• Increase font size
  • Default font size
  • Decrease font size
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Кенжина А. М. Ұлттық киім - тарихи мәдени мұра

Кенжина А. М. Ұлттық киім - тарихи мәдени мұра

Халқымыздың  киімі  құнды   қасиетке   толы.  Киім  - тұтыныс  бұйымы,  оның  негізгі  атқаратын  қызметі  біріншіден  адамды  қоршаған табиғи  ортаның  әсерінен  қорғау   болса,  екіншіден,  ұлттық  киім - кешек   «ажырату»  қызметін  де  атқарады:   адамның  жынысы  мен  жасы,  әлеуметтік  мәртебесі  және  тегін  анықтауға болады.  Тас  дәуірінде  тігіссіз  байланатын  лыпа  киімдерді  пайдаланса, кейіннен  мал  жүнінен,  аң  терілерінен  киім тігіп  киген.Олар  өздері  баққан   мал  өнімдерін  көбірек  пайдаланған.Төрт  түлік  малдың  жүні  қазақ   халқының  өмір  тіршілігінде   үлкен  рөл  атқарған  және оны  қолдануды  мыңдаған  жылдар  бұрын  білген.   Мал  жүнінен  әртүрлі  жеңілде,    жылы  киімдер  тігілген,  тоқылған. Қазақтар  сырт  киімді , аяқ  және  бас  киімдерді  жасау  кезінде    қолдан жасалған  шикізат  - теріні, былғарыны,   киізді, шұғаны,  пайдаланатын  еді.  Киім   адамның  дене  мүшелеріне  сәйкес    баскиім, иықтық  киім, белдік  киім, аяқкиім  деп  жіктеледі.  Пайдалану  ерекшеліктеріне байланысты: күнделікті, сәндік, жыл  мезгілдеріне  қарай  қыстық , жаздық  және  маусым  аралық  киімдер  деп  бөлінеді. Мақта, мата, жібек   және  жүн  маталарды  Шығыс  Қазақстан  қазақтары  орыстардан, қытайлардан  және  ортаазиялық   көпестерден   сатып   алды,  бұл  ұлттық  киімнің  көбеюіне  мүмкіндік жасады.

            Әр  адамның  дәстүрлі   киімі   көйлек   пен  шалбар   болды. Сыртқы   шалбарды  мақта  матадан,   иленген  теріден,  жүн  матадан  тікті.   Қысқы   шалбарды   ешкінің  терісінен  тікті.   Байлар   мұндай  шалбарды   жібекпен   кестелеп, әдемі   етіп  жасататын.

            Қазақтың  киімінің  тәуірін  ежелден  қыз-келіншектер  киген,  әшекейдің де  ең  асылын  солар таққан.  Жас  қыздар ашық  түсті бүрмелі  көйлек,  бешпент,  камзол,  қынама  бел  киімдер,  бастарына  үкі  кепеш,  аяқтарына  мәсі,   оюлы  кебістер  киген.  Бойжеткен қыздар  бастарына  кәмшат  бөрік,  сәндеп  өрнектеген  ақ  шыт орамал   тартқан.  Әйелдер  басына  жаулық  тартып,  кимешек  киді, күлгін  немесе  қою түсті  көйлек, камзол  бешпент киген. Этнографиялық  мұражай-қорығының  қорында  көйлектің он бір,  камзол  жиырма  жеті,  шапан он екі, бас  киімнен  тымақтың  он  алты,  тақия  қырық  бес,  кимешек-жаулықтың   қырық  үш  түрі  жинақталған. Осы  жәдігерлердің  ішінде  мына  нөмірмен  тіркелген  көйлекті  атап  өтейін  КП 11-18676  көйлек  түрі  ашық  жасыл,  кең  тігілген, бүрмелі,  жеңі  ұзын,  алдында  түймелері бар, тік жағалы  қытайдың  жібегінен  тігілген. Көйлек  иесі  Қожаева Күлсін  1918 жылғы  Зайсан  ауданының  тұрғыны, көйлекті  анасы  Күлсінге  13-14жасында  тіккен. Жібек  матаны  қытайдан  сатып  алған.  КП 11-18378,18379,18380 нөмірлері  бойынша  тіркелген  сәукеле,  жеңсіз  камзол, көйлекті  Өскемен  қаласының  тұрғыны  Тлеубаев  Батых 1947жылғы,  Таврия  ауданының  Ленин-туы  ауылында  дүниеге  келген,  апайының  тұрмысқа  шыққанда  киген  киімдерін  сақтап  өткізген.Үйлену  тойына  арнайы  әжелері  Семей  облысының  Шұбартау  ауылынан  арнайы  тігіп  әкелген.Сәукеле  паршадан,  камзол  қапсырмалы  жасыл плүштен, «қос  етек»  көйлек  ақ  жібектен, яғни  киім  бағалы  матадан   әсемдеп  тігілген.Киімдердің пішілу үлгісі мен әшекейленуі - әр халықтың тарихын, мәдениетін білдіретін бірден-бір рухани байлық көзі. Ұлттық киімдер ішінде ерекше көзге түсетіні - бас киімдер.             

                         Баскиім: ұлттық киімдердің түрлері бас киімдерxIx ғасыр мен xx ғасырдың бас кезіндегі қазақтың ұлттық киімдеріне зерттеу жүргізген И.В.Захарова мен Р.Р.Ходжаева ер адамдардың бас киімдерін 6 топқа бөледі. Олар мынандай:

  1. Дөңгелек, жеңіл, өзін сырып, кестелеп матадан тіккен және қалпақ, тымақ астынан киетін кішігірім бас киім тақия. 
  2.  Матадан тігілген кішкентай, етегі терімен көмкерілген бас киім-төбетей. 
  3. Киізден тігілген бас   киім қалпақ. 
  4. Қалың матадан тігілген башлық (күләпара). 
  5. Тері қапталған жылы бас киім бөрік. 
  6. Аң терісінен жасалып, суықта киетін баскиім – тымақ.

Плотников 1859 – 1862 жылдары тымақтың 15 түрі туралы жазған. олардың бізге жеткен кейбір түрлері мынандай: жаба салма тымақ; қайырма тымақ; дөңгелек төбелі тымақ; шошақ төбе тымақ; жекей тымақ. Этнографиялық  мұражай-қорығының  қорында  ер адамның  бас киімдерінің  саны алпыс екіге жетті.      

 

Бас киімге қатысты тыйымдар.  Бас киімді іліп қояды, кез – келген жерг тастай салмайды, астыға басып отырмайды. Олай жасаса, бастан бақ таяды. Ер адам әйелдің жаулығын басына салмайды. Олай жасаса, еркектіктен айырылады. Қыз бала басына ақ, қара орамал тартпауға тиісті. Ақ – жаулықтың, қара – қайғының белгісі. Жалаңбас отырып бала емізбейді, ас – су әзірлемейді. Бас киімнің төбесін басып кимейді, оныайырбастамайды, ешкімге сыйламайды, сатпайды. Тек сыйлыққа киілмеген, жаңа

баскиім алып беруге болады.

Тымақ. Ол қасиетті бас киім саналады. Оны айырбастамайды, аяқ тигізбейді. Қазақта шала туған баланы тымаққа салып асырайтын дәстүр бар. Біреуге бас ұрғанда да аяғына тымағын тастайды. Тымақ тастап кешірім сұрау бітімге шақырудың ең үлкен белгісі (сур.1).  

Әйелдердің бас киімдері: Қазақ әйелдері жасы мен отбасы жағдайына байланысты өзіндік ерекшелігі бар баскиімдер киген. Олардың жазғы,  қысқы түрлері болады. Әйелдердің  негізгі  баскиімдері: бергек,  бөрік (сур. 2), жаулық, желек, жырға,  кимешек (Сур. 3),  күндік,  орамал,  қарқара, сәукеле (сур.4), тақия (Сур.5), шәлі (жібек, шілтер, оюлы ж.т.б.). Жас қыздардың бас киімі тақия.  Оны қымбат матадан тіккен. Бұл ерлер тақиясынан басты ерекшелігі. Қыздардың тақиясы міндетті түрде үстіндегі қамзолға, бешпентке сәйкес келуге тиісті. Етегі, жоғары бөлігі алтын немесе күміс паршамен оюланып, сәнді жіптермен тақияға зер төгіледі. Қазақтың «үкідей үлбіреген», «тотыдай таранған» деп қыздарды әспеттеуі содан шыққан тәрізді. Сәукеле қалыңдықтың ұзатылу тойында киетін сәнді баскиімі.    Сәукеленің негізгі бөліктері — тәж, төбе, құлақбау және  артқы бойы. Сәукеленің төбесі қиық   конус  тәрізді болып келеді. Оның төбесінде «Тәж» деп аталатын жартылай дөңгелек айдары болады. Оны  асыл тас,  алтын,  күміс,  меруерт,  маржанмен өрнектеп, алтын жіппен әшекейлейді.  Қазақтың салт-дәтүріне сәйкес жас келіншек балалы болғаннан кейін кимешек киюге тиіс. Кимешек  жас келіншектерден бастап егде әйелдерге дейін киетін  дәстүрлі ұлттық баскиім. Ақ матадан, жібек матадан тігіледі. Төменгі бөлігі – кимешек, жоғарғы бөлігіне жаулық оралады.  Кимешек кеудені, иықты, жонды жауып тұрады,  бет -әлпеті  көрінетін жері ойық келеді. Кимешектердің әшекейленуі де жасқа байланысты. Алғашқы кимешек тұрмысқа шығатын қыздың үйінде тігіліп,  оған қыздың жас кезіндегі әшекейлерінің бәрі қолданған. Кимешектің екі жағын бірнеше түрлі - түсті тігіспен әсемдеп кестелеп, ақ және ұсақ моншақтармен әшекейлейді. әсемдеп тігілген кимешекті 3-4 бала туғанша киеді. Жасы келе  (40-45-ке ) кимешектерін жәй ғана сырып немесе кимешектің жақтарына түрлі-түсті жіптерді шалу арқылы жиек жасайды. Жиек, біріншіден, сәндік үшін жасалса, екіншіден,  жақтың созылып кетпеуі үшін қажет. Оның екі жағына төртбұрыш  жақтаулар  бекітілген. Шылауыш немесе жаулық. Жаулық. Оған қатысты арнайы заң жолы, салт бар. «Жеті жарғы» бойынша қыл мыстық, бұзақылық істе ол үшін кімге, кімнің құн төленетінінің орнына «сары жаулық» жүрген. Бұл жаулық құн төлеуге келіскендікті білдіреді. Күйеуі өлген әйел өзінің қаралы екендігін таныту үшін бір жыл бойы сары жаулықты тағып жүретін болған.

Ақ  түсті  матадан немесе жібектен тігілген жаулықты егде әйелдер басына орап киеді. Жаулық әр руға байланысты әрқилы аталады. Шығыс Қазақстанда матаның көлеміне қарай оны шаршы  атап,  аналарды «ақ жаулықты аналар» деп ардақтайды. Күйеуі қайтыс болған әйелдер кимешегін күйеуінің жылдық асын бергенше теріс  киіп,  содан кейін оң киетін салт болыпты.  Егерде мұндай әйелдер төсек жаңғыртатын болса,  ол кісінің кимешегі қайтадан кестеленеді екен. Қазақ рулары мен тайпаларының өзгеше болуына байланысты,  кимешектердің  әртүрлі үлгілері болыпты. Шығыс Қазақстандағы найман руларының кимешектері негізінен қысқалау  пішіліп,  тік бұрышының тек жоғарғы бұрыштары көлбеулеу келіп,  оның екі жағына шаршы тәрізді арқа бөлігі тігіледі. Біздің  облыстық этнографиялық мұражай- қорықтың  қорында отыздан астам кимешек бар. Олардың  бір-бірімен  ұқсастықтарымен қоса пішілу үлгілерінде, әшекейлерінде де өзіндік ерекшеліктері бар. Сүретте   мұражай-қорықта сақталған Шығыс Қазақстан облысы  Күршім ауданы  Қойтас ауылының тумасы Сақыбаева Бижамал 1903 жылғы кимешек шылауышын  ұсынып отырмыз. Бижамал апаның  кимешек шылауышын  мұражайға сыйға тартқан еді.  Ол кісі кестелеу,  тоқу, тігу өнерін өзінінің қызы, немерелеріне  үйреткен. Бижамал апа жолын  қуған немерелері  Динара және Индира көрмелерде тоқу, тігу  өнерінен жүлделі орындарға  ие  болған. Кейінгі жылдары  ұлттық киімдерімізді ұлыстың  ұлы күні Наурыз мерекесінде, тойларда,  сахна  төрлерінде  жиі  кездестіріп   жүрміз. Енді  осы игілікті іс алға басып,  ақ  жаулықты аналар қатары көбейіп, біртіндеп  күнделікті  киімімізге  айналса  екен  демекпіз.

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

  1. Захарова И.В., Ходжаева Р.Д. «Казахская национальная одежда» ХІХ нач. ХХ вв. Алма-Ата. 1964
  2. Шахонов М. «Казахская национальная одежда» Алма – Ата. 1976
  3. «Қазақ мақал-мәтелдері» Алматы. 1993
  4. Козыбаев М. К., Аргынбаев Х. А., Муканов М. С. Казахи. / Под ред. Г. Е. Тайжановой. - Алматы: Казахстан, 1995.
  5. Бегманов Қ. Этнографпен әңгіме. 2010
  6. Әбдіғапбарова Ұ. М.. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері. – Алматы: Өнер, 1999.

 

 

 

Қосымшалар


Сур.1 Тымақ


 

Сур. 2. Әйел адамның бөрігі

 

 

 

 

Сур.3. Кимешек


 

Сур. 4 Сәукеле

 

 

 

Сур.5. Тақия


 

Қыз баланың көйлегі


«Дәстүр»  № 5-6 (72-73), ҚЫРКҮЙЕК-ҚАЗАН-ҚАРАША-ЖЕЛТОҚСАН, 2020 ЕКІ АЙДА БІР РЕТ ҚАЗАҚ ЖӘНЕ ОРЫС ТІЛДЕРІНДЕ ШЫҒАТЫН ҰЛТТЫҚ-ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ БАСЫЛЫМ. 44 бет

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …