салт-дәстүрі жайындағы мәліметтермен таныстырды, оған оқушылар ерекше қызығушылық танытты.
Мұсылман күнтізбесі бойынша Ораза айттың соңғы күні биыл 1 қыркүйекте мерекеленді. Осы орайда әрбір мұсылман халқы бұл қасиетті күндерді өзінің салт-дәстүрлік ерекшелігі бойынша өткізетінін айту керек. Сондықтан ұйғыр халқының ораза айт - «Роза-рамзанды» қалай мерекелейтіні жас тыңдаушылар үшін таңсық болды.
Іс-шараның негізгі мақсаты болашақ ұрпақты білімділікке, сыйластыққа шақыру болып табылады. Ұлтаралық мызғымас бірлікті сақтау және достығымызды нығайту ең алдымен нәтижелі тәрбиенің жемісі болмақ.
Іс-шара соңында сынып жетекшісі Анар Аманғазықызы Нұртазалиева бізге шексіз алғысын білдіріп, осындай тәрбиелік маңызы зор іс-шаралар жиі өткізілсе, оларға мектеп оқушылары қатысып жүрсе нұр үстіне нұр болар еді деген ұсынысын айтты.
Іс-шараға қатысқандардың пікірлері:
Еркежан Рахатова – сынып белсендісі: «Сыныбымызбен бірге этноауылды тамашалап, ұйғыр қонысымен таныстық. Ұйғыр халқы туралы жаңа ақпарат алдым».
Арман Зейноллаев – сыныптағы ең үздік спортшы: «Мен спортты сүйетінмін, бірақ бұл жолы тарихқа деген қызығушылығым оянғандай. Сыныппен бірге тамаша күн өткізгеніме қуаныштымын».
«Роза-рамзан» - ұйғырлардың ұлттық діни мерекесі» лекциясының тек тәрбиелік мақсатта ғана өткізілмей, сонымен қатар тарих пәнімен сабақтасып, білімділікті арттыруға үлкен үлес қосқаны анық.
Іңкәр Баубаева