29 тамызда музей-қорық белгілі суретші-зергер және коллекционер Сержан Мұратұлы Бәшіровтың жеке топтамасынан тұратын қазақ халқының қолданбалы өнері туындыларының «Бабалар мұрасы – ұрпаққа қазына» («Наследие предков – достояние потомков») атты көрмесін ұсынады.
«ЮНЕСКО-ның сапа белгісі» сертификатының иегері Сержан Бәшіров – біздің жерлесіміз, ШҚО, Тарбағатай ауданының тумасы. Сержан Бәшіров ұзақ жылдар бойы Қазақстанның әр өңірі мен шетелдерге жасаған экспедициялары барысында қазақ дәстүрлі өнерінің мұраларын зерттей жүріп, топтама жасау үшін олардың стильдік және аймақтық ерекшеліктерінің технологиялары, бұйымның типологиясы, өрнектердің түрлері туралы материалдар жинастырды. Көрмеге келушілер назарына сондай-ақ, шебердің ой бірегейлігі мен биік көркемдікпен орындалған бірқатар авторлық жұмыстары ұсынылады.
М. Горький көшесінің 59 ғимаратындағы экспозицияда кілемдер, былғары мен ағаштан жасалған бұйымдар және зергерлік әшекейлер қойылған. Әсіресе XVIII ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы күміс әшекейлер, ХХ ғасырдың І жартысындағы түгі шығарылып және түксіз болып тоқылған қазақ кілемдері, 1890, 1908 жылдары жасалынған көне кебежелер (азық-түлік салатын ыдыс), сондай-ақ, ерлер мен әйелдердің белдіктері ерекше құндылыққа ие.
Келушілерге нақты артефактілерде жүзеге асқан тарихқа үңілу ерекше қызықты болары сөзсіз. Халық шеберлерінің өзіндік мәнерге толы бірегей өнері кім-кімді болсын палитрасы жағынан сан алуандығымен және биік деңгейде орындалуымен тәнті етеді. Ұсынылып отырған көрме ұлттық қолданбалы өнеріміздің сан алуан қырын паш етері сөзсіз.
< Prev | Next > |
---|