2010 ж. желтоқсанда – 2011 ж. қаңтарда М.Горький көшесі, 59 мекенжайындағы мұражай-қорық ғимаратында «Шығыс Қазақстан қазақтарының ХІХ ғасырдағы-ХХ ғасыр басындағы мемориалдық сәулетшілігі» атты фотокөрме жұмыс істеді.
ҚазҚСБА профессоры, сәулет докторы Ескендір Бәйтеновтің басшылығымен Республикалық «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жүргізілген ғылыми-зерттеу экспедицияларының материалдары «Шығыс Қазақстан қазақтарының ХІХ ғасырдағы – ХХ ғасыр басындағы мемориалдық сәлетшілігі» фотокөрмесінің негізіне алынды. Экспозицияда ШҚО-ның Аягөз, Зайсан, Тарбағатай және Ұлан аудандарындағы жиырма ескерткіштің фотосуреттері назарға ұсынылған.
Көшпенді қоғамда риза ұрпақтың ата-бабаларының даңқын асқақ тұтып, мәңгі есте қалдыру идеясы ұлы парыз деп есептелген еді. Исламның таралуына байланысты Шығыс Қазақстанда кесене салуға ерекше маңыз беріле бастады. Оларды халық арасында әйгілі және ерекше құрметтелген адамдардың қабірлерінің үстіне тұрғызу дәстүрге айналды. Жинақылық пен ықшамдылық мемориалдық ескерткіштердің сәулетіне тән ерекшеліктер болып табылатын. Сәулетшілер құрылыстың негізгі формасының пластикасын жетілдіруге ұмтылған, қажет болған жағдайда ғана сәндеуге, негізінде мәнерлеп қалауға тырысып, оған өте байсалдылықпен келген. Шығыс Қазақстанның халықтық мемориалдық сәулетшілігінде тек шикі кірпіш пайдаланылған, мұның өзі аймаққа тән ерекшелік болып табылады. Көрмеде назарға ұсынылған ескерткіштер шикі кірпіш қолданылған сәулеттің тамаша үлгілері екені даусыз.
Қазақстандағы шикі кірпіштен салынған ең биік мемориалдық құрылыс – Балтабек қажының кесенесі. Сарышолақ пен Омардың кесенелері көпкамералық композициялардың тағы бір нұсқалары ретінде үлкен қызығушылық туғызары сөзсіз. Боқбасар би құрылысы – дөңгелек күмбезді қоршаудың таңдаулы нұсқаларының бірі.
Қазіргі кезде Шығыс Қазақстанда қаптама ретінде күйдірілген кірпіш қолданылған екі кесене ғана белгілі, олар – Зейнолла күмбезі мен Мұхамеджан кесенесі.
Зайсан көлі, Тарбағатай сілемдері аудандарында және Алтай бөктерлеріне қарай жайпақ пирамидалық сегізқырлы күмбез түріндегі ағаш кесене кең тараған, олардың ағаш бағанадан сегіз тіреуі және қадаулар түріндегі қоршауы болған (Апрым кесенесі және т.б.). Тарбағатай тауының сілемдерінде (Дондағұл кесенесі), Марқакөл көлі ауданында (Мырзабай, Күлеке сай) бірінің үстіне бірін қойған бөренелерден тұрғызылған көпқырлы кесененің басқа үлгісі анықталды, ол міндетті түрде күмбезделген, кейде әсем оймалы сүйірбаспен аяқталған.
Қозы Көрпеш – Баян Сұлу мазарының ертеортағасырлық сәулет үлгісі ретіндегі алатын орны ерекше.
Қазақтардың мәдени өмірі мен діни ұғымдарында ата-тегінің шежіресін білу маңызды орын алады. Бүгінде, көптеген кесенелердің ұмыт болғанына қарамастан, ата-бабаларының бейіттеріне көңіл бөлу үрдісігің барған сайын арта түскені сөзсіз – бұл маңызды да жағымды құбылыс, мұнда өткенді ізет тұту дәстүрлерін қайта жаңғыртумен қатар оның көпғасырлық тарихы және даму болашағы бар.
< Предыдущая | Следующая > |
---|