Көрмеге ШҚО мектептері мен колледждерінің технология пәні оқытушыларының бұйымдары ұсынылған. Көрмеге облыстың 20 білім ошақтарынан 30-дан астам ұстаз қатысады. Көрермендердің назарына ағашты ою, аппликация, кесте, ши өру, ұсақ маржанды өру, киіз басу, теріні көркем өңдеу және т.б. сәндік-қолданбалы өнер жанрында түрлі материалдардан жасалған 100-ден астам жұмыс ұсынылған.
Жеке тұлғаны қалыптастыруда еңбекке тәрбиелеу басты орынды иеленеді, сондықтан технология пәні орта және арнайы-орта білім беру мекемелерінің оқу бағдарламаларында маңызды орын алады. Олар оқушыларға халқымыздың бай мәдениетін тануға, халық дәстүрлерін үйренуге, әдемілікті тануға және сүюге, әдемілік заңдары бойынша еңбекке баулуға көмектеседі. Осы процесс барысында өз шәкірттерін шеберліктің биік шыңына баулитын және сол арқылы әдемілік әлемінің беймәлім және көп қырлы екендігін ашатын білікті тәлімгердің бейнесі ерекше орын алады. Осының барлығы ұстаздың жоғарғы кәсіптік деңгейдегі дағдыларының бар болуын талап етеді. Тек ерен шығармашылық қабілеттерге ие және өз ісіне шексіз берілген ерекше тұлға ғана шәкірттерінің өз пәніне деген қызығушылығын туғыза алады. Осы қасиеттер біздің ұстаздарымызды ерекшелендіре алады. Көрмеде ұсынылған бұйымдар осының дәлелі.
Экспозицияда ұсынылған барлық жұмыстар жоғарғы деңгейде орындалғандығымен және бірегейлігімен ерекшеленеді. Бұған таң қалудың қажеті жоқ, өйткені, әрбір шебер өзінше сиқыршы және өз қолымен нағыз кереметтерді жасап шығарады.
Алексей Мазнициннің фотосуреттері
< Prev | Next > |
---|