«Жеңіс бояулары» көрмесі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 67-жылдығына арналған. Көрмеде екі суретші, екі Ұлы Отан соғысының ардагерлері, біздің жерлестеріміз - Липат Петрович Сёмин мен Виктор Сергеевич Меньшиковтың 140 кескіндемелік бояутақталары көрермендердің ауқымды аудиториясында назарға ұсынылады.
Виктор Сергеевич Меньшиков Ресейдің Воронеж облысындағы Анна селосында дүниеге келген. 17 жастағы жас жігіт өз еркімен майданға аттанады. Гвардиялық бөлімде минашы болды, Белорусияда, Польшада соғысып, Сандомир плацдармінде шайқасады. Одан кейін Варшаваны азат ету үшін Висло-Одерск операциясы болды, бұл шайқаста көрсеткен ерлігі үшін польшалық және кеңестік екі медальге ие болады. Ары қарай Одерск плацдармі, Зеелов биіктіктері және соңында Берлин. Жауынгердің ерен ерлігін Отаны Ұлы Отан соғысының II дәрежелі орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Г.Жуков медалімен», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен және өзге де наградалармен марапаттады. Соғыс аяқталғаннан кейін Виктор Сергеевич 1951 жылға дейін Германияда басқыншы әскер тобында қызмет етеді.
Білімі мен қызметі бойынша заңгер, жүрек қалауы бойынша суретші 1960 жылдан бастап Өскеменде тұрады. Облыстық және қалалық прокуратураларда, облыстық сотта судья болып қызмет етеді.
КСРО Әділет министрлігінің Мақтау қағазымен және «Еңбектегі жетістіктері үшін» белгісімен марапатталады. Ұзақ уақыт бойы журналистикамен айналысты, 600 баспа басылымдардың авторы, «Социалистическая законность» журналының бүкілодақтық конкурстарының лауреаты болып табылады. В.С.Меньшиковтың: «Заң қалай бұйырса» (1988), «Адамдар тағдыры» (2005), «Судьяның қойын дәптерінен» (2006), «Тағдыр қалтарысы» (2011) сияқты очерктері, новеллалары мен әңгімелері жарыққа шықты.
Ол 1977 жылы қылқаламды қолына алып, сол кезден бастап ұзақ жылдар бойы өзінің сүйікті ісіне бос уақытын бөліп келеді. Суретшінің көптеген туындылары негізінен пейзаж жанрында салынған. Автор композициялар құрылымында, реңдік шешімдерде еріксіз түрде орыс классиктерінің пейзажынан үлгі алады. Суретші әрбір жұмысында өзінің табиғатқа деген қарым-қатынасы, әрбір қас-қағым сұлулықтың қайталанбайтындығы туралы салмақты әңгіме айтқандай болады. Бұндай картиналар қатарына «Қыс», «Мұзтаудың қысқы көрінісі», «Ерте көктем», «Мая шөп» жатады.
Пейзаждар «есте сақталған» көрініс бойынша салынады, сондай-ақ оның жер бетінің көрнекті бедерін: өзендер мен көлдерді, тау биіктіктерін, қар басқан алқапты немесе гүлденген даланы, мәңгі жасыл орманды шағын полотноларында сыйғызу өнері де таң қалдырады. Бұл көздің есте сақтау феномені ме, әлде оны мәпелеп өсірген туған жеріне деген махаббаты ма? Ең дұрысы екеуі де өз әсерін берді деп айтуға болады.
В.С.Меньшиковтың туындылары Ресейдегі, Германиядағы, Кореядағы, Украинадағы жеке коллекцияларда да орын алған.
Бір кезде бауырының заң институтына неге барасың деген сауалына, Виктор Меньшиков: «Көз жасы азаю үшін» деп жауап берген еді. Суретшінің барлық кескіндемелері де әлемде көз жасы азайып, Сұлулық пен Жарық көбеюуіне бағытталған. «Мен адамдар үшін саламын және менің туындыларым көрерменге ұнап, олардың жандарына қуаныш пен тыныштық сыйлайды деген үміттемін», - дейді автор.
Липат Петрович Сёмин 1922 жылы Зырян ауданының Соловьево селосында дүниеге келген. Қаһарлы 1941-ші жылы 19 жасар жігіт өз еркімен майданға аттанды. Батыс, Оңтүстік, 4-ші Украина, 1-ші Прибалтика, Сталинград майдандарында барлаушы болды, жаяу әскер мен атты әскер құрамында соғысты, Қырымды, Белорусияны, Польшаны азат етуге қатысты. Соғысты Шығыс Пруссияда аяқтады. I дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Польшаны азат еткені үшін» медальдарымен және басқа да үкімет наградаларымен марапатталды.
1944 - 47 жылдары Орал жаяу-әскер училищесінде оқып жүрген кезінде сурет салуға және кескіндемеге бет бұрған-ды, Свердловскінің көркемсурет галереясына, кейіннен – Мәскеудегі Третьяков галереясына барып жүрді, жастық жалынмен қабырға газеттерін, жауынгерлік парақшаларды безендіріп, майдандастарының портреттерін салып, бейнелеу өнерінің негізін үйренді. Ұзақ жылдар бойы балташы болып жұмыс істеді. 1975 жылы Өскемен қаласына көшіп келді. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін Липат Петрович кескіндемемен түпкілікті шұғылданып, ерекше өнімді еңбегімен, дүниетанымын жеткізудегі жігерлілігімен және шынайылығымен тәнті етті. «Жеңіс бояулары» экспозициясы – суретшінің шығармашылық өміріндегі үшінші жеке көрмесі. Ағымдағы жылдың мамыр айында Липат Петрович 90 жасқа толады.
Суретшінің қаһарлы соғыс жылдары басынан кешкендерінің барлығы оның соғыс жайындағы еңбектер сериясында толығымен және айқын көрініс тапқан.
Суретшінің Шығыс Қазақстан табиғатының жомарт сұлулығын, қаламыздың жанға жайлығын және өзіне ғана тән келбетін бейнелейтін суретші пейзаждарына ақынжандылық, ерекше сезімталдық, мамыражайлық және байсалдылық тән.
Автордың еркін де шабытты қылқаламынан шыққан сәнді натюрморттар айрықша әсемдігімен, бояуларының қанықтығымен және бейнелігімен тәнті етеді. «Құлқайырлар», «Таушымылдықтар», «Мамыргүл мен «Құртқашаштар», «Жұлдызгүлдер», «Түймедақтар» кенептерде жанданып, біздің жүрегімізге сұлулық нәрін төге отырып, қуаныш пен кереметтілік сыйлайды.
Қатерлі соғыстың аяусыз қыспағынан, қайғы-қасіреті мен қиналыстарынан өткен суретшінің әрбір картинасы – бұл бейбітшіліктің ғажап сұлулығы мен таңқаларлық үйлесімін паш ету, бұл ажал мен күйреуді тізе бүктіретін өмірдің салтанат құруына арналған шаттық гимні. Және көрмедегі әрбір туындыда оны өмірге әкелген, «Өмір! Сен жеңілмейсің!» деген асыл ақиқатты ту етіп ұстанушы Л.П.Семиннің үні естіліп тұрғандай.
Жеңіс бояулары. 2012 ( Фотогалерея )
< Prev | Next > |
---|