«Қазақтардың ХІХ – ХХ ғасырлар тоғысындағы отырықшылдық тұрақ жайлары» экспозициясы «Жастар» саябағында 4070 шаршы метр алаң аумағында орналасқан және ол қазақтардың қысқы тұрғын құрылыстарының пайда болуы мен дамуы туралы сыр шертеді. Мұнда отырықшылдық тұрғынжайдың 4 түрі ұсынылған:
- Дәулетті қазақ үйі
- Тас құрылыс «Тошала»
- Бесбұрышты ағаш құрылыс «Дүкен»
- Үшкамералы ағаш құрылыс «Қоржын үй»
Ертіс алабында тұратын қазақтар үйлерін қолда бар жергілікті материалдан: талдан, қамыстан, шымнан, шикі кірпіш пен саманнан, сондай-ақ тастан салған. Таулы және орманды аудандарда орыс үлгісіндегі ағаш шеген құрылыстар, сондай-ақ үш-екі бөлмелі «қоржын үйлер» болған Қазақтардың тұрғын жайлары мен түрлі шаруашылық құрылыстары көбінесе жайпақ келген ортақ шатыр астына салынып, оған бір есіктен кірген. Кейде тұрғынжайға бару үшін барлық шаруашылық құрылыстары арқылы жүріп өту керек еді. Осындай қысқы тұрғын жайлар көп жағдайда үш жағынан шаруашылық құрылыстармен қоршалып тұратын.
Кедейлердің үйлері шағын, бір бөлмелі, ішкі жиһаздары қарапайым келетін. Дәулетті және бай қазақтардың үйлері үш (және одан да көп) бөлмелі болып, екі, кейде тіпті үш пешпен жылытылатын.
Үй салған кезде құрылысшылар қазақтардың ескі дәстүрлерін білуі тиіс болып, олардан халықтық ырымдар мен тыйымдарды ескеру талап етілген.
Осылайша, ХХ ғасыр басына қарай Шығыс Қазақстан қазақтары отырықшылдық, немесе жартылай отырықшылдық тұрмыс жағдайына көшіп, олардың дәулетіне сай бір немесе бірнеше бөлмелерден тұратын үйлері мен тұрақты қыстаулары болған.
Мұражайдың ашық аспан астындағы экспозициясы келермендерді тұрғын құрылыстармен ғана емес, сонымен бірге үй жасауларының жиыстырылуымен де таныстырады, онда назарға ұлттық сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары кеңінен ұсынылған.
ХІХ ғ. соңы-ХХ ғ. басы
Ол екіеңісті жайпақ төбесі, тақтай едені, шыныланған кәсекті терезелері бар тікбұрышты отырықшылдық үй. Тұрғын үйге тошала жапсарлас тұр. Осындай үйлер ағаштан, тастан, шикі кірпіштен, яғни отырықшылдық тұрақжай салынатын жерде жеткілікті болатын материалдан тұрғызылатын.
Тошала
Қазақтардың отырықшылдық тұрақ жайларының бірі – киіз үй тәріздес құрылыс. Киіз үй үлгісінде салынған, яғни төбесі конус тәрізді цилиндр түріндегі құрылыс. Шығыс Қазақстанда оны тошала деп атайтын, бұл үлгі қысқы тұрақ жай кешенінде ұзақ сақталып қалған, бірақ ХІХ ғасырдың ІІ жартысында ол ас үй және қойма немесе батырақтар тұрағы ретінде пайдаланылған.
Тошаланың қабырғаларын шым кесектерінен, шарбақтан тұрғызып, тастан қалаған. Жоғарыда төбенің ортасында саңылау қалдырылатын, оған киіз жауып қоятын.
Дүкен
ХІХ ғасыр соңында – ХХ ғасыр басында алтай қыстауларында пайда болған бесбұрышты бөрене үй. Оны қазақтар алтайлықтардан үлгі етіп алған. 4-6 бұрышты бөрене үйді алтайлықтар «айыл ағаш» деп атаған, кейде қазақтар да осы атауды қолданған.
Қазақстанның солтүстік-шығысын мекендеген халықта ХІХ ғасырдың соңында бесбұрышты ағаш құрылыстарды қысқы тұрғынжай ретінде пайдалану дәстүрі болған. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына таман дүкен тек жазғы тұрғынжай ретінде ғана пайдаланылған.
ХІХ ғасыр соңы – ХХ ғасыр басы
Үш бөлікті ағаш үй, тұрғын бөлмелері қарсы орналасқан, олар өзара сенек арқылы қосылған. Қарама-қарсы екі қалтасы бар қазақ қоржынына ұқсас болғандықтан бұл үйге осындай атау берілген.
Ағаш үйлер ХІХ ғасыр соңында – ХХ ғасыр басында көп салына бастады, әсіресе таулы және орманды аудандарда, атап айтқанда Катонқарағай ауданында кеңінен тараған. 1900 жылғы деректер бойынша Өскемен уезінде 4091 ағаш үй, Семей уезінде – 6775, Зайсанда – 1608 ағаш болған.
Осындай үйдің құрылысында «құлыпқа» немесе «тостағанға» қиюластыру техникасы басым қолданылған. Топырақпен жабылған төбесі жайдақ немесе жайпақ екіеңісті болып келетін. Тек халықтың ауқатты бөлігі ғана төбені екіеңісті тақтай шатырмен шатырлаған.
Мор
Киіз үй сүйектерін: уықтарды, сағанақтарды балқытуға арналған пеш. Құрылысы бойынша пеш қарапайым келген. Жер бетінен шұңқыр қазылады, ол түтін шығатын тік мұржасы бар жабық тікбұрышты ошаққа ұласады. Пеш жақсылап қыздырылаған. Жеткілікті мөлшерде қоламтасы бар көмір жиналған кезде түтін шығатын мұржаға уыққа арналған сырықтар мен керегелік шыбықтар салынған. Аз-аздап отын тастау арқылы пештегі қызу ұзақ ұсталып тұратын. Жеткілікті түрде балқытылған дайындамалар тезде түзетіліп, тиісті жерлері иілетін. Киіз үй сүйектерін тесу үшін үскі қолданылған. Бұл станоктар қыстаудағы қоныста қалқан астына орналасқан шеберханада қойылған. Осы жерде, сондай-ақ жұмыс үстелі, құрал-саймандар салатын жәшік тұратын, өңделмеген сүректер жататын, қолөнершілердің өздері арнайы дайындаған ағаш көмір де осы жерге үйілетін. Мұндай шеберханадағы жұмыс маусымдық болып келетін.
Next > |
---|