Тамыздың 12-сінен 13-іне қараған түні Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей-қорығына қарасты ежелгі Ақбауыр ғибадатханасында астрономияны танып-білуге құштар өскемендіктер үшін алғаш рет «Алыс әлем шақырулары» атты астрономиялық экспедиция жасалды.
Белгілі болғанындай, жексенбіге қараған түні Персидтердің жоғары метеорлық шоғырлануы орын алды. Біздің саяхатшылар діттеген жерге түс ауа, аздап кешігіп жетті. Экспедицияны ұйымдастырушылар Қоржынбай тауының етегіне шатырлар тігіп жатқанда Ақбауыр кешенінің меңгерушісі Галина Петенева қонақтарға осы маңдағы қызықты археологиялық ескерткіштер – ертедегі адамдар түрлі салттар өткізіп, астрономиялық нысандарды бақылаған ежелгі ғибадатхана жайлы татымды әңгімелеп берді. Топ мүшелері б. д. д. V-III мың жыл бұрын бояумен түрлі суреттер салынған үңгірлерді көрді. Ескерткішті аралап көрген соң олар Сорокин тауының басына шығып, үңгірдің үстіне жиналып, алыс қашықтықта суретке түсті. Ал рәсім өткізіліп келген алаңда өлкетанушы Николай Топольняк көктем мен күздегі күн мен түннің теңесуін және жаз бен қыстағы күннің тоқырауын дәл болжап, анықтайтын нүктені жарықшақтар мен тереңге бой ұрған жартастар арқылы бақылайтын қарапайым шоқылардың қалай пайдаланылғанын сөз етті.



Жаңалықтары





















