Өткен ғасырларда қазақ әйелдерінің киімдеріне зергерлік әшекейлер де кірген. Олар негізінен таза күміс не болмаса күмістің басқа заттармен қосылған қоспаларынан жасалған. Оларды жасауда соғу, құю, басу, қалыптау, оюлау, қара жүргізу, әсемдеу , зерлеу сияқты техникалық әдістер қолданған болса, әшекейлеу үшін бағалы тастар: ақық, інжу, жақұт, лағыл және түрлі-түсті шыны тастарды пайдаланған.
Қазақ халқы ежелден күмістің адамға игі әсер ететін айырықша қасиеті бар екенін білген. Жас нәресте туғанда шомылдыратын суына күміс теңге тастап: "Күнің күмістен жарық болсын" деп жоралғы жасайтын. "Тамақ адал болсын десең, қолыңда күміс жүзігің болсын" - деген тағы бір мәтел бар. Сондықтан әр қазақ әйелі қолына сақина не жүзік таққан екен. Қыз бала дүниеге келісімен әке-шешелері тіл-көзден сақтау үшін әртүрлі әдемі әшекейлерді зергерлерге әдейі арнатып жасататын болған. Әсіресе, қыз баланың құлағына міндетті түрде сырға салатыны айқын. Өйткені, ел аузында: "Қыз баланың сүндеті, құлағының тесілуі, әйтпегенде о заманда жылан теседі" деп айтылыпты. Қыз балалардың әшекейлері бала негізінен тұрмысқа шыққанша көбейе де, көркейе түссе, тұрмысқа шығарында арнайы әшекейлер жасаттырыпты. Нәрестелі болғаннан кейін, біртіндеп жасының ұлғаюына байланысты әшекейлерінің түр сипаты да қарапайымдана түседі.
Орта Азия мен Қазақстанның зергерлік бұйымдарын зерттеуші Н. Г. Борзнаның классификациясы бойынша, қолданылуына байланысты әйелдердің әшекей бұйымдары төрт негізгі түрге бөлінеді.
- Басқа тағылатындар.
- Мойынға және кеудеге тағылатындар.
- Әшекейлі белдіктер.
- Аяқ-қол әшекейлері
Бұлар өз тарапынан тағы бірнеше түрге бөлінеді. Музей қорындағы зергерлік бұйымдар жиынтығы одан көп емес, барлығы 144 болса, соның ішінде білезіктердің жалпы саны 75, сақиналар 42, қапсырмалар 10, 4 тұмар, 13 сырғаның түрі бар. Өкінішке орай, өңіржиек, шекелік, шашбау, шолпы, сәукеле әшекейлері музей қорына табылмай жүр.
Өлкемізде тараған зергерлік бұйымдардың өзіндік ерекшілігін басқа облыстармен салыстырсақ айқын көре аламыз. "Шығыс Қазақстан шеберлерінің қолынан шыққан әсем заттар қарапайымдылығымен, формаларының айқындығымен, стилінің ықшамдығымен көз тартады". ("Қазақтың зергерлік бұйымдары" 5-бет Алматы, 1981 жыл). Мысалы, білезіктер жиынтығын алып қарасақ, олар формасы жағынан жұмыр, ою-өрнегі аса күрделі емес, ашық өрнектелген не болмаса, сағат білезіктерді қарасақ, олардың да бетінде біраз оймыш өрнектер немесе арабша кімге арналып істелгені жөнінде жазулары бар.
Музей қорына түскен әрбір заттың өзіндік тарихи оқиғасы бар. Сол сияқты зергерлік бұйымдар да белгілі бір жанұялық қатынастарға байланысты жасалып, сыйға, естелікке қалдырылған. Зергерлік бұйымдардың тарихы жазылған дерек беттерінен бір-екі мысал келтірейін.
Зайсан ауданы Пржевальск селосының тұрғыны Жәмила Өткембаева апайға көршісі жүрек пішіндес сақинаны (КП ХІ-18714) естелікке берсе, жан-жағы ирекпен өрнектелген, орта бетінде "1919 Шәмші Қожахметқызына" деген жазуы бар білезікті (ШК-ХХVІІІ-10865) 1920 жылы құдалыққа түсуге келгенде Нұриқанова Нұрғазилаға сыйға тарту етіпті. Ал енді қарапайым тәсілмен істелген тамшы сырғаны (КП-ХV-19859, 1-4 өкінішке орай, тамшы жағы жоғалып қалыпты) қаройлық (Марқакөл ауданы) Күлпан Бакинова апайға ағасы Молдабай Дөненбаев сыйға тартқан екен.
Күміс өте қымбат бағаланғандықтан, ол әркімдердің қолына түсе бермеген. Жасатылуға берілетін зат арзанға түсу үшін, әркім өз күмісін әкелуге тырысқан екен. Егер табылмағанда, зергершінің материалынан жасаттырып, оған не ақша, не болмаса заттай бір нәрсе беріпті.
Боран селосының тұрғыны Сұлтанғазы Сүлейменов Түсіпбекұлы апасы Мәстурадан қалған тұмаршасын (КП-ІХ-17229), білезіктерін (КП-ІХ-17227, 17228) және қапсырмасын (КП-ІХ-17230) музейге өткізіп еді. Мәстура апа Марқакөл ауданының қарашілік селосында туып-өсіпті. Әке-шешелері ертеде көп мал ұстап, оларды жәрмеңкелерге апарып сатыпты. Содан үйлерінде күміс теңгелер пайда болып, сол Қарашілік селосындағы зергершіге жоғарыда аталған бұйымдарды жасаттырыпты. Тұмаршаның бетінде "Қамария Кәрменқызына 1922" деген жазуы бар.
Ал, енді екі пар қоза сырғаларды (ШК-ХХVІІІ-10867 1/2) Алғабас селосының тұрғыны Нұрғазила Нұриқанова "Жергілікті зергерге екі қой беріп жасатып едім", - дейді. Өкінішке орай заттардың тарихын сұрастырғанда жұртшылық зергердің немесе басқа шеберлердің есімдерін көбіне айта алмайды. Біз өзіміздің жорамалдауымызбен Рақымғали Ошақбаев (1889-1968 жж.) ақсақал ма деп жорамал жасадық. Өйткені, Алғабас селосында ол кісі ұзақ уақыт зергерлікпен шұғылданған болатын, Рақымғали атайдың кейбір жұмыстары мен зергерлік құралдары көршілес тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған.
Әсіресе, әшекей заттарды байлар көп және әсемдеп жиынтық ретінде жасаттырыпты. 1989 жылғы Зайсан ауданындағы экспедициядан Қоқаева Күлсін апайдан екі құсмұрын жүзік (КП-ХІ-18678, КП-ХІ-18679), оның біреуінің қызыл тас көзі болса, екіншісінде әр жерінде кішігірім зергері бар және күрделі ілмекті қоза сырғаны (КП-ХІ-18677 1/2)), музей қорына алып едік. Күлсін апайдың әңгімесінен білгеніміз әке-шешелері ауқатты тұрыпты, сол кезінде осы әшекейлерді зергерге бәрін бірақ істеттіріпті.
1989 жылы Ұлан ауданының Жанұзақ ауылына барған сапарымызда Асылбаева Рақымжанқызынан (1916 ж. туған) ескілікті заттар мен күміс әшекейлер сұрастырғанымыз бар. Сонда ол кісі "Балаларым-ай, менің әке-шешем кедей болған адамдар, олардың өмірі жалшылықта өтті, маған ешнәрсе қалдыра алмапты. Олар байларды мазақ қылып мынадай өлең айтыпты.
"Алтын- күміс тағынбаймыз,
Опа алып жағынбаймыз.
Байларға біз бағынбаймыз", - деді .
Ешқандай зат алмасақ та ол кісіге көп риза болып қайттық, өйткені, бұл қысқа өлең жолдары біз үшін құнды этнографиялық затпен тең. Сонымен жоғарыда айтылғанның бәрін қорытындылай келгенде, қазақтың зергерлік бұйымдары, біріншіден, сәндік үшін тағылса, екіншіден, киелік қасиеті бар деп саналғандықтан, үшіншіден, жанұялық, туыстық және адамдар арасындағы қатынасқа байланысты жасалып сый-құрмет ретінде жоғары бағаланған. Олардың жасалу техникасы мен материалына қарай жеке кісінің иелігін немесе оның жас мөлшерін, шыққан тегін, өскен ортасын білдіретін қасиеттерін айқындауға болады .
Сөз соңында айтайын дегенім, кейінгі кездері жастар жағы шешелерінен не апа-әжелерінен қалған әшекей заттарды қайта балқытып, жаңа үлгімен әшекейлер жасатуды модаға айналдырып барады. Бұл кәсіпкерлік емес, керісінше ата-баба рухына рақымсыздық көрсеткендігі. Сондықтан, ондай бұйымдарды ескінің көзі ретінде музей қорына өткізгендері жөн болар еді.
Б. Құмарова
“Дидар”, 13.05.1993 ж.
< Prev | Next > |
---|