«Жеңіс көктемі» көрмесі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған. Жерлесіміз, әуесқой суретші, соғыс ардагері Липат Петрович Семиннің шығармашылығы көрермендердің ауқымды аудиториясының назарына 40-дан астам кескіндемелік полотноларды екінші рет ұсынуда.
Суретші 1922 жылы Зырян ауданының Соловьево селосында дүниеге келген. Қаһарлы 1941-ші жылы 19 жасар жігіт өз еркімен майданға аттанды. Батыс, Оңтүстік, 4-ші Украин, 1-ші Прибалтика, Сталинград майдандарында барлаушы болды, жаяу әскер мен атты әскер құрамында соғысты, Қырымды, Белорусияны, Польшаны азат етуге қатысты. Соғысты Шығыс Пруссияда аяқтады. «Ерлігі үшін» медалімен және I дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталды.
1944 - 47 жылдары Орал жаяу-әскер училищесінде оқып жүрген кезінде сурет салуға, кескіндемеге бет бұрған-ды, Свердловскінің көркемсурет галереясына, кейіннен – Мәскеудегі Третьяковка галереясына барып жүрді, жастық жалынмен қабырға газеттерін, жауынгерлік парақшаларды безендіріп, әскерилердің портреттерін салды, бейнелеу өнерінің негізін үйренді. Ұзақ жылдар бойы балташы болып жұмыс істеді. 1975 жылы Өскемен қаласына көшіп келді. Зейнеткерлікке шығысымен Липат Петрович кескіндемемен түпкілікті шұғылданып, өзінің ерекше өнімді еңбегімен, дүниетанымын бере білудегі ерекшелігімен және шыншылдығымен тәнті етті. «Жеңіс көктемі» экспозициясы – Л.П.Семиннің шығармашылық өмірбаянындағы екінші дербес көрме.
Суретшінің қаһарлы соғыс жылдары басынан кешкендерінің барлығы оның соғыс жайындағы еңбектер сериясында айқын көрініс тапқан. Суретшінің Шығыс Қазақстан табиғатының жомарт сұлулығын, қаламыздың жанға жайлы және өзіне ғана тән келбетін бейнелейтін пейзаждарына ақынжандылық, ерекше сезімталдық, мамыражайлылық және байсалдылық тән. Автордың еркін де шабытты қылқаламынан шыққан гүлді натюрморттар айрықша әсемдігімен, қанық бояулы сәнімен тәнті етеді.
Қатерлі соғыстың аяусыз көрігінен, қайғы-қасіреті мен қиналыстарынан өткен суретшінің әрбір картинасы – бұл бейбітшіліктің ғажап сұлулығы мен таңқаларлық үйлесімін паш ету, бұл ажал мен күйреуді тізе бүктіретін өмірдің салтанат құруына арналған шаттық гимні. Және көрмедегі әрбір туындыда оны өмірге әкелген, «Өмір! Сен жеңілмейсің!» деген асыл ақиқатты ту етіп ұстанушы Л.П.Семиннің үні естіліп тұрғандай.
Фотосурет Алексей Мазницин
< Prev | Next > |
---|