• Increase font size
  • Default font size
  • Decrease font size
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Кашаку Г. Ұлы даланың ұлы (ақын Тұрғазы Нұқайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы)

Кашаку Г. Ұлы даланың ұлы (ақын Тұрғазы Нұқайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы)

ТҰРҒАЗЫ НҰҚАЕВ  (1937-2001) -  журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, З.Баянов атындағы облыстық журналистер жүлдесінің иегері

РОЗА ӘДІЛҒАЗЫҚЫЗЫ (1939 жылы Алматы облысы,  Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылында өмірге келген) – ақын Тұрғазы Нұқайұлының жары. Әкесі Әділғазы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың немере інісі болып келеді. Өзі ұзақ жылдар бойы Өскемен қаласындағы «Рассвет» тігін фабрикасында еңбек еткен.

Белгілі ақын, журналист Тұрғазы Нұқайұлының жұбайы Роза Әділғазықызымен ой бөліскен едік.  Сол сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

- Сәлеметсіз бе, Роза апай?! «Ұлы даланың ұлымын» деп жырлаған Тұрғазы ағамыздың ата-анасы, туған жері туралы айтып берсеңіз. Ақынның балалық шағы қызыл қырғын, Отан соғысы жылдарымен қатар келді ғой.

- Ол 1937 жылы сәуір айының 13 жұлдызында қазіргі Шымқора ауылында дүниеге келген. Сол кезде дәл қалай аталғанын білмедім. Тұрғазының өзі берген материалға сүйенсе керек Бошай аға (Кітапбаев) өз кітабында Ұлан ауданының Егінсу сельсоветіндегі Тұяқ деген жерде туған,  ататегі Шүршейіт деп жазады. Мен ата-енемді көрген жоқпын, ол кісілер өмірден ерте кетіпті. Әкесі – Трабаев Нұқай, анасы – Оразайқызы Рахима. Мүскен (Мүсілім Құмарбекұлы) Тұрғазы жайлы жазған естелігінде әкесі Нұқай ақсақал алғашқы ұжымшар ұйымдастырушылардың бірі деп жазады. Күні бүгінге дейін мүшелік жарна төлеген билеті сақтаулы. Атамызбен бірге туған інілері Сағидолла, Сақай Ұлы Отан соғысынан оралмаған. Ал, біздің балалық шағымыз сұрапыл соғыс жылдарымен қатар келді.

- Тұрғазы Нұқайұлы «Ұлы даланың ұлымын» кітабын әке орнына әке, ана орнына ана болған қамқоршы апайы Мәрияға арнаған екен. Қазақтың қайсар қыздарының бірі Мәрия апай жайлы айтып берсеңіз

- Ата-аналары өмірден өткеннен кейін,  үйдің үлкені тәтемнің (Мәрия) жауапкершілігінде өзінен кейінгі Тұрғазы, Серғазы, Мәрзия (Пәсөк), Сарқыт есімді іні-сіңлілері қалады. Оларды ер жеткізіп, ел қатарына қосады. Өзі кеңшарда есепші болып еңбек еткен. Мен тәтемнің қолына келін боп түстім. Ол бауырларынан аналық қамқорлығы мен мейірімін аямаған, жайсаң жан еді.

- Тұрғазы аға қайда оқыған еді?

- Төртінші сыныпқа дейін өз ауылы Шымқорада оқыпты. Одан кейін Өскемендегі Жамбыл мектеп-интернатына ауысады. Оны бітіргеннен кейін, 1955-1960 жылдары Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында қазақ тілі, әдебиеті және тарих мамандығы бойынша білім алады. Онда танымал ақын Әбдірахман Асылбековпен бірге оқыған, екеуі жақсы дос болды.

- Сіздер қалай таныстыңыздар?

- Мен мектеп бітіргеннен кейін сол кездегі үрдіс бойынша «Қарғалы» шұға комбинатында жұмыс істеп жүрдім. Сол Қарғалыдағы орта мектепке практикадан өтуге Тұрғазылардың тобын жіберіпті. Сонда екеуіміздің тұрған үйлеріміз көрші болды. Осылайша жолымыз түйісіп, Қарғалы жерінде таныстық. 1960 жылдың жазында шаңырақ көтердік.

- Тұрғазы ағаның еңбек жолын ауылдық мектептің мұғалімі болып бастағанын білеміз.  Ұстаз Тұрғазы қандай жан еді?

- Өзінің туған аулындағы мектепте мамандығы бойынша бос орын болмай, арнайы жолдамамен Ұлан ауданының Қанай ауылындағы мектепке қазақ тілінің мұғалімі болып орналасты. Тұрғазы қандай жұмысты бастаса да ісіне беріліп кірісетін. Сабақтан тыс уақытта оқушыларға музыкалық аспапта ойнауды үйретіп, кейін оларды жарыстарға қатыстыратын. Жас мұғалім ретінде сан алуан ойындар ұйымдастыратын. Қанай ауылының тұрғындарымен кездескенде сол кездегі «жас мұғалімдер Тұрғазы, Серік Ғабдуллин, Фарида Дайырбекова, Меңкеш, Софья және практиканттар Сайлаубек пен Заманбек ауылдың мәдени өміріне соны серпіліс әкелді» деп отырады. Олар ауыл тұрғындарына концерт қойып, оқушыларды лагерьге апаратын. «Мына Айыртаудың тарихын зерттеп жастарға таныстыру керек» деп отырушы еді. «Победа» (қазіргі Екатериновка ауылы) колхозының Тельман атындағы мектебіне директорлыққа тағайындалғанда, Қанай ауылын қимай көштік. Дегенмен, шығармашылық адамы жаңа ортаға жылдам үйреніп, өзінің айналасын мерекеге бөлеп жүреді ғой. Мұндағы жастармен бірлесіп колхоздың жанындағы бөлімшелерді аралап концерт қоятын болдық. Мысалы, Тұрғазы өз өлеңдерін оқыса, мұғалім Зоя Нұралина ақын-жазушылардың шығармаларын жатқа айтады. Мұғалім Арғынғазы Қалмақбаев домбырамен ән салса, мен би билейтін едім.

- Тұрғазы аға журналистикаға қалай келді?

- «Мектеп директоры көбінесе шаруашылық жұмыспен айналысады, мен оны бұдан әрі жалғастыра алмаймын» деп директорлық  жұмыстан бас тартты. Сол кездегі облыстық «Коммунизм туы» газетінің редакторы Мұқан Әбуғалиевпен жолығып, редакцияда қызмет еткісі келетіні жайлы айтады. Мұқан аға келісімін беріпті. Сөйтіп, қалаға көшіп келдік. Тұрғазы редакцияға әдеби қызметкер болып орналасты. Бұған дейін оның өлеңдері аудандық, облыстық газеттерде жарияланып жүретін. 1970-ші жылдардан бастап 1997 жылы зейнетке шыққанға дейінгі аралықта редакцияда жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып еңбек етті.

- Зейнеткерлік жас – адам кемеліне жетіп, айналасына шуақ шашатын тұсы ғой. Зейнеткерлікке шықса да Тұрғазы ағаның өмірі қауырт жұмысқа толы, жемісті әрі қызықты кезең болған көрінеді.

- Жастайынан еңбекке үйренген жан үйде қарап отыра алмайды екен. Кәдімгідей күйзеліске ұшырайтын көрінеді. Сөйтіп жүрген кезінде Жамбыл мектеп-интернатынан басшылар хабарласып, қызметке шақырады. Бұл Тұрғазыны қанаттандырды. Одан кейін Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті жұмысқа шақырды. Онда бір-екі жыл оқытушылық қызмет атқарды. Серік Байхонов, Жұмағазы Игісін үшеуі «Казцинк» ашық акционерлік қоғамына аудармашы болып орналасты. Сол жылдары бәрі бірлесіп "Ғажайып туған жер» (қазіргі «Казцинк жаршысы – Вестник Казцинка» газетін шығарды.

- Бір атадан,

Өнер қуған саяқпын.

Жыр – самалмен,

Кең даламды ояттым.

Ғұмырыма,

Өлең – серік, ой – серік,

Пайғамбарым,

Жасына да таяппын деп жырлаған Тұрғазы ағаны әдебиетке жетелеген не екен? Әдебиет әлеміне қалай қадам басқаны жайлы Сізге айтушы ма еді?

- Тұрғазы оқуға аттанғанда үлкен апайы Мәрия Алматыда тұратын атақты туысымыз, ғалым Сәрсен Аманжоловтың мекенжайын беріп, сонда баруды тапсырады. Содан Сәрсен аға Тұрғазыға сен ауылдың баласысың, биыл біздің үйде тұрып оқисың деген. Сонымен, бірінші курсты сонда тұрып оқыған екен. Сол кездері Сәрсен аға кабинетінде жұмыс істеп отырған шақта, оның жанына барып сабағын қарайды, керекті кітабын сұрап алып оқиды екен. Кітап оқып отырған жерінде ұйықтап қалатын кездері де болыпты. Онда Сәрсен аға оны оятып, «балақай сен кішкене шаршап қалыпсың, барып демала ғой» - дейді екен. Сәрсен ағаның жұмыс кабинеті кітапқа бай еді, қабырғасын жауып тұратын деп ыстық ықыласпен еске алып отырушы еді. Осыған қарағанда, белгілі түрколог Сәрсен Аманжоловты үлгі тұтып, ұстаз санаған көрінеді. Сәрсен ағадан алған тәлімінің арқасында оқудан ауылға демалысқа келген кезінде өзімен қатарлас іні-достарына мынадай тақырыпқа өлең жазыңдар деп тапсырма береді екен. Күні бүгінге дейін Сәрсен ағаның балаларымен туыстық қарым-қатынасымыз үзілген жоқ.

- Өлең жазған кезінде арнайы жағдай жасауды қажет етуші ме еді?

- Шабыты келген кезде түнгі үш-төртке дейін отыратын. Кейбір шығармасын жазар алдында бір ой қысып, өңі бұзылып, жауатын күндей түнеріп жүретін. Ол кезде мазасын алмаушы едік. Сол туындысын жазып бітірген соң, жадырап шыға келетін. Ал, арнайы бір жағдай туғызуды қажет етпейтін, тек ертеректе ас үйдің үстеліне ақ мата жауып жазушы еді. Шабыты келгенде жұмыстан соң редакцияда қалып жазатын кездері болатын.

- Тұрғазы ағаның Сізге арнап шығарған өлеңі бар ма?

- Кешірші,

Саған жақсы жыр жазбадым,

Түсінер

Ишаратты сырбаз жаның.

Бірақ та

Сен үшін де от боп жанып,

Түбінде

Белгілі ғой бір маздауым - деген өлең жолдарын айтып, осы өлеңді саған арнадым деп еді. Бұл өлең «Сен туралы» деп аталады. Өздеріңе сыйлаған «Ұлы даланың ұлымын» атты жыр жинағына енген.

- Ақиқат – асыл тұғырың.

Мөлдірлік – қорған, тірегің - деп жырлаған лирик ақын-ағамыздың шығармашылықта ғана емес, өмірде де шынайы мөлдірлікті қағида тұтқаны байқалады. Айналасындағылардан соны талап етуші ме еді?

- Өтірік айтпайтын, ғайбат сөйлеуді жақтырмаушы еді. Екеуіміз шаңырақ көтергенде, ешкіммен дауласып, сөз қумауымды тілек етті. Төңірегіндегілерге мейіріммен қарайтын. Мысалы, демалыс күндері Шымқораға жол тартатынбыз. Ауылдың шетінде ойнап жүріп, керісіп қалған балаларды көрсе, машинаны тоқтатып, оларды шақырып алып «кім баласысың» деп сұрайтын. Содан кейін, «ағайындар араздаспайды, тату болыңдар» деп оларды достастырушы еді. Баланы ерекше жақсы көретін, оларға біздің елдің болашақ азаматы ретінде қарайтын.

- Бүгінде біздің музей-қорықтың сақтау қорында Тұрғазы ағаның өзіңіз сыйлаған еңбектері мен мемориалдық заттары бар. Солардың ішінде ақынның өмір жолынан сыр шертетін фотосуреттер мол. Олардың басым бөлігі табиғат аясында түсіріліпті. Соған қарағанда, ақын көңілі табиғатпен егіз бе дерсің?!

- Тауға шығып демалғанды жаны сүйетін. Кей жылдары жазғы демалысты табиғат аясында өткізетін. Мұзтауға баруды арман етуші еді. Бірде Мәскеуден келген туристтермен бірге Мұзтауға бару үшін жазғы демалысын арнайы алды. Кейін, Мұзтауға өлең арнады.

- Сіздің музей-қорық қорын толымдауға жасаған көмегіңіз үшін зор алғысымызды және музей-қорыққа деген ізгі ниетіңіз үшін шынайы ризашылығымызды  білдіреміз. Осындай ынтымақтастығымыз алдағы уақытта жалғаса береді деп үміттенеміз. Ұзақ өмір, мықты денсаулық тілейміз Сізге, Роза апай!

 

 

 

Гүлжан Кашакуқызы

Шығыс Қазақстан облыстық

сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық

 музей-қорығының қызметкері

 

 Ел тарихы адамдар тағдырында. История страны в судьбах людей

Алматы, 2018

137-141 б.

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …