Татар қонысы. ХХ ғасырдың 50-ші жылдары
Дәстүрлі татар қонысы жобасына Қазан татарларының екіеңісті тақтай шатыры бар ағаш шеген үйі негіз болып алынған. Аула жақтағы сенектен кіретін қатар екі есіктің орналасуы және терезелерде қақпақтардың болмауы үйдің ерекшеліктеріне жатады.
Үй екі бөлмеден және салқын сенектен тұрады. Бір бөлме «қара үй» – әйелдер жағы, ал екінші «ақ үй» – қонақ бөлме. Әйелдер жағында ас әзірлеуге арналған қазаны бар пеш, ал қонақ бөлмеде – голландка пеш орнатылған.
Белорус қонысы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы
Бір біріне байланыссыз құрылыстары бар аула көрінісін береді:
- ұштары бұрыштарында шығыңқы қиюластырылып шегенделген, қапталдық жерқойма жапсары бар ағаш хата. Каморасы (қоймасы) бар сенектен және екі бөлмеден тұрады. Хатаның табаны тастаған. Төбесі екіеңісті етіп тақтаймен жабылған. Үйде екі: орыс және грубка пеші бар;
- төбесі жабық шаруашылық аула үш қора мен поветьтен тұрады.
Аулада «тырна» құдық орналасқан.
Украин қонысы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы
Өзара байланысы жоқ құрылыстары бар ауланың көрінісін береді. Хата ағаштан тұрғызылған, бөренелердің ұштары шығарыңқы етіп қиюластырылған. Жобасы («сенек арқылы екі хата») коморасы бар сенектен және екі бөлмеден тұрады. Хата аласа, таспа тәрізді іргетас үстіне тұрғызылған. Қабырғалары сырт және іш жағынан балшықпен сыланып, әктелген. Терезелері мен пеші өрнекпен безендірілген. Ғимараттың шатыржалды төбесі қамыспен жабылған. Шаруашылық құрылыс – поветь (малға арналған қора) қаша арқылы екі бөлікке бөлінген. Қабырғалары шарбақты, төбесі шатыржалды, бағаналарға тірелген, қамыспен жабылған.
Поляк қонысы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы
Өзара байланысы жоқ құрылыстар ауласының көрінісін береді. Ағаш үй, бөренелерден шегенделген, бұрышы шығыңқы. Қабырғалар табиғи тастан қаланған ірге үстіне тұрғызылған. Жабынқышпен шатырланған, жартылай шатыржалды. Үй үш тұрғын жайдан, асүйден, қоймадан және екі сенектен тұрады. Үйде екі: басты және ауладан кіретін қосымша есік бар. Ауладан сенек арқылы шатыр астына шығатын жер бар, онда шөп немесе астық сақталатын. Шаруашылық құрылыс (стодола) – шөп және шаруашылық мүкәммал сақтауға арналған қора.
Шешендердің тұрғын мұнарасы. XIV-XVII ғасырлар
Тұрғын үйдің осындай үлгісі Шешен Республикасының таулы аудандарына тән. Оның пайда болу себебі – өздерін өзі қорғау, қорғану қажеттігінен туындаған. Шешендердің тұрғын мұнарасы – бұл тастан қаланған, биіктігі 12 метр болатын көлемді үшқабатты құрылыс. Мұнараның бірінші қабаты (божал – қора) малға, астық сақтауға және жерқоймаларды орналастыруға арналған үйжай болып табылады. Екінші қабат – әйелдер бөлігі (зудари чё) – тағам әзірлеп, ас ішетін үйжай. Үшінші қабат – ерлер бөлігі (божари чё). Қабаттарға едендегі тар тесік арқылы ағаш баспалдақ қойып көтеріледі.
Армян қонысы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы
Шатыры жайпақ келген екіқабатты тас үй Арменияның таулы аудандарына тән. Бірінші қабатта қосалқы екі жеке үйжай: қысқа дайындалған азықты сақтауға арналған жертөле мен шарап қоймасы (гину-төле) орналасқан. Армян үйлеріне тән ерекшелік: екінші қабаттағы тұрғын бөлмелер бір бірінен оқшау орналасқан, оларға ашық балконнан кіреді. Бірінші бөлме – асхана (цасасэняк), екіншісі – жатын бөлме (нынджасеняк). Шаруашылыққа арналған екі үйжай – шеберхана (арэстаноц) мен мал қора (гом) үйге жапсарлас тұр.
.
Әзірбайжан қонысы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы
Тұрғын үйдің осы үлгісі Солтүстік Әзірбайжанға тән. Бір қабатты үй жайпақ тастан қаланған, жабынқышпен жапқан екі еңісті шатыры бар, ашық балкон (айнабэнд) мен төрт бөлмеден: шаруашылық (мэтбэхт), жатын (ятаг отагы), демалыс (истирахат отагы) және қонақ (гонак отагы) бөлмелерінен тұрады. Әзірбайжан қонысының ерекшелігі: тағам үйде емес, бөлек салынған жазғы асүйде әзірленген, оның тяндирге (балшықтан салынған пеш) арналған жаппасы және ас әзірлеуге арналған ашық ошағы бар.
Еврей үйі. ХХ ғасырдың бірінші жартысы
Үй шығыңқы іргетас үстіне тұрғызылған, 4 бөлмеден: салтанат, жатын, асүй мен бала бөлмелерінен тұрады, олардың есіктері анфиладалы түрде орналасқан. Бұл еврей үйі ерекшеліктерінің бірі. Салтанат бөлмесіндегі шығыс жақ қабырғада сыланбаған учаскенің болуы екінші ерекшелікке жатады, ол қираған Иерусалим храмын еске салады.
Төбесі алып-салынатын ашық тақтай веранда (куща) Суккот мерекесінде пайдаланылған. Үйдің түпкірдегі бөлігі үймен ортақ шатыр астындағы ашық галереяның көрінісін білдіреді.
Неміс қонысы. ХХ ғасыр ортасы
Барлық үйжайлардың бір шатыр астында орналастырылуы неміс қонысының ерекшелігі болып табылады. Қоныс тұрғын үйден, жерқоймасы, құдығы мен екі шаруашылық құрылысы бар төбесі жабық ауладан тұрады.
Неміс үйлерінің қаптал жағы көшеге қаратып салынған. Үйдің сырт жағы фахверк үлгісі бойынша безендірілген. Немістер Германияда үйлерін дәл осылай салған. Үй үш: салтанат, жатын, ас бөлмелері мен верандадан тұрған. Асүйде тамақ әзірлеуге және жылытуға арналған пеш бар. Салтанат бөлмесінде – голландка пеш.
Корей қонысы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы
Дәстүрлі корей үйі (ханок) табиғи материалдардан: ағаштан, тастан, балшықтан тұрғызылған. Жылу беретін бірегей жүйе (ондоль) тұрғын жайдың ерекшелігі болып табылады. Корейлер ши тоқыма немесе жұқа матрас төсеп, жылы ағаш еденде жатуды немесе отыруды ұнатқан. Сыртқы есіктері қосжармалы, жылжымалы. Ағаш терезелердің қақпақтары жоқ. Дәстүрлі шатырының шеті жоғарыға қарай қайқы болып келген, жабынқышпен жабылған. Үйде 3 тұрғын бөлме мен асүй бар, екі бөлменің ағаш террасаға шығатын есігі бар. Ауладағы құрылыстар: көлік құралдарын сақтауға арналған орынжай, қойма, қора, диірмен.
Ұйғыр қонысы. ХХ ғасырдың бірінші жартысы
Қоныс ерекшелігі: бір шатыр астында тұрғын жайлармен бірге шаруашылық құрылыстар – азық-түлікке, ұн мен астыққа арналған екі қойма (сан), үй керек-жарақтарына арналған қазанлық, мал ұстайтын екі қора (егил) мен пешке арналған үйжай (тону) орналастырылған. Салтанат бөлмесінде және асүйде (ашхана) тақтай еден, ал басқа бөлігінде – саз-балшық құйылған еден. Тұрғын бөлмелердің қабырғаларында қуыс (оюк) жасалған. Ұйғыр үйлерінің есіктері біржаппалы, қақпалары екіжармалы келеді. Жылу беру қондырғысы (кан) бүкіл тұрғын бөлмені жылытады. Пеш саз-балшықтан тұрғызылады немесе кірпіштен қаланады.
< Prev | Next > |
---|