2013 жылғы 14 қыркүйекте.
Солжағалық кешен. «Жібек жолы» саябағы. «Каравелла» көрме орталығы
«Өнер каравелласы» көрмесі Шығыс Қазақстан мен Ресей суретшілерінің шығармаларын (Шығыс Қазақстан өнер мұражайының қорынан), Өскемен қаласы әкімдігінің Жас техниктер станциясы оқушыларының қолдарынан шыққан кеме, яхта, катерлердің үлгілерін, ШҚО бойынша ҚТЖ департаментіндегі желкенді кемелер үлгілерінің коллекциясын назарға ұсынады.
Осы экспозицияда ұсынылған еңбектерінде суретшілер табиғат сұлулығын, теңіздердің тылсым құбылысын жырлайды.
Кескіндеме туындыларына көз тастасаң, теңіз, өзен және көлдер әлеміне үңілесең, осынау бір ғажайып құбылыстардың дүлей күшін, осынау бір теңдесі жоқ сұлулықты сезінгендей боласың. Суретшілер Л.Е.Агейкин, М.Қ.Жүнісов, Н.П.Аштема, В.А.Сачков, А.Н.Лаврушин, И.Т.Климов, Н.И.Джуган, Қ.Ә.Жақаев, И.Л.Кац, Г.Е.Макаров, К.И.Шебеко осы тылсым дүниені қалай сезінсе, өнерсүйер қауым суға байланысты пейзаждарға солардың көзімен қарап тұрғандай болады. Пейзаждардың бір бөлігі камералық, биязы және жанға жайлы ахуалымен ерекшеленеді. Басқа бір бөлігі жан-дүниеңді тебірентіп, қайталанбас сезімге бөлентеді, мәңгілік болмыс туралы ой тереңіне сүңгітеді. Көрмеге ұсынылған барлық туындылар таңғажайып жылылыққа, жақсылыққа және сергек, өміршең пафосқа толы болуларымен айрықшаланады.
«Өнер каравелласы» асқақ өнер, сондай-ақ қолөнер туралы, технологиялар, тарих, география, бала арманының орындалуы, жасөспірім шақтағы теңіз қарақшылары, қызықты саяхаттар және ертеректе ашылған ұлы жаңалықтар, желкенді кемелер, атақты капитандар мен тарихи шайқастар туралы оқылған кітаптар жайындағы естеліктер туралы сыр шертетін көрме. 30-ға таяу кеме, яхта мен катер үлгілері – қажырлы еңбектің жемісі, діңгектері мен реялардың аса дәлдікпен берілуі, такелаж жіптерінің күрделі түйіндері, нәзік желкендері – осылардың бәрі аңыздар жанданып кеткендей әсер қалдырып, керемет көрініс береді.
Кеме үлгілерін жасау тарихы ғасырлар тереңіне бойлайды, бүгінде заманауи технологиялар мен ақпараттың қолжетімді болуы, балалардың мектептен тыс бос уақыты орталықтарының жемісті жұмыс істеуі арқасында осы өнерге деген құмарлық ХХІ ғасырда да арта түсуде.
Кемелердің, әсіресе желкендердің нәзік те сәнді үлгілеріне көз тастағанда сол бір алыста қалған теңіз романтикасына, шытырман оқиғалардың қайталанбас рухына және өткен заманға тап болғандай әсерде қаласың. Ал кескіндемелік туындылар бояуларының сантүсті палитрасы тылсым дүниенің ғажап күшімен көрерменді таңқалдырады. Өнердің кереметі осында болса керек...
Фото Алексея Мазницина
< Prev | Next > |
---|