Жұмыс сапарымен Өскемен қаласына келген Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының өкілдері музей-қорықта болып қайтты.
Бас консулдықтың мәдениет және туризм жөніндегі консулы Ван Цинпин айтқандай Қытай Халық Республикасының өкілдері Шығыс Қазақстанға өлкеміздегі түрлі ұйымдармен мәдениет, туризм саласында және басқа да салаларда байланыс орнатып, нығайту үшін келген екен. Екі күн бойы, 22 – 23 қазанда қонақтар музей-қорық экспозицияларымен танысты.
Олар Қ.Қайсенов көшесіндегі көрме залдарында, «Жастар» саябағы мен Солжағалық кешенде болды, Қытай императоры сарайын көріп қайтты. ҚХР Бас консулының орынбасары Го Синьцяо, мәдениет және туризм жөніндегі консул Ван Цинпин, ғылым және техника жөніндегі консул Ми Гуйсюн музей-қорық директоры Медет Нұрғалиевпен кездесті, кездесу барысында бұдан былайғы ынтымақтастық бағдарламасы белгіленді. «Музей-қорықта болғанымызда біз үлкен әсер алдық, - деді ҚХР Бас консулының орынбасары Го Синьцяо. - Осындай бай ресурстары бар сіздердің музей – бұл өзара тиімді байланыстар, мәдени айырбас орнату үшін өте жақсы негіз болып табылады».
Қазіргі кезде музей-қорық пен Қытайдың Бас консулдығы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасасу, сондай-ақ болашақта музей жанынан Қытай мәдени орталығын құру мүмкіндігі талқылануда. Таяу арадағы жоспарларда – көрме ұйымдастыру көзделуде, ол үшін ҚХР-дан келген қонақтар қазірдің өзінде музейге біраз нәрселер – фотосуреттер, кітаптар мен басқа бұйымдар берді.
Музей-қорықтың баспасөз қызметі
Сергей Суровтың фотосуреттері
< Prev | Next > |
---|