2003 жылғы қыркүйек айында мұражай-қорықтың Урицкий (қазір Қ.Қайсенов) көшесі, 67 бойынша ғимаратында «Видергебурт» атты көрме жұмыс істеді, ол неміс халқының материалдық және рухани мәдениетіне арналған болатын. Көрмені облыстық этнографиялық мұражай мен «Видергебурт» неміс мәдени орталығы бірлесіп ұйымдастырған еді.
1999 жылғы халық санағы бойынша Өскеменде 5055 неміс тұрады.
Жәдігерлердің көпшілік бөлігін Л.И.Менжулинаның отбасында ескерткіш ретінде сақталған көне заттар құрады. Ол өзінің 1960-жылдарғы қолөнерілік заттары: салфеткаларды, перделерді, біз тоқымамен көркемделген жастық тыстары мен төсектің арқалықтарын жауып тұратын жапқыштарды берді. ХХ ғасыр басында оның атасы жасаған немістердің ұлттық оқтауы келермендерге қызық көрінді. Өскемен қаласының тұрғыны А.Раисова өзіне бала кезінде әпкесі тігіп берген көйлегін сақтап қойған екен. Л.И.Касаткина ата-аналарының және атасы мен әжесінің үйлену тойларында түскен фотосуреттерін ескерткіш ретінде сақтауда. О.П.Хохлова Германияның әртүрлі өңір немістерінің ұлттық киімдеріндегі қуыршақтардың қызықты коллекциясын, сондай-ақ Германиядағы сыра мерекесінің атрибуты – балалардың қысқа шалбарын (шортын) ұсынды.
Б.М.Құмарова
< Prev | Next > |
---|