Хайуанаттар тіршілігін табиғи жағдайға жақындатуға ұмтылуда
Сіз біздің зообақта «шіркін, гаремім болса ғой» деп армандайтын тауыстың тіршілік ететінін білесіз бе? Ал зообақтың ежелгі тұрғыны қабанның Вован екенін ше? Ал құлақты қырғауылдың үретіні сіздерге белгілі ме? Егер Сіз Сол жағада орналасқан зообаққа барып көрмесеңіз, онда бұлар туралы ещқашан да білмейтін боласыз.
Тар жол, тайғақ кешу
Егер өзіңнің автокөлігің болмаса хайуанаттардың жаңа мекеніне қалай жетуге болатынын түсіну үшін әдейі қоғамдық көлікке отырдық. Солжағалаулық саябақ «Арзан» көтермемаркетінің арғы жағында орналасқан. Сондықтан осы дүкенге дейін баратын кезкелген автобус жарап тұр. Мәселен, №№ 53, 55. «Мұражайлық кешен» аялдамасынан біз трасса бойымен, автожанармай құю станциясының тұсымен бет түзедік. Тротуар жоқ, сондықтан жолға түстік. Ту сыртыңнан жүк машиналарының гүрілі естіледі. Саябаққа балаларымен немесе үлкен топпен бара жатқандар үшін бұл жол қауіпті деуге болады. Одан соң, ЖҚС-тан кейін бұрылып, асфальтталған жолмен жол айырығына дейін жүру керек. Шағын алаңқайдың ортасында жас терек өсіп тұр. Онда жолнұсқағыш бар, сол бойынша саябаққа жетуге болады. Осы жаңа трасса бойынша машинамен жүріп өту ыңғайлы, ал жаяу серуендеу тіпті де жақсы екен. Аялдамадан саябаққа дейінгі жолға 15 минут кетті.
Әсем әрі экзотикалық
Сол жағада саябақтық аймақ үшін берілген 35 гектарда келешекте зообақтың ғана жайғаспайтыны белгілі. Мұражай-қорық басшысы Николай Зайцевтің жоспарында – ботаникалық бақ, дендрариум және басқа да көптеген дүниелер құру бар. Бірақ бұл ең таяуда болатын шаруа емес. Қазіргі кезде саябақта зоологиялық аймақты абаттандыру ісі белсенді түрде жүргізілуде, ол оң жақ бөлікте орналасқан.
Келермендерді алғашқылардың бірі болып құстар қарсы алады. Дәл кіреберісте байсалды да маңғаз ақбас тырна Антоша тордың ішін үлкен адымдарымен өлшеп жүр. Ашық аспан астындағы одан кейінгі вольерлерден тәкаппар қырандарды, мысыр тауықтарын, үйректерді, сәндік тауықтарды тамашалауға болады.
- Біз құстар мен жануарлардың тірліктерін табиғи жағдайға барынша жақындатуға тырысудамыз. Бұл біздің күтімдегілердің өздерін мұнда жайлы сезінуі, ең маңыздысы, өсім әкелулері үшін жасалады, - деді мұражай-қорықтың өлке фаунасы бөлімінің меңгерушісі Зайнитдин Шәмшиев.
Осы жұмыс күнінде зообаққа келушілерден жалғыз біз болдық, сондықтан кейбір құстарды қызметкерлер қоршаулы аумақ ішіне серуендеуге қоя берді. Құлақты қырғауылдар өздерінің күтушісіне үйреніп алыпты, жемді оның қолынан алады. Құстар өздерінің сыртқы түрлерімен ғана емес, сонымен қатар шығаратын дыбыстарының иттің үргеніне өте ұқсас болғанымен де қызық.
- Мен оларға анасы сияқтымын, - деп жымияды Клавдия Чиняева. – Мен торға тазалау үшін кіргенде немесе жем берген кезде олар маған қуанатын сияқты.
Сөз жоқ, осындағы құс атаулының патшасы деп тауысты атауға болады. Көк мойынды және мыңқұлпырған ұзын құйрықты көрікті құс көзіңнің жауын алады. Әсем құйрығы құстың денесінен екі есе ұзын болса да ол оған ешқандай кедергі келтірмейді деген ой келеді. Ол тор ішінде маңғаз басып жүр, ал өз үйшігінің төбесіне жеңіл ұшып шығады. Қазір, көктемде, тауыс қоразының мекиеніне «қырындайтын» кезі басталды. Бұл олардың құйрығын жайған кезі болып табылады. Біздің жолымыз болмады. Фотосуретші жүрген кезде тауыстың қоразы өзінің сұлулығын паш етпеді. Басқарушының айтуына қарағанда тауыстар шағын топ болып өмір сүреді, оларда аталығынан басқа бірнеше мекиендері болады. Тек осындай гаремде ғана тауыс өзін жайлы сезінеді. Өкінішке қарай саябақ мүмкіндігі сұлтан-тауыстың арманының орындалуына мүмкіндік бермей тұр.
Тіршілік жасап, көбеюде
«Құстар» қатарының ар жағында жабайы жануарлардың торлары орналасқан. Осы қатарда бірінші болып Даша мен Саша аюлардың «пәтерлері» тұр. Тордың бетон еденіне жайғасқан маймақтар ыстықтан мазасыздануда. Маймақтардың жаз кезіндегі қиналысын біраз болса да жеңілдету үшін торлардың бірінде қазіргі кезде шағын басссейн салынуда.
Аюлардың ең жақын көршілері қасқырлар. Серый атты арланы Багира атты канадалық шуланынан бөлек орналасқан. Бөлім меңгерушісі мұны қарапайым ғана түсіндіреді: бөлтіріктерін қайда жіберерімізді білмейміз, сондықтан да қасқырлар ажыратылған. Бірнеше метр қашықтықта екі үлкен қабан балшықта күншуақтап жатыр. Қазылған шұңқыр жерде жату олар үшін рахат дүние. Зообақтың бас доңызы сегіз жасқа толыпты, ол осы жерде алғашқылардың қатарында пайда болған. Оның аты, саябақтағы басқа да хайуандарға қойылған атау сияқты – Вован.
Теңбіл бұғылар мен түйелер көктемде онша сүйкімдіі көрінбейді. Екеулері де түлеп жүр екен. Қысқы жүндері түсіп жатыр. Ең үлкен бураны үнемі азықтандырып жүрген зообақ қызметкерлерінің өздері оған жақындауға, оның салбырап тұрған жүндерін алып тастауға қорқады. Алып атанның мінезі шатақ және өзіне ешкімді жолатпайды. Көктемде күйлеген кезде бұл жануарлардың құтыратыны белгілі. Көрші торда түйелердің осы жерде, қолда туған ботасы орналасыпты. Оған бір жыл болған екен.
Тегінде зообақ облыстың көптеген тұрғындарының күшімен құрылған. Кейбір жануарлар осы бір зоологиялық жұмаққа адамдардың көмегімен келген. Кішкентай еліктің тарихы қызық. Өткен жылдың 17 маусымында оны, жаңада ғана туған кішкентай лақты Серебрянка қаласының тұрғыны алып келген. Сирағы сынған жануарды тауып алған ол жас төл жабайы табиғат жағдайында тірі қалмайды деп шешкен екен. Байғұстың сирағына мал дәрігерлері гипс салып, оған арнайы ешкі сүтін тауып берген. Қазірде ол ересек еркек жануар деп есептеледі. Адамдарға ұлкен сақтықпен қарайды. Тіпті жиі көріп жүретін зообақтың бөлім меңгерушісін сүзбекші болып, мүйіздерімен сес көрсетеді. Зайнитдин Шәмшиев аталық елікке тұқымын жалғастыру үшін жұп керек дейді. Зообақ қызметкерлері оған жұпты Семей экобиоорталықтан алып келеміз деп ерекше үміттенеді.
Жарты ғасырлық тарихы бар осы зообақпен Солжағалық саябақ басшылығы айрықша серіктестік байланыс орнатқан. Олар жануарлармен өзара алмасып, тәжірибелерімен бөліседі. Мәселен саябақтың мал дәрігері мен бірнеше қызметкерлері қазіргі кезде тәжірибе алмасуға соларға кетті.
Мұндай сапарлар біздің қызметкерлер үшін өте пайдалы, - дейді Шәмшиев мырза. – Біздің Семейдегі әріптестерімізден үйренетін дүние баршылық.
Ортақ күшпен
Жалпы алғанда, аңдардың жаңа жердегі алғашқы қыстамасы жаман өткен жоқ. Жамбыл атындағы саябақтан зообақ өткен жылдың қазан айында көшіп келген, дегенмен олар тез тынышталып, өздерінің жаңа торларына жылдам үйреніп кетті.. – Мұнда, адамдардан алшақ жерде оларға айтарлықтай жақсы, - деп санайды Зайнитдин Шәмшиев. – Ең бастысы – қауіпсіз. Аңдар Жамбыл саябағында мекендеген кезінде бізде бірнеше келеңсіз оқиғалар болды: бөтен иттер біздің түлкімізді талап, бірқатар құстарды ұстап алып кетті.
Шәмшиев мырзаның айтқанына қарағанда, зообақ салу жөніндегі кең құлашты жұмыс жаздың соңында аяқталады деп жобалануда. Солжағалаулық саябақтың тек зоологиялық аймақта ғана дамып келе жатпағанын айта кеткен жөн. Саябақтың сол жақ жартысында аумақты абаттандыру жөніндегі жұмыс қарқынды жүргізілуде, огород салынуда. Онда жануарларға арналған көкөніс өсірілуде.
Саябақ барынша абаттандырылып жатқан қазіргі кездің өзінде ол барлық келушілерге ашық. Өздерінің келермендерін зообақ күн сайын сағат 10-нан 18-ге дейін күтеді. Ересектер үшін кіру билеті 100 теңге, балалар үшін – екі есе арзан.
Ирина Кирилюк.
Орысшадан аударған Р.Б.Қайырбаева.
< Prev | Next > |
---|