Қонақтардың әсемдіктің сан қырына, облысымыздың әр алуан кереметіне қаныққан кезі Сол жағалаудағы этноауыл кешенінде болғандағы әсерлері еді. Облыс Әкімінің бастауымен ондағы экологиялық мұражайды, үлкен және кіші көрмелер ғимараттын, концерттік залды аралап көрген қонақтарды, әсіресе, қазақ ұлтының үй жиһаздары мен әшекей бұйымдары ерекше қызықтырғаны байқалды. Ондағы әр жәдігер сынды бұйымдардың тегімен танысқан бурсалық басшы одан шыға берісте ескерткіш ретінде суретке түскен.
Этноауылдың ерекше сипаты әр шетелдіктің таңданысын тудырып, таңдайын қақтыратынын бұған дейін де сан рет байқағанымыз бар. Осындағы бір халықтың үйіне кірген кезде ол жайында тәптіштеп түсіндіріп жүрген облыстық этнографиялық мұражайдың директоры Николай Зайцев бар болғаны үш жылдың ішінде тұрғызылған ауылда ендігі жерде түріктердің ежелгі қоныс-үйінің жетіспей тұрғанын әзіл-шыны аралас жеткізген. Оның олай деуіне біздің облысымызда біраз түрік ұлтының да тұратыны негіз болғаны сөзсіз. Кім біледі, алдағы уақытта нақ осындай достық қарым-қатынастар шеңберінде ондай үйдің де бой көтеруі ғажап емес сияқты.
«Кешеден алыс жоқ, ертеңнен жақын жоқ» дегендей, бүгінде көзі тірі талай адамның заманы – кеңестік дәуірден сыр шертетін аллея қонақтардың бөлекше таңданысы мен құрметін тудырғандай болған. Ол жердегі Ленин бастаған өз кезінің тұлғалары туралы айта жүріп, аймақ басшысы.
- Бұл да бүгінгі Қазақстанның бір тарихи кезеңінің белгілері. Қалай болғанда да ол тарих болғандықтан, ұмытпауымыз керек, - деген пікірін білдірді.
Этноауылдағы қаз-қатар тізілген әр ұлттың үйлерін көріп, мұндай тамаша дүниелердің өмірге келуіне мұрындық болған облыс Әкімінің бастамашылдығына риза болған қонақтар гүлге оранып, ерекше жылылықтың самалы есіп тұрған мекенде өздері тәлім алар дүниелер бар екенін де айтып қалды.
- Өз басым Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын. Екі күннің ішінде бірталай кәсіпорындарда болып, бірнеше меморандумға қол қойдық. Ол екі жарым миллион халқы бар Бурса мен Өскемен сында бауырлас қалалардың ынтымағын одан әрі де дамыта берері сөзсіз. Ал бүгінгі мына сапарымыз, этноауылдағы кереметтер бір жаңа идеяларға бастап тұр. Бұл жайында елге барғанда әдемі етіп айтарым сөзсіз, - дейді Бурсадағы «Бугилт» бизнесмендер одағының төрағасы Али-Фуат ЭР.
Бұл кешенді аралаған соң түркиялық делегация мүшелері ондағы қазақтың ақшаңқан киіз үйінде болды.
Ғафура Сәрсенбайқызы
г. Дидар, 22 маусым 2012 жыл.
Көлемді мақаладан тек этноауыл туралы жазылған үзінді келтірілді.
< Prev | Next > |
---|