• Increase font size
  • Default font size
  • Decrease font size
басылымдар ғылыми қызметкерлердің мақалалары Кашаку Г. Төлеу Көбдіковтің елінде...

Кашаку Г. Төлеу Көбдіковтің елінде...

Шығыс өңірі - көркем сөзден зерделі кілем тоқыған танымал тұлғалардың өмір мен өнер есігін ашқан ортасы. Осы топырақтың тумаларының бірі - халық ақыны (1954), Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі (1948), төкпе айтыскер Төлеу Көбдіков. Ол 1874 жылы Қарқаралы уезінің Дағанды болысына қарасты ІІ ауыл, Мұзбел жерінде (қазіргі Шығыс    Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Баршатас аулында) дүниеге келген.



Төлеу ақын. 1948 жыл. Семей.


 


Ауыл молдасынан хат таныған, Төлеу жасөспірімдік шағында сол өлкеге ақындардың толғау-дастандарын нақышына келтіре отырып жат орындау шеберлігімен танылған.

Қазақ елінің тарихындағы қасыретті кезеңдердің бірі 1916 жылдың көтерілісіне арнап жазған «Сарыарқа» толғауы ақын есімін көпке танытқан. Осы толғаудың небәрі он алты жолы тұңғыш рет 1936 жылы ұлт-азаттық қозғалысының жиырма жылдығында басылым көрген «1916 жыл» өлеңдер жинағына енген [7, 71 б.].

1940 жылдан кейінгі аралық ақын шығармашылығының кең қанат жайған тұсы болып есептеледі. Себебі, бұған дейінгі жазған өлеңдері басылым көрмеген, әрі өмірдің бұралаң жолдары мүмкіндік бермеген. Тек, аталған жылы Мұхтар Әуезовтің нұсқауымен Әрхам Ысқақов Новосібірдің Топчиха жеріне іздеп барып, ақын үйінде қонақ болып, елге оралуға үгіттеп, ақыры Шар станциясына көшіріп әкеледі. Осы кезден  бастап, ақынның қаламынан туған өлең-толғау, айтыстары «Екпінді» газетінің бетінде үнемі жарияланып отырды [6, 13 б.].

Төлеу Көбдіковтің ақындық таланты мен сөз саптау мәнерінің ерекшелігі сонда, ол өзге ақындарға қарағанда өлеңді Абай дәстүрімен жазып та, қолма-қол сурып салып та шығаратын айтыскер ақын. І Республикалық айтыс (1943), Ұлы Абайдың 100 жылдығына (1945), және Жамбылдың 100 жылдығына арналған (1946) айтыстарға қатысып, Тәңірберген Әміренов, Нұрлыбек Баймұратов сынды ақындармен дүбірлі додаға қатысты. Оның, тіпті, өзінен жасы кіші буынның ақыл-өресін сынау, шыңдау үшін де сөз сайыстырып, шәкірт тәрбиелегені белгілі. Оған баласы Мұрат Төлеуовпен, нағашы інісі Ғаббас Шөкімұлымен айтыстары дәлел бола алады.


Төлеу Көбдіков (Мұхтар Әуезовтің оң жағында) 1943 жылы Алматыда өткен халық  ақындарының айтысында.




Суретте халық ақындары: Төлеу Көбдіков, Тәңірберген Әміренов, Сапарғали Әлімбетов. Суреттің артындағы жазуды беріп отырғанымыз, Төлеу ақынның сол жағында халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың бейнесі болыпты, халық ақыны халық жауы айыбымен айыпталған жылдары, ақын суреттен қиып алған екен.




Ақынның 1948-дан 1975- жылға дейінгі аралықта төрт-ақ жинағы басылым көрген [6, 3 б.]. Оның үшеуін жазушы Сапарғали Бегалин құрастырып, баспаға әзірлеген, олар: «Алып күшті Отаным» (1948), «Өмір жыры» (1953), «Өлеңдер» (1955). Ал, соңғы төртінші – «Жырларым» (1975) жинағын баласы Мұрат Төлеуов баспаға әзірлеп, алғы сөзін жазған.



Отырғандар: Төлеу ақын, жұбайы Гүлқұсия (Құсжан) және кенже ұлы Мұрат. Тұрғандар: ақынның баласы Мақұлбек және келіні Зәмия. 1939 жыл. Сібірдің Топчиха станциясы.




Ой толғап, ми қорытып, жүрек тербеп,

Сен аш деп сөздің кілтін тілге бермек;

Алмас тіл асыл сөзден нақыс салып,

Безеңдер алтын шашақ төгіп өрнек [4, 30 б.]

Ақын «кеңеспен пішкен киім кең де болмайды, кем де болмайды» деген ойды жеткізіп отыр. Өлең жолын оқысаңыз бейне бір отбасының ағалы-бауырлы сыйластықтағы тірлігіне сүйсінесіз. Толғап, қорытып, тербеп, аш деп кілтін беріп, нақыс салып, өрнек төгу сөздері арқылы жан бітіреді. Тіршілік иесінің бүкіл бір іс-әрекеттегі қимыл-амалдарын тоғыстыра отырып, ойын дәл, түсінікті, әрі әсерлі суреттеген. Өлеңнің, от ауызды, орақ тілді ақын тілінің қам-қарекетін, тірлігін баяндап жеткізуде Төлеу Көбдіков пайдаланған ерекше тәсілдің бірі – кейіптеу. Яғни жансыз нәрсеге жан бітіре суреттеу. Бұл өлең жолдарында тек қана кейіптеу қолданылмаған, бұнда метафора да бар. Берілген өлең шумағындағы «сөздің кілті» тіркесі ұтымды бейнеленген. Мұндағы сөздің кілті тіркесін жеке алып қарасақ, сөзде кілт болуы мүмкін бе? Үстіртін, тура мағынасында есіктің кілті ұғымында талдасақ, аталған сөз тіркесінде әрине мән-мағына, түсінік жоқ.  Бірақ, ақын мұнда ойдың орамы, сөздің жүйесі деген мәнде шебер ауыстыру арқылы сәтті жеткізген.

Төлеудің эпитет қолданудағы жаңашылдығы, ешкімнің ойына келмейтін жерден сөздерді реңнен ұқсас жәй, құбылыс, тіпті бүтіндей сурет тауып алып, қиыстырып өлең құрайтын, жаңадан тіл шұрайлылығын, сөз сұлулығын,, ой ұшқырлығын, сезім тұңғиығын, жасай қоятын тапқырлығы. Мәселен, «Алмас тіл асыл сөзден нақыс салып, Безеңдер алтын шашақ төгіп өрнек» - адам секілді қимыл жасап, күш-қайраты тасыған тіл бейнесін сомдайды. Сонда екі ғана жол сонша бейнелі сурет жасап, сонша терең мағына білдіріп тұр. Суреткер  ақын әр ойды, әр сөзді бейнемен мүсіндейді. «Өзгені де, өзіңді де қайталамау – поэзияның бір заңы» [5, 464 б.] - дейді Қадыр Мырзалиев.


Ақын жұмыс үстінде.



Осындай өлеңдері терең мағынаға бай, көркем сөзді тереңнен қиыстырған ақын мұрасының зерделенуін, зерттелуін қарастырсақ, Төлеу Көбдіков шығармашылығын әдебиеттанушы ғалымдар арнайы зерттеген: Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев, Н.С.Смирнова, Қ.Мұхамедханов, Х.Ишанов, С.Негимов. Сәбит Мұқановтың «Тағы да поэзия туралы» еңбегінде қазіргі халық ақындарын ауызша әдебиеттің және ауызша, жазбаша әдебиеттің өкілдері деп жүйелейді де, Төлеуді екінші топқа жатқызады. Ақынның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлы Мұрат Төлеуов әкесінің «Жырларым» атты төртінші өлеңдер жинағын  бастырып шығарды. 2000 жылы жазушы Медеу Сәрсеке Семей өңірінің тумасы бес ақынның бұрын басылым көрмеген, өз оқырманымен қауышпаған шығармаларын «Бес тұғыр» деген атпен жариялады. Осы жинақта жазушының Төлеу жайында «Абайдың алдын көрген ақын» деген мақаласы ұсынылған. 2009 жылы «Өлең сөз ұялаған таңдайына» атты жинақ етіп Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының қызметкерлері құрастырған, онда  ұлы Мұрат Төлеуовтің және ақынның көзін көрген жандардың ақын жөніндегі лебіздері берілген. 2010 жылы Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайының қызметкерлерінің құрастыруымен жарық көрген «Абай туралы естеліктер» жинағында Абаймен кездескені жайлы естелігі енген. Сонымен қатар баспасөз беттеріндегі 125, 130, 135 жылдығы қарсаңындағы мақалаларды атап өтуге болады. Сондай-ақ, ақынның шығармалары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында, Ұлттық Ғылым академиясының Орталық кітапханасының сирек кездесетін мұралар бөлімі қорында, ақынның ұлы Мұрат Төлеуовтың жеке қорында және Семей қаласындағы кітапханалар мен мұражайлар қорында кездеседі. Ал, ғылыми тұрғыдан алғаш рет бір арнаға тоғыстырып, жүйелі қарастырған Тұрысбекова Жанар Қажымқызы. Ол 2003 жылы Еспенбетов Арап Сләмұлының жетекшілігімен «Төлеу Көбдіковтың әдеби мұрасы/ көркемдік дәстүр жалғастығы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.

Ақынның әдеби мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеуші Тұрысбекова Жанар Қажымқызы ақын шығармашылығы жөнінде былай дейді: «Аягөз өңірінде дүниеге келіп, өлең-жырлардың маржанын өткен ғасырда толғаған тума дарын Төлеу Көбдіковтің есімі – исі  қазаққа танымал. Ол - көзі  тірісінде-ақ көпшілік сүйіспеншілігіне бөленген, құрметті халық ақыны атағын республикада бірінші болып алғандардың бірі. Айтыс өнерінде Семей өңірі бойынша республикалық жыр додасына түсіп, елінің мерейін неше рет көтерген. Осындай қиын да қатпарлы өмірлі ақын Төлеу Көбдіковтің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, насихаттау – бүгінгі күн талабынан, сұранысынан туған дүние екені талассыз шындық» [7, 71 б.].

Төлеу ақынның шығармасын зерттеу бүгінде заман талабы екендігін нық сеніммен айта аламыз, әрі бұл бұлтартпас шындық.

Мақала авторы зерттеу тақырыбы аясында Семей қаласына барып қайтты. Аталған іс-сапар барысында ақынның туған немересі Шынар Мұратқызымен кезігіп, ақын атасы жайында әңгіме қозғады.



Төлеу Көбдіков. 1948 жыл.


 


Ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер айтып та, жазып та жүргендей Төлеу Көбдіковке  дарын-таланты нағашы жұртынан, анасынан дарыған екен. Кезінде Мұхтар Әуезов орыс жазушысы Павел Кузнецовқа жолдаған хатында: «Облыста бұрын неге көрінбегенін кім білсін, Төлеу деген ірі ақын бар екен. Оның тума шежіресі өте қызық. Ата-бабасынан – сонау алтыншы атасынан бері қарай тұқым қуалаған белгілі ақындар. Ал шешесі көпке әйгілі Қуандық Абаймен айтысқа түскен, әрі оның нақсүйері болған кісі. Менің бірінші кітабымда осы суреттелген-ді. Сонымен, несін айтасың, Төлеу ақсақалды көргенде мен Қуандықпен кездесіп, жүздескендей күйге келдім.»  [2, 93 б.] десе, ақын өзі:

Нәпсіні жамандықтан тиып жүрмін,

Көңіліме жақсы сөзді түйіп жүрмін.

«Нағашың он жеті ақын» дегеннен соң

Солардың ыстығына күйіп жүрмін.

Нұсқалы сөз асылын теріп жүрмін,

Бетімді шыншылдыққа беріп жүрмін.

Әйтпесе, әкем де жоқ, атам да жоқ,

Шешем ақын болған соң сеніп жүрмін [4, 8 б.] - дейді. Яғни, ана баласын ақындыққа баулып, оның дарынынан зор үміт күткен. Өзінің сыйлас досы Абайдың тағылымын үйрету үшін, бірнеше рет сәлем беруге жіберген.

Шынар Мұратқызының айтуына қарағанда, Абаймен бала кезінде де бірнеше мәрте жүздесіп, ұлы ақын талапты жасқа өз өлеңдері жазылған дәптерін де берген екен, бірақ ақыл тоқтатқан шағында төрт рет кездескенін халық ақыны өз естеліктерінде жазады [7, 72 б.].

«1896 жылы өзім 22 жаста едім. Абайды алғаш көргенім...» [1, 179 б.] - деп жазыпты Төлеу ақын өз естелігінде. Міне, содан бері қарай санасақ, биыл 115 жылдық мерейтой. Әдетте, біз танымал тұлғалардың өмірге келген уақытынан бастап есептеп, сонымен 100, 110 жылдық сияқты мерейтойларында еске алып жатамыз. Тағылымды жандардың өмір сүрген әр күніне көз жіберіп, тереңінен тамыр тартсақ тұнып тұрған тарих емес пе?!

Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы 2009 жылы ақынның көзін көрген жандардың және баласы Мұрат Төлеуовтың әкесі жөніндегі естеліктерін «Өлең сөз ұялаған таңдайына» атты жинақ етіп шығарыпты. Аталған жинақты құрастырушылардың бірі, ақын немересі Шынар Мұратқызы өз қолтаңбасымен сыйға тартып, тағы ақын фотосуретінің көшірмесін отбасылық қорынан бөлісті. Ақын немересінен алған бұйымдарымыз, біздің зерттеу тақырыбымыз аясындағы алтынның сынығындай алғашқы асыл қазынамыз. Солардың қолымызға түсуіне қолғабыс жасап, ақынның шығармашылығын зерттеу жолындағы еңбегімізге ілтипатын білдіріп, ықылыс танытқанына өз ризашылығымызды сөздің орайында айтып өткенді жөн көрдім. Біз алда да халық ақынының телегей теңіз шығармаларын зерделеу, зерттеу бағытындағы жұмысымызды осындай  көзқарақты адамдармен бірлесе өрбіту, жас буынға таныстыру мақсатында тың қадамдар жасамақ ниеттеміз.


Ақын немересі Садықова Шынар Мұратқызы


 




Ақын немересінің сыйға тартқан жинағының титул беті




Аталған тақырып аясында мақала авторына қазақтың рухани астанасы Семейдегі Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі Еспенбетов Арап Слямұлымен кездесу, «Қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығына», «Облыстық тарихи-өлкетану мұражайына» және «Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайына» бару бақыты бұйырды.

Бұл сапарымызда ақын шығармашылығына қатысты біраз құнды дүниелер мұражай қорына алынды: Мысалы «Абай туралы естеліктер» кітабы, «Абай» журналының 1992 жылғы екінші саны Төлеу Көбдіковтің «Тойдан толғау» дастанымен, ақын фотосуретінің көшірмесінің электронды нұсқасы және «Екпінді» газеті  бетінде ақынның 1945-1949 жылдар аралығында жарық көрген өлеңдері, 1945-1954 жылдардағы ақын туралы мақалалар. Әрине, бұлардың барлығы жоғымызды толықтырары рас, бірақ бүтінделуі үшін әлі талай еңбектенуіміз керек. Бұл дегеніміз -  ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді зерделеу, зерттеу және жинастыру.

Ойымды ақынның мына бір сөзімен түйіндегенді жөн көрдім.

Өлеңге әркімнің-ақ құмары бар,

Ішінде аз-аз ғана ұғары бар.

Көн жамап былғарыға былғамайық,

Әр сөздің өз жөнімен ұнары бар [4, 8 б.]

Библиография:

1. Абай туралы естеліктер. 1-кітап - Семей: Абайдың мемлекеттік қорық -мұражайы - 2010 - 260 б.

2. Әуезов М. Письмо Кузнецову // «Простор» - 1961 - № 9. - 93 б.

4. Көбдіков Т. Жырларым. – Алматы: Жазушы - 1975 - 207 б.

5. Мырзалиев Қ. Сөз сиқыры – Алматы: Жазушы, 1982 - 464 б.

6. Тұрысбекова Ж.Қ. Төлеу Көбдіковтің әдеби мұрасы (филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертацияның авторефераты) – Алматы: Б.ж., 2003 - 29 б.

7. Тұрысбекова Ж.Қ. Көбдіковтің өмірі мен шығармашылығы // ШҚО педагогика жаршысы - 2008 - № 2. – 71-72 б.

Кашаку Гүлжан

Мәдениет жаршысы - Вестник культуры, № 8. 2011 ж. – 4-8 бет

 

Поиск прошедший индексацию в Яндексе

Авторландыру

Счётчики

 

Top.Mail.Ru


Жарнама

Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының ресми сайтына кірушілердің барлығын шын жүректен құттықтаймыз


Күнделікті, келушілердің тапсырыстары бойынша Бейбітшілік көшесі, 29 мекенжайындағы музей ғимаратында Мемлекеттік Орыс музейінің залдары бойынша виртуалды экскурсия жүргізіледі. Михайлов сарайы (Санкт-Петербург). толығырақ>>
БИЛЕТ САТЫП АЛУ



Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығының 2023 жылға арналған ЖҰМЫС ЖОСПАРЫ....


Біздің музей өзінің экспозиция залдарына QR-кодтарды енгізді, олар витриналарда, киіз үй мен жекелеген жәдігерлердің жанында орналасқан. Бұл музейге келушілер мен экскурсия жасаушыларға ондағы жәдігерлермен өз бетінше танысуға, олар туралы ақпарат алатын тілді (әзірге қазақ немесе орыс тілдері, ал келешекте ағылшын тілін) таңдауға; танып-білгісі келетін объектіні өз қалауы бойынша таңдап, барынша толыққанды және нақты ақпарат алуға мүмкіндік береді. QR Museum сілтемесіне көшу …