Өткен жолы оқырманды хабардар еткеніміздей, Белоруссияның Могилев облысынан келген студенттердің құрылыс жасағы кеше Өскеменде Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен кездесті.
Осы кездесуде Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық мұражай-қорығына Белоруссия жерінен арнайы әкелінген бір уыс топырақ табыс етілді.
- Кешегі Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО-ны неміс басқыншыларынан азат ету үшін 1,5 млн. қазақстандық жауынгер майданға аттанған болса, соның 180 мыңы Шығыс Қазақстан облысының перзенттері болатын. Сол боздақтардың 84 мыңы майдан даласында қаза тауып, туып-өскен Отандарына қайтып оралмаған.
Ата жұртынан топырақ бұйырмаған арыстарымыздың арасында Белоруссияның Могилев жерінде жатқандары да баршылық. Сондықтан біздер үшін белоруссиялық студент-жастар арнайы алып келген бір уыс топырақ аса қәсиетті әрі бағалы. Өйткені, бұл топыраққа Отан үшін мерт болған майдангер жерлестеріміздің қандары сіңген, - деді облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары А.Артамасов.
Белоруссиялық студениер жасағының жетекшісі Александр Оскольченко қолындағы жауынгердің су құятын құтысы іспеттес дорбаға салынған топырақты облыстық этнографиялық мұражай-қорықтың директо-ры А.Зайцевке табыс ете тұрып:
«Біз Белоруссия жерінен келген студент-жастар жасағы Шығыс Қазақстанның қонақжай халқына, олардың біздерге деген зор құрметтеріне шынайы ризашылығымызды білдіріп, алдарыңызда бас иеміз және болашақта екі елдің арасындағы достык, қарым-қатынастың жылдан-жылға нығая беруіне барынша үлесімізді қосамыз», - деді.
Белоруссия жерінен қиырдағы Қазақстанға жұмыс істеу үшін ғана емес, екі елдің достығына зор үлес қоса келген студент-жастар жасағының жетекшісі Қазақстан тарихынан да хабардар екендігін білдіріп, Белоруссия жерінен топырақ бұйырған шығысқазақстандық майдангерлер Абдолла Жанзақов, Василий Чеботарев, Қазбек Нұржанов, Ыдырыс Үргеншібаев, Федор Озимитель сынды боздақтарды, сондай-ақ фашистердің көмейінен оқ боратқан дотын кеудесімен жауып, үнін өшіре білген батыр жерлесіміз Сүндетқали Исқалиевтің есімін ерекше атап өтті.
Өскемендегі Достық үйінде Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Еркінбек Аязбаев жиналғандарды осынау маңызы зор мәдени шарамен құттықтап, өңіріміздегі ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен татуластыққа, мемлекетіміздің тыныштығына барынша үлес қосып, ерінбей еңбек етіп жүрген азаматтарға облыс Әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан алғыс білдірді.
Жиналған қауымға Шығыс Қазақстан жерінде тірлік құрып жатқан белорустардың тұрмыстары мен мәдениетінен, өнер үжымдарының жеткен жетістіктерінен мол мағлүмат беретін қысқа метражды фильм көрсетілді.
Бір шаңырақ астында түсіністікпен тірлік етіп жатқан Достық үйіндегі түрлі ұлт өкілдерінің өнер үжымдары меймандарға концерттік бағдарлама ұсынды.
Серік Құсанбаев
г. Дидар, 2010 ж., 24 шілде
< Prev | Next > |
---|