Музей-қорықта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шығыс Қазақстан облысы қолөнершілері Ресурстық орталығының құрылғанына 10 жыл толуына арналған «Ұлы дала мұрасы» атты көрме ашылды.
Көрменің ашылу салтанатына облысымыздың бірқатар қалалары мен аудандарының шеберлері келді. Жиналғандарды мерейтоймен құттықтаған музей директоры Медет Нұрғалиев аталған 10 жыл ішінде қолөнершілер айтарлықтай табыстарға қол жеткізгенін атап өтті. Оған «Ұлы дала мұрасы» атты осынау көрме нақты дәлел бола алады. Ал музей директорының көрме-экспозициялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Е. Рахматулина көрменің сан қырлы жоспарларын тілге тиек етті. Аталған көрмеде облыстың әр ауданынан келген 50-ден астам шебер өздерінің әртүрлі техника мен жанрда орындаған еңбектерін көпшілік назарына ұсынды.
Халықтық және сәндік-қолданбалы өнер бөлімі іс-шараның мерекелік көңіл-күйде және айта қаларлықтай болып өтуіне ерекше күш салды. Бөлім меңгерушісі Райса Мұхамеджанова Қазақстан Қолөнершілері одағының төрайымы Айжан Бекқұлованың алғысхатын оқыды. Музей-қорықтың тұңғыш директоры Николай Зайцевтің қолөнершілердің Ресурстық орталығын құруға қосқан үлесі ерекше аталып өтіп, оған ҚРО-ның Алғысхаты табыс етілді. «Қолөнершілікті дамытуға қосқан көп жылғы үлесі үшін» ШҚО ҚРО-ның үйлестірушісі Райса Мұхамеджанова Қазақстан Қолөнершілері одағының алғысхатына ие болды. «ШҚО мәдениет, архивтер, спорт және ақпарат қызметкерлері локальді кәсіподағының» төрайымы Нұржәзи Қалиева, «Айша Бибі» халық ансамблінің жетекшісі, ҚРО-ның Семей қаласындағы филиалының үйлестірушісі Айман Боқпасарова, көрмеге қатысушы басқа да шеберлер Ресурстық орталық пен музейді мерейтойларымен құттықтады. Құттықтаулар қаладағы шығармашылық ұжымдардың концерттік номерлерімен көркемделіп отырды.
Көрме залдарында (Қ.Қайсенов көшесі, 67) екі жүзден астам жұмыс қойылған. Олар – қазақтың «бізкестемен» көркемделіп, киізден басылған кілемдері мен кілем-тұскиіздері, тоқылмаған гобелен техникасында орындалған паннолар, оның ішінде ағаш пен балшықтан жасалған сан түрлі кәдесыйлар және теріден жасалған зергерлік әшекейлер. Экспозицияға қатысушы, Шүлбі кентіндегі орта мектептің оқытушысы Әсет Қуандықов: «Бұл жерде тек көріп қана қоймай, сонымен қатар үйренуге тұратын және өз тәжірибеңмен бөлісуге болатын мүмкіндік ерекше екеніне көз жеткіздім» деген ойымен бөлісті. – «Ұлы дала мұрасы» -– көп адамдар үшін үлкен жаңалық».
Музей-қорықтың баспасөз қызметі.
Суреттерді түсірген Алексей Мазницын мен Сергей Суров
< Предыдущая | Следующая > |
---|