• Increase font size
  • Default font size
  • Decrease font size
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Рахатова Ж. Т. Ұлттық музыкалық аспаптар: дәстүр мен жаңашылдық

Рахатова Ж. Т. Ұлттық музыкалық аспаптар: дәстүр мен жаңашылдық

УДК 7 (574)

Ұлттық мәдени құндылықты арттыру. Дәстүр мен жаңашылдық. Ата-бабамыздан қалған құнды жәдігерлер. Халық мұрасын айқын жеткізіп, жас ұрпаққа тәрбиелік маңызы бар ерекшелік. Шығыс өңірінің музыкалық аспаптарының бірегейі. Аспаптардың ерекшелігі мен айырмашылы жайлы мағлұматты бірнеше түрге бөлу.  

Мәдени құндылық, дәстүр мен жаңашылдық, қор, аспап, әуен, ұлттық рухани байлық.  

Қазақ халқының музыкалық аспаптарының тарихи тамыры тереңнен басталады. Халық музыка аспаптары жөніндегі аса құнды алғашқы деректі біз, көне замандарда қазақ жерінде болған араб жиһанкездерінің жазбаларынан кездестіреміз. Ал бертін келе Ш. Уәлихановтың еңбектерінде қазақ халқының музыкалық аспаптарының сипаттамасы кеңірек жазылған. Қазақ халқының музыка аспаптарының тарихы ХIХ ғасырдың орта шенінен бастап тереңірек зерттеле бастады. Шертіп ойналатын музыкалық аспаптар Қазақстанда ең көп тараған аспаптар болып саналады. Үш ішекті домбыралар шығыс өңірінде ғана кездеседі, сондай-ақ Абай атамыздың ұстаған домбырасы - жалпақ пішінді қалақ домбыра. Ол шығыс өңіріне тән. Негізгі бөлім. Алғаш музыкалық аспаптарды зерттеген, отызға жуығын тапқан Болат Шамғалиұлы Сарыбаев. Күйге көңіл қойып өскен, одан бүкіл шығармашылық өміріне қуат алған Болат Шамғалиұлы өз ұстазы Дина Кенжеқыз Нүрпейісованың сол домбырасын музейінің алғашқы экспонаттарының бірі етіп алады. Сондай-ақ  атақты әншіактер әрі музыкант - Әміре Қашаубаевтың домбырасы ұлттық мәдениетіміздің  асыл мұрасы саналады. Әншінің домбырамен орындаған әндері Франция тыңдаушыларының жүрегіне жылы ұялап, жоғары бағаланды.

Қобыздың тынысы кең. Дыбыс шығару мүмкіндігі де ұшаң-теңіз. Қобыздың әуелдегі түрі қос ішекті, үш ішекті болып келетін. Қазір оларды жетілдіре түсудің арқасында төрт ішекті бас-қобыз, альт-қобыз, қобыз-прима сияқты бірнеше түрлері пайда болды. Аспаптар бір-бірінен дыбыс шығару, тембрі, ерекше түрі, тамаша ою-өрнектері арқылы дараланады.

Қылқобыз – ысқышпен ойналатын, қос ішекті ескі музыкалық аспап. Халық арасындағы аңыздарға қарағанда, бұл қылқобыздың пайда болуы ХІІІ ғасырда өмір сүрген күй атасы - Қорқыттың есімімен тығыз байланысты. Шанағының беті ашық келеді де, астыңғы жағы терімен қапталады. Ішектері ат қылынан тағылады. Мұндай қылқобызда көбінде бақсылар ойнап, күй сарынының әсерін күшейте түсу үшін әдейі темір-теңгешелер тағатын болған. Диапазоны екі жарым октава.

Сыбызғы – үрлеп ойнайтын ескі музыкалық аспап. Бармақ басатын үш тесігі бар. Үрлеу арқылы дыбыстардың жиырмадан астам түрлері пайда болады. Диапазоны екі жарым октава. Сыбызғы аспабының үні самал желдей майда, тембрі жұмсақ, ерекше әсерлі. Сыбызғы негізінен ағаштан және қурайдан жасалады (бақташылар арасында көп тараған).

Даңғыра – ұрып ойнайтын музыкалық аспап. Даңғыраның ағаш шеңберінің бір беті ғана терімен қапталады. Көлемі әртүрлі болады, бақсылар жиі пайдаланатын.

Шаңқобыз – бұл көне музыкалық аспап. Оның ортасында сүйір тілше болады. Өңделген ағаш таспалардан жасалады. Шаңқобызға жіп байланып, сол жіпті серпіп тарту арқылы тілше тербеліске келтіріледі де дыбыс шығады. Мұндай аспаптардың темір текшелерінен де жасалған түрлері бар. Бұл аспапта көбінде әйелдер ойнайтын болған.

Сазсырнай – қамыстан жасалған, үрлеп ойналатын музыка аспабы. Қамыс қуысының ішінде тілше бар. Соны үрлеу арқылы дыбыс шығады. Аспаптың әр түрлі дыбыс шығаратын алты тесігі болады. Бұрын бұл қамыс сырнайда ойнауға көбінен-көп жастар әуестенген. Диапазоны бір октава.

        Дәстүрлі музыкалық аспаптарымыз этникалық, өзін-өзі танушылық секілді белгілермен үзбей байланыста бола отырып, әлеуметтік қарым-қатынастардың барлық жақтарын қамтитын маңызы зор рухани-мәдени және тарихи мұра дәрежесіне дейін жетілді. Қазақтың шертпелі аспаптарының ішіндегі ең көп қолданылатыны және көптеген үлгі-нұсқалары бары – домбыра. Домбыралардың сырт нұсқалары әртүрлі болып келгенімен, жасалу әдіс-тәсілдері мен бөлшектері ортақ. Домбыра негізі бес бөліктен тұрады. Олар: бас, мойын, кеуде, шанақ, қақпақ. Осыларға қосымша: құлақ, тиек, ішек, пернелер, түйме, өрнек. «Екі ішектің бірін қатты, Бірін сәл - сәл кем бұра. Нағыз қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» - деп ақын жырлағандай, халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған ұлттық құндылығы мен дүниетанымын дәл суреттеп жеткізе алатын қоңыр үнді домбыра екені даусыз. Домбыра тобындағы әлі де болса сирек қолданатын нұсқасы – үш ішекті домбыра. Аспап ішек саны, бұрауы және үш ішекте орындалатын күй шығармаларымен ерекшеленеді. Ұлы Абайдың кезінде өз ән-күйлерін сүйемелдеген үш ішекті тарихи домбырасы сақталған. Ішекті шертпелі аспаптардың ішінде беті терімен қапталып жасалатын үлгісі – шертер деп аталады. Оның көне нұсқасына перне тағылмайтын болған. Ішегі жылқы қылынан тағылғандықтан, ертеде ол «шертпе қыл» деп аталған. Ол қылқобызға ұқсас, алайда ол ыспалы емес, шертпелі аспап.

        Көп ішекті этнографиялық аспаптардың үнемі қолданыста жүрген нұсқасы – жетіген. Жасалуы да, ойналуы да үлкен шеберлікті қажет ететін күрделі аспап.

         Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарына қолданылатын материалдар түрі сан алуан және олар негізінен табиғи түрде қолданылады. Қазақ аспаптарының дыбыс бояуының табиғи түрде болуына негізінен осы заттар маңызды роль атқарады. Олар: ағаш түрлері, мал терісі және металл түрлері болып үшке болады. Ертеде қолөнер шеберлері аспап жасауға көрінген ағашты ала салмаған. Аспаптар жасауға жалпақ және қылқан жапырақты ағаштардың қатты, тығыз түрлері қолданылады. Дәстүрлі музыкалық аспаптарды зерттеп тануда ағаш түрлерін, сапасын, дыбыс беру ерекшелігін, ажыратып жасайтын шеберлер қас шеберлер. Қазіргі шеберлер көбінде қызыл ағаш, қайың, емен, қарағаш, жаңғақ, шырша қолданады. Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптарын жасауда металл түрлері жиі қолданылады. Сондай-ақ сүйек, мүйіз, саз балшық (қыш) маңызды орын алады. Музыкалық аспаптарды әрлеп бояйтын бояу түрелі: топырақ, қына, ермен, жусан өсімдіктердің тамыры қолданылады (қазіргі кезде дайын бояуларды да қолданып жатады). Ішек жасау да халықтық қарапайым әдіспен атқарылады. Ертедегі шеберлер ішекті-шертпелі аспаптарға қой мен ешкінің ащы ішегін аршып, шелін сыдырып, тұзды сумен тазалап, түн асырып қояды. Ертесінде иіріп, көлеңкеге кептіреді. Тұз сіңбеген, майланбаған ішек үзілгіш келеді. Сол үшін кепкен ішекті жылқы немесе балық майымен сылап орап сақтайды. Дәстүрлі музыкалық аспаптарды жасайтын құрал-сайман түрлерін білу маңызды. Ертедегі қолөнер шеберлері оған қажетті құралдарды әр түрлі заттардан дайындап алатын болған және оның көпшілігі қол құралы болып саналған. Ал қазіргі кезде дәстүрлі нұсқадағы қол құралдармен қоса электр құралдары қолданылады. Мұның өзі аспапты тез жасап бітуді және шеберлердің уақыттарын үнемдеуіне пайдасы да бар. Құрал саймандарға байланысты ел арасында: «Шебердің қолы ортақ», «Құрал сайманда қырық кісінің күші бар» деген сөздер кең тараған. Елдегі ұста- шеберлер жақсы бір затты көрсе: е-е, мына бұйымды әлгі атақты шебер жасаған ғой...-деп әр шебердің қолтаңбасын тап басып айтып, әр шебердің орнын бағалай білген. Қолданатын құралдардың түрлері: жозы, тұғыр, қуыс балта, шот, ұңғыру, темір пышақ, ағаш балға, егеу және т.б.

Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары ел тарихының ұзына жүріп өткен жолында халықпен бірге жасасып, өзінің шежіресін қалыптастырды. Қазақ халқының ақын-жырауларының, сал-серілерінің, қол бастаған батырлары мен би-шешендерінің қай-қайсысы болса да дәстүрлі төл мұраға мойын бұрмай, жырға қоспай кеткені кемде-кем. Олардың қалдырған өлең-жырлары арқылы дәстүрлі музыкалық аспаптарымыздың терең шежіресін, өткен тарихын, қолданылуы мен затын бүгінгі күні біліп отырмыз.

          Адамзат мәдениетінің байлығы ішіндегі мұхиттай шексіз, ғажайып дүние, ол -музыка.  Музыка адамның асқақ, асыл ойлары, арман-мақсаты, ізгі тілектері, қуанышы, қайғы-қасіреті мен әр түрлі сезімдерін түсінуге, жеткізуге болады. Қаншама ғасырлар бойы жинақталған музыкалық қазына- ұшы-қиыры жоқ, аса мол мұра. Ата – бабаларымыз тастан, ағаштан, өсімдіктен, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізден, ішектен, қылдан т.б. алуан түрлі заттардан дыбыс шығаруға болатынын аңғарып, қарапайым музыкалық аспаптар жасай білген. Сол ұмыт болған қазақ халқының аспаптарын қайта жаңғыртып, олардың кең түрде насихатталуына мол еңбек сіңіріп, соңына қыруар мұра қалдырған Болат Шамғалиұлы Сарыбаев еді. Болат Шамғалиұлы Сарыбаев көне аспаптарды жинауға 1960 жылдан бастап кіріскен екен. Ол жинаған аспаптар саны 300 - ге жетті. Зерттеуші еліміздің түрлі аймақтарынан көне аспаптарды тауып, оларды зерттеп, жетілдіріп, орындау әдістерін меңгерді, шәкірттерін баулыды. Ол кісі аспаптарды ойнау тәсіліне қарай мынадай түрге бөледі: үрлемелі, ұрмалы, сілкімелі, ысқышты, ішекті, шертпелі, тілшекті.

 

           Дәстүрлі музыкалық аспаптарды зерттеуші мамандардың пікірінше, дүние жүзінің көптеген халықтарында алғашқы пайдаланылған дыбыстық аспап-құрал қарапайым ұрма болған. Ол екі қолды соғу немесе екі затты бір-біріне ұру болсын бәрібір, ол алғашқы соғып, қимыл жасау әрекеті болып саналады. Дәстүрлі музыкалық аспаптар жүйесі этномәдени, этноөнер категориясы ретінде этностың қалыпты тіршілігі мен тұрмыс-салтының негізі болып табылатын рухани өрістің өнертанымдық қуатын, тарихи ауқымын, мәнін айқындауға көшті. Дамудың қазіргі кезеңінде ұмыт болған дәстүрлі музыкалық аспаптар жүйесі орнықтырылып, барынша жинақтала түсіп қазіргі өркениет талаптарына сай қызмет ете бастады. 

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының қорында қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарының бірқатары сақтаулы, барлық саны 51 дана, оның ішінде: домбыра – 34, қобыз – 6, нарқобыз – 1, тайтұяқ – 2, сазсырнай – 3, сыбызғы – 2, жетіген – 1, даңғыра – 2.  (2022 жылдың қаңтар айына сәйкес қорда 71861 жәдігер бар, оның ішінде негізгі қор – 46715, қосалқы қор – 25149).

сур. 1 сур. 2 сур. 3 сур. 4 сур. 5 сур. 6 сур. 7

 

           Ең алғаш келіп түскен аспап ол домбыра -. ГИК 12-3505. (сур. 1) Қолдан жасалған (ХХ ғ. ортасына жатады), ұзындығы-81см; ені-12,5 см; биіктігі-4,5 см. Домбыра тұтас ағаштан ұзын жіңішкелеу келген, бет қақпағы пәнерден жасалған,. Бұл домбыра ШҚО,  Ұлан ауданының тұрғыны Шілдебаев Советбектен 1978 жылы музей-қорық қорына алынған.

          Қордағы келесі ерекше жасалған домбыра ол сүйекпен әсемделген формасы да өзгеше домбыра – ГИК 23-8078 (сур. 2). Ұзындығы-84 см; ені-13 см; биіктігі-6,3 см. Қолдан жасалған, домбыраның корпусы тұтас ағаштан алмұрт тәріздес жасалған, шанағы толықтай сүйекпен қапталған және сары түсті әртүрлі формадағы металлдармен инкустрацияланған. Сүйектің өзі ерекше геометриялық ою-өрнектерді құрап тұр. Бұл домбыраны 1980 жылы Алматы көркемөнер қоры сыйға берген.

         Абай домбырасының үлгісінде жасалған домбыра ТК 75-36296 (сур. 3) 2015 жылы музейдің арнайы тапсырысымен жасаған Өскемен қаласының белгілі шебері Е.Н. Ахаев. Өлшемі: 79 х 13 см. Шанағы жалпақ, қақпағы өрнекті, 7 пернелі, екі ішекті, бір тиекті. 2015 жылы 170 жыл толуына  орай «Өлең – сөздің патшасы» атты көрмеге ұсыну үшін жасалған.

           Қылқобыз – ТК 41-27263 а/б. (сур. 4) Қоңыр түсті  тұтас ағаштан ойылған, аяқ, кеуде, мойын және басынан тұрады. Аяғы түйенің терісімен қапталған, кеудесі жартылай домалақ, іші ойылған оның түбінде айналы металл бар. Кеуденің шеті металлмен қапталған, негізгі бөлігі «түйе табан» ою-өрнекпен әсемделген. Басы металлдан жасалған сәндік жалпақ салпыншақтар тағылған. Екі қатар аттың қылынан ішек тиекке тартылған, қияғында да аттың қылы тағылған. Қобызды дәстүрлі түрде жасаған шеберлер Күлменов Тұрсынжан, Махмұд Айтберген. Бұл қобыз ХVII ғасырдың дәлме-дәл көшірмесі, ол қазір Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылының тұрғынында сақтаулы, ол кісіге мұра ретінде қалдырған. Сондай-ақ бұл көрме Франция елінің штаб-пәтерінің 2005 жылдың мамыр айында келушілер назарына қойылған. Қылқобыз 2005 жылы шеберден сатып алынған. Жалпы қазақ ұлтында екі түрлі қобыз бар, ол бақсы қобыз және жырау қобыз. Олар туралы мақаланың басында айтылып өтті.

           Нарқобыз ТК 78-37249 а/б (сур. 5), өлшемі: 96 х 26 х 10 см., бұйра қайың ағашының тұтас бөлігінен ұңғылып, ойып жасалған. Шанағы тауешкінің терісімен қапталған, бес аттың қылынан жасалған қос ішекті, тиегі мен ысқышы (қайың ағашынан) бар. Авторы белгілі кәсіби шебер Б. Кеңшілік (тапсырыспен жасалған). Қобыз Жидебайдағы Абайдың музей-үйінде тұрған Абай қобызының үлгісінде жасалған. Қобыз Абайдың ән шығармашылығын кеңінен ашып көрсету үшін қажет болған.  

           Сыбызғы ТКнв 2-1422 (сур. 6), ұзындығы-51 см; диаметрі-1,6; 1,1. Қурай өсімдігінен жасалған, саусаққа арналған үш ойығы бар. Бір жағы жуандау, екінші жағы жіңішке үрлеп ойнауға арналған, октавасы – 2,5. Сыбызғыны музей-қорық қорына тапсырған Бибалеков Мұхамади. Ол Сорвенок ауылының ШҚО Марқакөл ауданының тұрғыны. Бұл аспап 1989 жылы музей қызметкерлерінің экспедиция кезінде әкелінген (Марқакөл ауданы бойынша).     

Сазсырнай ТК 19-20850/1 (сур. 7) ұзындығы 13 см; диаметрі-27 см: Қолдан жасалған, сопақ фомалы, іші қуыс. Сазбалшықтан жасалып сырты лажымен көмкерілген. Жоғарғы жағында бес ойық бар (үрлеуге арналған), ал төменгі жағында бір ойық (саусақпен ұстау үшін). Аспап 1992 жылы ШҚО Ұлан ауданының тұрғынынан алынған.  

             Аспаптардың сиқырлы үніне құлақ түрген сайын оның құпиясы ашыла береді. Түсінікті болу үшін мысалға домбыраны алайық. Домбыраны көрмей тұрып-ақ шығып жатқан дыбыстың жуан-жіңішкелігін ажыратуға, яғни домбырадан шыққан дыбыстың музыкалық кеңістіктегі орнын дәл табуымызға болады.

 

Әдебиеттер тізімі:

 

  1. Қазақтың музыкалық аспаптары. Б. Сарыбаев, Алматы, 1978
  2. Қазақтың дәстүрлі музыкалық аспаптары. З.С. Жәкішева, Алматы, 2009

 

 

 

«Дәстүр» ғылыми танымдық журналы Алматы қ.55 – 60 бб. (6 сурет)

Халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімінің ғылыми қызметкері Ж.Т. Рахатова

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …