«Үміт көктемі» көрмесі зағиптардың «Мейірімділік» қоры мүшелерінің туындыларын келушілердің назарына алғаш рет ұсынуда. Экспозицияға 100 еңбек: картиналар, фотосуреттер, сәндік-қолданбалы шығармашылық кірді.
Зағиптардың «Мейірімділік» қоры 2009 жылғы 26 мамырда құрылған болатын. Қордың құрылтайшысы – Р.Ш.Баснукаев. Мүгедектерге қолдау көрсету және оларды қорғау, Қазақстан Республикасының Конституциясы кепілдік еткен экономикалық, саяси және басқа құқықтар мен бостандықтарды іске асырудағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, сондай-ақ мүгедектерді оңалту, қазіргі заманғы қоғамға интеграциялау, жұмыс орындарын құру оның басты міндеті болып табылады.
Жұмыс істей бастағаннан бері қор өзінің бірқатар жобаларын іске асырды. «БОНС» атты музыкалық тобы қалалық мәдениет басқармасында ресми түрде тіркелді, ол қаладағы және қала маңындағы мәдениет мекемелерінде бірнеше концерт қойды. Қордың көптеген мүшелері қалалық «Звено Алтая» әдеби бірлестігінің мүшелері болып табылады. Жыл сайын өткізіліп тұратын Курдаков оқуларының 2010 жылғы Гран-приі қор мүшелеріне берілді. Сонымен қатар, зағиптар шахмат және дойбы бойынша өткен облыстық жарысқа қатысты, Щучинск қаласында өткен шаңғы жарысында жүлделі үшінші орынды иеленді. «Мейірімділік» қорының жәрдемімен Еңбекпен қамту орталығы арқылы 10 мүгедек жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
Қордың таяу арадағы жоспары – мүгедектер мен мүгедектік проблемалары бойынша семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізу.
Мүгедектердің шығармашылық туындыларының «Үміт көктемі» көрмесі адам жанының тамашаға деген ұмтылысына ауыр сырқаттың бөгет бола алмайтындығына куә болып тұрғандай.
< Prev | Next > |
---|