• Increase font size
  • Default font size
  • Decrease font size
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Қабдоллаев М. С. Дәстүріміз ұрпақты тәрбиелеуші таптырмас құрал

Қабдоллаев М. С. Дәстүріміз ұрпақты тәрбиелеуші таптырмас құрал

Соңғы жылдары  «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» сынды мемлекет тарапынан ұлттық салт-дәстүрлерімізбен қоғамдық сана-сезімді жаңғырту мақсатында өткенге дендеп үңілуге мүмкүндік беретін жұмыстар атқарылуда.  Тарихымызға көңіл бөлу, оны шынайы түрде насихаттау болашақ дамуымызда дұрыс жол таңдауымызға мүмкүндік береді. Ұлттық мәдени мұралар дегеніміз, ғасырлар бойы сынақтан өткен, тәрбиелік тәжірибелер, педагогикалық құнды идеялар. Ұлттық дәстүрдің өсіп-қалыптасып келе жатқан жаңа буынды тәрбиелеудегі рөлі жоғары. Өзінің тамырын, шығу тегін, дәстүрін білмеген адам өз отанын сүймейт, ата-бабалар ерлігімен мақтана алмайт, ӛзге ұлт дәстүріне деген құрмет сезімі де кемитіні анық. Бүгінгі күні қоғамымызда орын алып жатқан түрлі жат ағымдардың, немесе, саяси ұйымдардың соңынан жастарымыздың еруінің бірден бір себебі салт-дәстүрімізді, қазақы наным-сенімімізді ұмыта бастағандығымыз екендігі даусыз. Ұлттық мәдени құндылықтардың жоғалуына деген қарсылығы және құндылықтарды сақтап қалу жолына деген талпынысы арқылы ұлттың мәдениеттілік деңгейін өлшеуге болады. Ұлттық құндылықтарымызды қайта жаңғырту арқылы ғана біз рухани азғындықтан, басқалармен сіңісуден, ұлт ретінде жойылудан құтыла аламыз. Белгілі ғалым Л.Н.Гумилев өз еңбектерінде бұл турасында былай дейді: «Дәстүрсіздікке жеткен ешқандай этнос жоқ, ондай этнос өмір сүруін тоқтатады немесе көршілерімен сіңісіп кетеді»[1;205].

Кеңестік билік, отаршыл патша үкіметінің әдейілеп жүргізген саяси жұмыстарының нәтижесінде дінімізден, тілімізден, тарихымыздан, салт – дәстүрімізден айырылдық. Ғасырлар бойы жалғасқан ана сүтімен бойымызға дарыған мәдени құндылықтарымыздың тамырына балта шабылды. Жоғалтқан құндылықтарымызды, тарихи ақиқатты қалпына келтіру үшін қаншалықты қыруар жұмыстар жасалынуы керектігі сөзсіз.

Сөз орайы келгенде айта кетерлігі музейлермен білім ошақтарының арасында тығыз байланыс орнатылуы керек. Жас буынға музей қорларындағы бабалар мұрасын таныстыра отырып олардың санасына бұл күнге жету үшін аталарының қаншалықты еңбек сіңіргендіктерін, көптеген қиындықтарды жеңе білгендіктерін насихаттап жеткізуге болады. Бұл өз кезегінде отансүйгіштік сезімді шыңдауға көмегін тигізері хақ. Әрбір жеткіншек өз халқын сүйсе, салт-дәстүрін құрметтесе, ата – бабаларымыздан мұра болған асыл дінімізді ұстанса, тарихымызды ешқандай бұрмалаусыз қазақы сарынмен оқыған болса, ондай азаматтарымыз елінің-жерінің, отанымыздың болашағын ойлайтындығы сөзсіз. Қазақ этнографиясында ойып тұрып өз орнын алған ағамыз Өзбекәлі Жәнібеков салт дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы турасында былай дейді:                             «...Атамекен. Қандай қасиетті түсінік десеңізші. Оған сүйіспеншілік адам бойына ананың әлдиімен, балалық шақтың аңыз – ертегілерімен, ойындарымен, даланың жұпар иісімен, таудың құзымен, көлдің айдынымен, тіпті ұлттық мақтанышпенде сіңіседі екен. Халқымыздың өткен жолына перзенттік көзбен шолу жасасақ, біз оның рухани, мәдени, парасаттық мүмкіндіктері толығынан іске қосылды деп айта алмаймыз. Оның басты себебі, өзгені былай қойғанда миллиондардың өмірін ала кеткен аштық жалаңаштықта, 30 – жылдардың дүрбелеңі де, қазір тарихтың үлесіне тиген басқа да алапат қиыншылықтарда болды.»[2;11]. Яғни, біз салт – дәстүрден көз жазған сайын қоғамдағы түрлі әлеуметтік мәселелерде ұлғая береді. Мәселен, қазіргі жұрттың имандылығының, парасаттылығының азайып бара жатқаны, отбасы – ошақ қасының берекесі қаша бастағандығы, үлкенді сыйлау, кішіге инабатты болудан қалып бара жатқандығымыз, түрлі діни секталардың көбеюі, отансүйгіштік рухтың жоғалуы барлығының тамыры салт – дәстүрімізден көз жазуымызда. Біз өз тарихымызға, салт – дәстүрімізге жат көзбен қараймыз. Шындығында салт – дәстүр, тарих айтылғанда қазақты ұялшақтық емес керісінше мақтаныш кернеуі керек. Елбасы өз сөздерінде де «Қазақ тарихында қазақ ұялатын парақ жоқ» деп ақиқатын айтады[3]. Салт – дәстүрімізді терең зерттей отырып, ата – бабаларымыздың өз заманынан көш ілгері болғандықтарын көреміз. Ежелгі замандардан бастап даму сатыларынан өткен киіз үйіміз түркі халықтарының арасындағы ең дамыған әшекейлі киіз үй болып танылғандығын біреу білер, біреу білмес[2;59]. Қажет болған жағдайда, аз уақытта бір жерден екінші жерге шапшаң көше алу сол замандардағы үздік жетістік еді. Ер жігіттің бес қаруы ғасырлар бойы іріктелген негізгі қарулар болды. Зергерлер қолынан шыққан әшекей заттар, ұсталық, тоқымашылық өнері өз алдына күрделі бір тақырып бола алады. Қазақ жасампаздығының күні бүгінге дейін тарихи-этнологиялық, әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық тұрғыдан әлі де болса толық ашыла қоймаған құбылыс екенін ескерсек, мұның өзі тарих алдындағы қарызымыз бен парызымыздың қанағаттанарлықтай өтелмегендігін көрсетеді. Кеңестік жүйе тұсындағы адам өмірінің мәні қоғамның «жарқын болашағымен» байланысты қарастырылып, жалпының абсолютизациясы жеке адамның өмірін мәнсіздендірді, тіпті индивидті өз өмірінің жеке мақсаттары туралы ойлау хақынан да айырды. Көпшілікпен бірге жалпықоғамдық мақсаттарды, құндылықтарды ұстанып өмір сүрді. Жекелік жалпылық мақсат-мүдде жолында құрбан болды. Әрбір адамда бір ғана идеалды, бір ғана материалистік көзқарасты қалыптастыру керек болды. Мұндай тұрпайы түрдегі дүниетаным халқымыздың құндылықтарын құлдыратты. Енжарлық, немқұрайлық, көппен бірге көрерміз деген болашаққа үмітін арта салатын салғырт самарқау күйге түсірді. Бұл идея жеке адамдарда көзсіз, көкірексіз құрғақ сенімді қалыптастырды [4;292-293]. Ширек ғасырдан астам күштеп танылған сананы улау саясатының салдарынан құтылу әрине оңай емес. Ө.Жәнібеков ағамыз мәдени құндылықтардың идеология ретінде қалыптасуының мемлекет ісіндегі маңызын төмендегідей айқындап берді: «Шын мәнінде экономикалық, саяси – әлеуметтік мүлтіксіздікке жету үшін республикада қалыптаса бастаған хал-ахуалды мұқият ескеретін, мейлінше ойластырылған, шегіне жеткізе үйлестірілген мәдени – идеологиялық құрылғыны – халыққа тәлім тәрбие беру жүйесін жасауға баса назар аударған жөн. Мұның өзі жұртты халқымыздың өткен жолына, мәдениетіне, тіліне, дәстүрлі өнеріне сүйіспеншілікпен қарайтын отаншылдық рухта тәрбиелеу ісін түбегейлі бір арнаға түсіруге мүмкіндік берер еді»[2;90]. Атақты академик М.Қозыбаев «Қай халық болса да өз тарихын, төл дәстүр-салтын, ауыз әдебиетін, тілін қастерлейді. Тарих, этнография, фольклор, тіл — халықтың жан дүниесі, оның барша әлем алдындағы айнасы» - деп өз бағасын берген болатын[5].

Біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болып отырған «ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттаудың ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы» турасында бір мақаланың көлемінде айтып тауысу мүмкін емес. Тәуелсіздік алған жылдардан бері әрине салт-дәстүріміз жан-жақты зерттелуде. Тарихи олқылықтардың орны толтырылуда. Алайда, көбінесе қағаз бетінде, зерттеу көлемінде ғана қалып қояды. Оқып қызығып зерттейтін адам болмаса қарапайым халыққа салт-дәстүріміз жайлы ақпарат жете бермейді. Көпшілік ұғымында кеңестік биліктен мұра болып қалған, ширек ғасырдан астам қалыптасқан ұғым: «ескіліктің қалдығы, бүгінгі қоғамға жат, ия болмаса дамыған надандық уақыттың әдеттері дегенде пікірлер бар». Шындығында салт-дәстүрлеріміз халқымыздың ғасырлар бойы сүзгіден өткізіп жинақтаған өмір тәжірибелері, тәрбиелік танымдық әдістері, халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған бірден- бір себептер екендігін ұмытпауымыз керек. Атақты психолог Ж.Пиаже адамның жеке даму барысындағы өзінің ұлттық болмысының қалыптасу динамикасын зерттей отырып үш кезеңге бөліп көрсетеді:

1. 6-7 жаста бала өзінің этникалық болмысы жайлы алғашқы танымын қалыптастыра бастайды;

2. 8-9 жасында ұлттық сезім дамып, өзін сол этникалық топтың мүшесі ретінде қабылдайды;

3. 10-11 жасында этникалық болмысы толығымен қалыптасады[6].

Бұл пікірден байқайтынымыз мектеп қабырғасынан, бастауыш сыныптардан бастап біз балаларымыздың бойына ұлттық құндылықтарымызды дұрыстап сіңіре білуіміз керек. Отбасында да, мектепте де, теледидарданда, интернет желісіненде ешқандай ұлттық нақыш, ұлтын сүюге деген тәрбие көрмеген ұрпақ, ертең отанына жаны ашымаса, мемлекеті үшін жүрегі ауырмаса біз кімді кінәләймыз? Мақаламыздың негізгі түйіні ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді тек ғылыми жазбаларда, басылым беттерінде ғана қалдырмай күнделікті өмірде ұстанып насихатталса, өскелең ұрпаққа жан-жақты түсіндірілсе деген тілек. Сөзімізді Жүсіпбек Аймауытовтың ұлтты сұю турасындағы төмендегідей өсиеттерімен қорытындыласақ: « Ұлтын шын сүйіп, аянбай қызмет қылған азаматы көп жұрт күшті, өнерлі, білімді жұрт болып, күресте тең түсіп, басқаларға өзін елетіп отыр. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Япония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Есейген соң бар білімін, күшін өз жұртының күшеюіне жұмсайды. Олардың әр адамы - мемлекеттің керегі, қызметкері». Ұлтты сүюдің өзін дұрыс түсіну керектігінде былай деп атап көрсетеді: «Қазақтың аты орыстың атынан озса, балуанын балуаны жықса, шешенін шешені сөзден тоқтатса, мардамсып бар қазақ сүйсініп қалады. Қазақ жеңілсе, орыс та дардияды. Ноғай мен қазақ, сарт пен ноғай егессін, олар да солай. Бұл әр жұрттың қанына біткен өзімшілдік, тұрған жерін, өскен елін, өз тұқымын басқадан артық болса екен деген құрғақ тілек, құрғақ сезім ең төменгі дәрежедегі надан адамда да бар. Бұл қасиетті сезім емес; жерін, үйірін сағыну, жеріне тарту хайуанда да бар. Үйренген тамақ, жеген жерін жақсы көру - табиғаттың еріксіз каноны. Ұлт сүюдің ең төменгі дәрежесі осы»[7].

 

Әдебиеттер:

1. Гумилев.Л, Этногенез и биосфера Земли.2007

2. Жәнібеков. Ө, Жолайырықта. 1995

3. www.inform.kz

4. Қазақ руханияты: тарихи-философиялық және этномәдени негіздер. Ұжымдық монография / З.К. Шәукенованың жалпы редакциялауымен. – Алматы: ҚР БҒМ ҒК ФСДИ, 2013

5. «Қазақстан тарихы» веб-порталы

6. http://www.ecsir.ru/plmeds-73-2.html

7. http://old.abai.kz/node/1853

 

 

Қабдоллаев Мейіржан Сұлтанұлы

ШҚО сәулет-этнографиялық және

табиғи-ландшафтық музей-қорықтың

қазақ этнографиясы ғылыми зерттеу бөлімінің меңгерушісі

 

Педагогический вестник ВКО Республиканский научно-методический журнал. Номер: 4 (84) 2019

 

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …